Жолда (әңгіме)

Жолда (әңгіме)
Фото: voxpopuli.kz

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы—2015» байқауына қатысуға ниет білдірген Сетеш Саламаттың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

Жол жүріп келемін. Құрғыр екі сағат өтпей-ақ қойды. Ұйқы келмегесін, машина терезесіне көз тастап, ойға шомылдым. Шіркін, қиял деген қанатты пырақ іспеттес сені қия-қияға, тау-тауға апарып, бір көңіліңді серпілтіп тастайды емес пе?! Қиялдың шыңырауына шығып бара жатқаныңда өткеннің елесі артыңнан тартқылай келіп, селт еткізеді. Өткеннің бақытты сәтінен қарағанда орны толмас өкініштер мен әттегенайлары жиі ойға оралып жатады.

Сол бір жазғы оқиғаны есіме түсірсем, күні кеше болғандай көзімнен жасты еріксіз мөлтілдетіп кеп жібереді.

Міне, жаз айының бас кезі, ауланы сыпырып, жинастырып жатқанымда анамның мені шақырғанын естіп, үйге дереу келсем, анам ананы-мынаны сөмкеге салып, дереу киінуімді өтініп, кететінімді айтты. Қалада тұратын ағамнан қоңырау келіп, мені шақыртыпты. Әрине, қуанышымда шек жоқ, мен үшін жаз бойы үйде жүре бергеннен қалаға ағамның үйіне барып, туыстарымды көріп қайту көңілдірек еді. 

Көп ұзамай, зуылдаған көлікпен ағамның үйіне де жеттім. Жеңгем мені қарсы алып, шай қойып бәйек болып жүр. Қуаныш үстіне қуаныш болғандай, ағамның мені 10 күндік курсқа жазып қойғанын естідім. Шынымды айтсам, қандай курс, не үйренетінім жайлы ағамнан сұрамаппын, үйлерін көріп, қызықтап жүріп сұрауға да уақытым болмады. Таң атысымен ерте тұрып, жанымнан тастамайтын кітаптарымды сөмкеме салып, шайымды ішіп, ағаммен бірге курс болатын жерге келдік. Бұл ғимараттың сыртында үлкен етіліп «Кітапхана» деп жазылып тұр екен. Ішіне кірісімен ағам маған мән-жайды түсіндіріп, 14 кабинетке баруымды сұрап, жұмысына кешігіп қалмас үшін тездетіп кетіп қалды. Ағамның айтуынша бұл жерде әр кітапқа сипаттама беріп, ортаға салып талқылайды екенбіз. Мен 14 кабинетті ары іздесем де, бері іздесем де таба алмай қойдым. Өзімді үлкен орманда адасқан кішкентай жәндік сияқты сезініп кеттім. Жан-жағыма жалтақтай қарап, біреу кездесер ме деген үмітпен келе жатырмын. Бір кезде артымнан алып-ұшып жүгіре біреу қатарласа кетті. Өзі менің қасыма келісімен үсті-басын түзеп, бағанағы алқын-жұлқынын лезде басып, қара маймен жарқыратып отырып майлаған туфлиін «көрдің бе?» дегендей тық-тық маңғаздана басып, қасымнан өте берді. Мен де меңіреу адамша аңқиып, орнымда қақшиып оған қарап қалыппын. Ол ұзай бере мен де артынан ілесе кеттім. Ол біраз жүргеннен соң тоқтап:

- Сен, көлеңкемісің? - деді маған. Екі жаныма қарап, басымды шайқадым.

- Мені аңдып жүрмісің?

Тағы үнсізбін. Ішімнен «мен сені аңдып не істеймін, өзі сәл бүртірлілеу ма, қалай?» деп ойладым.

- Өзің сөйлей алушы ма едің? Жарайды, егер мені аңдымасаң, алдыма түс те өзің жүр! - деп дүрсе қойды. Мен еш тіл қатпастан жүре бердім. Мен алдыда, ол артымда келе жатыр. Өмірімде бейтаныс адамнан мұндай сөз естімеппін. Қайда жүретінімді білмедім, іштей қысылып, тіпті, жылап жіберуге сәл қалғанымда алдымнан 14 кабинеттің шыға келмесі бар ма?! Дәл бір, шөлде келе жатып су тапқандай мәз болып, ішіне кіре жөнелдім. Айнала тыныш, дөңгелекше сопақ келген үстелде айнала отырған балалар. Әрбір қолда бір кітап. Мұғалім жоқ-ау, сірә, деп жорамалдадым. Ешкім маған көңіл аударған жоқ. Ақырын бір орынға жайғасып, өзім ауылдан алып келген «Жабайы алма» кітабын алып шығып, беттерін парақтап, оқылмай қалған жерінен жалғастыра бастадым. Мен кітапты оқи бере, есіктен бағанағы бала кірді, бәріне мұрнының үстімен қарап, ол да бір орынға жайғасты. Қарап отырсам бәрі тыныш қана кітап оқып отыр. Біздің ауылда болса, баяғыда апайдың жоқтығын пайдаланып, алыс-жұлыс боп ойнайтын шығар. Бірінші сол сотқар Бәкежан бастайды ғой. Жо-жо-жоқ, Сәкен бастайтын шығар. Бұларға бір Бәкежанды әкелсең болып береді. Баяғыда бұл жердің шаңы аспанға ұшар еді. Міне, есік ашылып, шашын мойын тұсына таман кескен, жүзі жұмсақ, қасы қалың, еріні жіңішке, жасы шамамен отыздарда бір апай кірді. Қарасам, мен ғана орнымнан ұшып тұрыппын. Бағанағы бала ғана мені масқаралай, мырс күлді. Апай мені қасына ақырын ымдап шақырып алды. Біраз өзім жайлы сұрақтар қойып, қайта орныма жіберді. Сәлден соң қаламын үстелге тықылдата балалардың назарын өзіне аударды. Бәрі кітаптарынан басын көтеріп, мұғалім апайға бет бұрды.

- Оқушылар, біздің тобымызға жаңадан бала қосылыпты. Аты - Салима - деп мені нұсқады. Мен сасқанымнан орнымнан тұрдым.

- Салимажан, бұнда мектептегідей емес, өзіңді еркін ұста, - деп басқа балаларға қарады да:

- Балалар, ал енді өздеріңіді таныстырыңдар! Сабыр сен баста, - деп Сабырға қарады. Сабыр томаға тұйық бала екен, сөзін де кімілжіктей әрең айтты. Одан әрі Сабырдан кейін жайғасқан бір қыздың аты Ажар екен. Осылай жалғаса өздерін таныстырды. Ең соңында мені келекелеген балаға кезек келді.

- Менің есімім Абай Құнанбаев атамдікіндей Абай - деп аузын толтыра, А әріпін ерекше созды. Ішімнен оны жақтыртпасам да, өтіпік жымиып қарап тұрдым. Ол отыра бере манағы апай:

- Менің есімім Қанипа. Мені жай апай деп атай беруіңе рұқсат, - деп тамағын бір кіжініп алып:

- Ал, балалар, кім қандай кітап оқып жатыр? Бүгін қандай әңгімені сөз қыламыз? - дей бере Сайра деген қара торы қыз тап апайдың сол сөзін күтіп отырғандай:

- Мен... - деп бастай бере, апай сөзін бөліп:

- Сайратай-ау кеше ғана сенің оқыған кітабыңды сөз қылдық емес пе? Енді басқалар да айтсын. Қане, Абай сен не оқып жүрсің? - деп көзін Абайға тастады.

- Мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқып жүрмін.

- Қарасам бірінші томын оқып жүр екенсің. Қай жеріне келдің? Оқыған жеріне дейінгі әсерің қандай? Абай туралы не айтар ең? - деп сұрақты апай арты-артынан қойды.

- Мен Абайдың бала кезінде ауырып қалатын жеріне келдім. Қазірше алған әсерім, Абайдың зеректігі, оның ауылға асығуынан ауылға сағынышын түсіндім. Ал Абай өмірбаянын айтатын болсам...

- Жоқ, тоқта, оны бәріміз білеміз. Маған Абайдың саған немесе сенің Абайға бір ұқсастықтарың бар ма? Соны айтшы.

- Менің есімім Абай болғанымен, мен Абайдаймын деп айта алмаймын, бірақ "Болмасаңда ұқсап бақ" деп Абай атамның өзінің айтқаны бар емес пе?! Мен Абай атамды пір тұтамын.

Мен бұны Мен Абайдай зерекпін, ұлымын деп айтама десем, мен ойлағаннан мүлдем басқаша сөйледі ғой. Дегенмен, айтқандары маған ұнады.

Әрі қарай апай сұрақ қойып, бәріміз жауап беріп, сабақтың қалай өткенін білмей қалыппын.

- Сабағымыз мәресіне жетті. Ал, балалар, қалып кітап оқып отырамын дейтіндерің қалыңдар, үйге қайтам дейтіндерің өз еріктеріңде, сауболыңдар! - деп апай бәрімізге күлімсірей терезе жақтағы өз орнына жайғасты. Мен қалам ба? Қалмаймын ба? Ағам он екі жарымда алып кетем деген, қазір он бір енді болды. Жарайды, отыра берейін деп шештім. Кітапбымды алдып оқи бердім. Балалардың көбі кетіп қалды. Тек Абай ғана отыр. Ол неге кетпей отыр екен? Апайға жақсы көріну үшін шығар. Ой, қойшы, өзі білсін. Әй, қарап тұрсам өзі қыр мұрынды екен, хым маңдайына кекіл түсіріп қойыпты. Өзінің кітапты беріліп оқып отырғанын қарашы, қолының бар саусағымен басып алып, екі қасы бір-біріне тиердей болып, кірпік қақпай оқып отыр. Ой, құдайым, не деп кеттім, кітабымды оқиын. Сәлден соң ағам келіп алып кетті. Бірақ, Абай әлі отыр.

Таң бозынан шайымды шала-пұла ішіп, ағамды асықтырдым-ау келіп. Кітапханаға кіре, 14 кабинетке қуанышы басым қобалжумен асығамын. Кіріп орныма жайғасып, уақыт зымырай өтіп, сабақ аяқталғаннан кейін, Абай екеуіміз ғана қалдық. Апай телефонмен сойлесіп шығып кетті. Абай кітаптан басын көтеріп, менің кітабыма қарады да:

- Сен қандай кітап оқып жүрсің? - деді.

- «Жабайы алма» Сайын Мұратбеков –деп тіл қаттым.

-М.м.м жақсы екен. Сен нешінші сынып оқисың?

Осылайша, әңгімеміз жарасып, ағам алып кеткенге дейін сөйлестік...

Тағы да, әдеттегідей, сабаққа келіп, сабақта Абай екеуіміз жарыса жауап беріп, сабақ соңында бірге қалдық. Ол маған өзінің сыныбы жайлы айтып берді, ал мен оған айтып бердім. Осылай сабақтан кейінгі уақыт маған өте қызықты болды.

Күндерім бірінен соң бірі өтуде. Абай екеуіміз жақсы дос болып кеттік. Оны алғашында мақтаншақ, өзімшіл, таккаппар деп ойлаушы едім. Ойым мүлде өзгерді, адамды бір көргеннен том пішіп айта салуға болмайды екен. Жан дүниесін түсінген соң, тіпті жақсы көріп кеттім. Екеуіміз күнде сабақтан соң әңгіме дүкен құратынбыз, кейде кітапхана ішін аралайтынбыз. Абай мен үшін ең жақын адамым болып кетті.

Міне, дәлізді бойлай курстың жетінші сабағына қатысқалы отырмын. Кабинеттің есігін ақырын итеріп, ішіне ендім. Абайды іздеп айналаны көзіммен шолып едім, ол әлі келе қоймапты. Сабақтың ортасына таяп, тіпті, бітіпте қалды, Абай жоқ. Көңілім құлазып, онсыз осы сабаққа көңілім де соқпады. Сабақ аяқталып балалар соңында мен қалдым.

Таңертең тұрып, ағам мені әдетінше жеткізіп тастады. 14 кабинетке кіріп, жайғасып отырдым. Бәрі кітабын оқып отырған шақ болатын. Есікті ақырын ашып, біреу кіріп келді. Мен сәл көзімнің қиығымен қарадым. Өз көзіме өзім сене алар емеспін Абай екен. Өңі қуарған, тіпті, жүдеп қу сүйегі қалыпты. Алғашында Абайды көріп тұнжыраған жүрегіме сәуле шашқандай болып еді, енді Абайдың мына күйін көріп баз баяғы қалпына қайта түсті. Абай орнына барып кітабын оқи бастады. Сабақ барысында белсенді Абай бүгін мүлдем қатысқан жоқ. Ауырған ғой деймін, содан шығар. Тағы екеуіміз сабақ соңында қалдық. Ол орнынан сәл көтеріліп, менің қасыма жайғасты.

- Амансыңба? Салима? - деп амансың ба сөзінен менің есімімді сұрау түрде айтты.

- Жақсы, өзің жақсысың ба? Өңің жүдеу екен, ауырып қалдың ба? Кеше неге келмедің? - дедім

- Жай, ауырып қалдым. Бүгін осында соңғы сабағым - деді. Арқамнан бір суық тер бұрқ ете қалды.

- Шынымен бе? Неге? - дауысым дірілдей шықты.

- Ауруханаға жатуым керек. Мен ауруханаға жатсам мен шыққанша сен ауылыңа қайтып кетесің ғой. Сол үшін бүгін сені көріп кетейін деп, - көріп кетейін деп деген сөзін міңгірлей көзін төмен салып айтты.

- Өкінішті-ақ, - деп мен мұңайдым.

- Мұңайма, жазда осы курсқа келіп тұр. Мен де келемін, - деді. Менің дауысым жарқын-жарқын шығып:

- Жарайды, мен де келесі жазда осында келемін. Сенде келесің ғой. Уәдеме? - деп жүзіне қарадым.

- Иә, иә, уәде - деп сәл жымиды. Сәл уақыттан кейін, бір аға мен апай келіп мұғаліммен сөйлесіп, Абайды алып кетті. Сірә, аке-шешесі-ау деймін. Абай маған қолын бұлғады да, жымиып кете барды. Жүрегім құлазып, өмірде жалғыз қалғандай күйде болдым. Енді көрмеймін бе? Ол енді келмей ме? Ауырмайтын кезде ауырып тегі ол да. Жә, жә, қойшы, келер жазда тағы келем деп уәде етті ғой. Тағы көрермін. О, құдайым, келер жазға дейін қаншама уақыт бар, оны сағынамын ғой.

Бұрынғыдай ол жерге баруға ерекше талпынысым жоғалғандай. Дәлізден өткен сайын Абай артымнан жүгіріп келердей бұрылып қараймын. Сабақ соңында қалған сайын Абаймен шүіркелесіп уақыттың тез өткеніне налитынмын. Енді, тіпті, уақыт тоқтап қалғандай жүрмейді. Абай мені есіне алды ма екен деп ойлап қоямын.

Күн мен ай жарыса алмасып, уақыт та өз кезегімен өтіп, бүгін соңғы сабаққа қатысуға бара жатырмын. Кітапханаға кірер алдында «Кітапхана» сөзін буынға бөліп, қайта-қайта оқып, қош бол айтып жатырмын. Дәлізден жүріп, ішімнен ащы қышқылтың болып «Қошбол, Абай» деймін. 14 кабинетке кіріп, әрбір оқушыға қарап қоштасып отырмын. Бірде, есікті алқын-жұлқын аша, ентігін баса алмай мұғалім апай кірді.

- Балалар, сендерге айтар жаман хабарым бар. Жаңа естідім, Абай ауруханада ауыр халде. Бәріміз Абайға барып, демеу болайық.

Апайдың сөзін жарым жартылай естіп, құдды төбеме жай түсіп кеткендей, қос аяғым дірілдеп тұрып қалдым. Барымыз апаймен ауруханаға алып-ұшып жеттік. Екінші қабатқа көтеріліп, Абай жатқан бөлмеге асықтық. Бөлме ішінде бір төсекке үймелей жиналған дәрігерлер. Аурухана дәлізінде Абайдың ата-анасы. Абайдың қатерлі ісікпен ауырып жүргенін біз жаңа естідік. Қорқынышты түс көріп жүргендеймін. Тек жаратушыдан досымның амандығын тілей бердім. Анасы байқұс егіліп жылап отыр, әкесі анасына демеу болғысы келіп көзінен жас шығармауға тырысады. Бірақ ет жүрегі езіліп тұрғаны анық.

Ағам мені ауруханадан алып кетті. Үйге келген соң, жатын бөлмеге жатып алдым. Ағам шайға шақырмақ болып еді, өтірік ұйықтап жатқандай кейіп таныттым. Ағам мен жеңгем ас үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр.

- Байқұс, баланың ауруы жаман екен тегі, халі нашар, - деп ағам жеңгеме осы әңгімені бастай бере құлағымды түре қалдым.

- Кішкентай балада ісі несі, қазір не болмайды дейсің.

- Иә, Сәлиманы ертең онда жібермеші, шаршап өңі бозарып кетіпті.

- Иә, ертең жібермеймін.

Таңертең ерте тұрып, ағама сонда апаруын өтіндім. Ағам қарсы болса да, қоярда қоймай көндірдім. Ауруханаға басқа бір-екі балаларда келіпті. Абайды кеше жансақтау бөліміне көшірген екен. Оның дәл қазір өліммен арпалысып жатқанын ойласам, жүрегім одан бетер үрейленеді. Отырып алып, Абайды ойлай бастадым, алғаш көрген сәтімді ойлап жымия бастасам қазіргі жайын ойлап, тіпті, күрсініп, көңілім ауырады. Қол бұлғаған сәті көз алдыма елестей береді. Өмір осыншама әділетсіз болар ма?!Өзіммен қатарлас дан досым санаулы-ақ жыл өмір сүре ме? Ажалдың құшағына жас сәби де, жасы келген кәрі де мезгілі келсе енеді екен ғой. Абай-ау, сен маған келер жазда келем деп уәде бергенсің, уәдеңді орындамай сен бұл өмірден өтпейсің! Қане, сен Абай атамыздай мықтысың, бұл қиындықты жеңесің! Мені бұл жаман түстен құтқаршы. Мені, достарыңды, ата-анаңды тастап кетпеші. Бар жоғы бір апта ішінде өзіңе қалай бауыр басып қалдым десеңші, өзіңмен көп жыл дос болып жүргендейсің. Адам өзінің ертеңін ешқашан болжап біле алмайды екен. Сендей ақылды, парасатты жандар ұзақ жасауы тиіс. Осы кезде Абайдың анасының ащы дауысынан селт еттім. Бөлме есігінен ақ матамен үсті жабылған жансыз Абай денесін алып шықты. Барлығы көз жастарын сығымдап жылап жатыр. Ал мен сенер сенбесімді білмей, жүрегім кеудемді тесердей болып, қос қолыммен аузымды жауып, тұрдым да қалдым. Жүрегімді бір тылсым күш тырналап жатқандай. Абай жүзі санамнан өшер емес. Дүние астаң-кестең болып кеткендей. Абайым жоқ, ол өлді деп санам айқайлап тұрса да, жүрегім өлмеді деп мойындар емес. Мені ағам келіп алып кетті. Үйге келіп, дереу төсекке көрпені басыма дейін жауып, жатып алдым. Абай өлімі маған ауыр тиді. Тіпті, жас өлім екендігі адамды одан әрі өкіндіреді. Дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, жанынан бөліп шығарған анасының жайы тіптен ауыр. Өзінен бұрын баласының солып қалуы әкеге қайғы. Бес-алты күн бірге жүрген мен осынша қиналғанда, кішкентайынан тәтті қылығына куә болып, қазірге дейін өсірген баласынан бір сәтте айрылған ата-анасына мүлдем қиын, орны толмас өкініш. Абайдың сол бір күндердегі елесі жүрегімде өшпестей болып қала берді.

Абайдың жерлеуіне ағам кешегі күйімді көріп апармады. Дереу мені ауылға қайтарды. Жол бойы Абайды ойлап келдім. Ұзақ уақыт бойы оны ойлаумен болдым. Үйдегілер де, достарым да томаға тұйық болып кеткенімді айтты. Осы жайттан кейін өлімді жиі еске аламын, ешкімді ренжітпеуге, біреуге қиянат жасамауды өзіме парыз санаймын. Дегенмен, уақыт емші екен, өмірдің күйбең тіршілігімен ұмытып та кетесің. Бірақ, оның орны дәл жүрегімнің түкпірінде. Санам ұмытқанымен, жүрегімде өшпес таңба болып тұр.

Міне, екі сағаттық уақытым өткенді еске алумен өтті. Межелі жеріме жеттім.

Құрметті оқырмандар, осымен байқауға еңбек қабылдау уақыты аяқталды. Өкінішке орай, бұдан кейінгі жұмыстар фестивальге қатыса алмайды.  

Қ. Бүйенбай