Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
Фото: massaget.kz

Адамның адамдығы жақсы ұстаздан болады
Абай

Мың ғасыр өтсе де ұстаз деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, кез келген қоғам ұстаздың шапағатына зәру. Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен мейірім жатқанын байқай бермейміз. “Ұстаздан шәкірт озар” дейміз. Жөн сөз. Алайда шәкірт ұстазға рухани тағзым еткенде ғана оздым дей алады. Бұл біз ойлағандай білім, не мансап бәйгесі емес, одан да биік дүние.

Сөзіміз жай сөз болмасын. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Сөгеті елді мекенінде ұстаздар күні қарсаңында Ораз Жандосов атындағы орта мектепте салтанатты жиын әрі жаңа сыныптың тұсаукесер рәсімі өтті. Мұның барлығы ғұмырының 42 жылын ұстаздыққа арнаған Тәлей Нұрғайыпұлының құрметіне.

Ардагер ұстаз, бүгінде зейнеткер Нұрғайыпов Тәлей Нұрғайыпұлы жұбайы, ағылшын тілі пәнінің ұстазы Гүлзат Жақсылыққызымен 

1976 жылдан бері ұлағатты ұстаз бола білген Тәлей мырза білім беру жүйесіне де өз үлесін қосқан ардагер математик. Біраз жыл облыстық, аудандық тексеру комиссиясының құрамында болды, мектеп директорның оқу ісі бойынша бірінші орынбасары қызметін атқарып, оқу-әдістеме саласының үздігі атанды. Өз ісіне адал, кәсіби кемелдікке ұмтылған жан еш уақыт еленбей қалмайды. Тәлей Нұрғайыпұлы "Ы.Алтынсарин" төсбелгісінің, "Генерал Сабыр Рақымов" және "Ел ардақтысы" медальдарының иегері. Осындай еңбек пен тәлімді ту еткен ардагер ұстаз шәкірттерінің озат болмауға хақы жоқ.

Ескендір Зұлқарнайын: "Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель", – десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеген екен. Мұндай сабақтастық қай уақытта да болған. Тәлей ұстаз да бойына өнеге дарытқан шәкірттерден кенде емес. Соның бірі – Сүлеймен Демирел Университетінің құқық мамандығы жетекшісі Айдын Аманғожаев.

Тәлей Нұрғайыпұлының шәкірті Айдын Аманғожаев

Тәлей Нұрғайыпұлының биязы, сабырлы ұстаздық болмысы әсер еткен болуы керек, шәкірті Айдын мырза да бүгінде ұстаз ізін жалғаған білікті маман. Ұстаздар күні қарсаңында Тәлей ұстаз құрметіне Айдын мырза өзі оқыған мектепте математика кабинетін ашып, шәкірттік парыздың келісті үлгісін көрсетті. Жаңа кабинеттің барлық жабдығы мен заманауи талапқа сай етіп жасалуын қамтамасыз еткен Айдын Аманғожаев ұстазын мерекесімен құттықтап, мектепте салтанатты жиын ұйымдастырды. 

Аталмыш маңызды шараға Қазақстан ҰҒА-ның академигі, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев те қатысып, мерейі үстем болған Тәлей Нұрғайыпұлы мен барша ұстаздар қауымын құттықтады. 

Асқар Жұмаділдаев оқушылармен сұхбат барысында

Алматыдан қазақтың академигі келгені бүкіл оқушы-ұстаз үшін қуанышты жағдай болды. Асқар Серқұлұлы оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, өмірлік тәжірибесі, көрген білгенін ортаға салды.

"Бұл мекен жай ғана малшылар немесе құсбегілер шығаратын ауыл емес. Мен сенемін, зерек шәкірттері мен білімді ұстаздары барда бұл ауыл математиктер ауылына айналады", – деп ақ патша сенімін білдірді академик. 

Салтанатты шарада Сүлеймен Демирел Университеті заң факультетінің деканы, доктор Марат Ахмади, Ораз Жандосов мектебінің директоры Ысқақ Салманов, Нұра ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Мәукен Әсенұлы ұстаздар қауымын құттықтап, ақ тілегін жаудырды. Жиын соңында қонақтар салтанатты түрде жаңа кабинеттің лентасын қиды. 

Асқар Жұмаділдаев жаңа кабинеттің тұсаукесерінде

Асқар Жұмаділдаев батасын беріп, шәкірттер арасындағы мұндай үрдістің үзілмеуін тіледі. 

Енді Нұрғайыпов Тәлей Нұрғайыпұлы атындағы математика кабинеті болашақ математиктер мен ғалымдардың, іскер де дарынды оқушылардың игілігіне айналмақ.
 
 
 
 
 

"Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет" - деп Бауыржан Момышұлы тегін айтпаса керек. Ендеше ұстаздың қызметін ұлы ететін өздері емес, шәкірті, олардың ықыласы мен құрметі.
Massaget.kz