«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табады

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табады
Фото: khabar.kz

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын биыл да өткізілетінін хабарлады. Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. «Мектепке жол» акциясының брифингі бүгін сағат 16:20-да басталады.

Республикалық деңгейде ірі көлемде ұйымдастырылатын шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық жағдайы төмен, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға құл ұшын беру. Материалдық жағдайларға байланысты оқушының мектепке бармай қалуының алдын алу. Атаулы шараның барысында мектепке бармайтын балаларды анықтауға, мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған жанұядан шыққан балаларға қол ұшын беру басты назарға алынады.

«Мектепке жол» бастамасы жүзеге асқан 10 жылдың ішінде 2 миллионнан астам балаға 17 миллиард теңге материалдық көмек көрсетілді. Қаржы құю мәселесіне тоқталсақ, акцияны қолдаушылар, демеушілер мен меценаттар жалпы сомасы 7,9 миллиард теңге көлемінде көмек көрсеткен. Одан бөлек, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар, акционерлік қоғамдар да акцияның жүзеге асуына жағдай жасап, қосымша көмек көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бұл акцияны биыл да өткізу үшін еліміздің беделді азаматтарына, бизнесмендерге, меценаттарға шараны қолдауға өтініш жіберді. Қолдаушылардың қатары биыл да аз емес. Дүниеге келгеннен тағдырдың тауқыметін тартқан бейкүнә балаларға көмек көрсету азаматтық парызым деп білген кез келген адам бұл акцияға қолдау көрсете алады. Шараны қолдаймын деп қол көтерген жандар болса, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне, әр облыстың орталығындағы немесе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы білім басқармаларына хабарласуға болады.

10 жылдық тарихы бар бұл акция бұдан кейін де жалғасын табатынына сенімдіміз. Сонымен қатар, бұл шара сауатсыздықтың алдын алу әрекеті ретінде де халқымызға пайда әкеліп жатыр. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Ал жастардың сауатты болуы, бүгінгі қоғамның қолында.

А. Қажиев