Оқушыларға демалыс күндеріне үй тапсырмасы берілмейді

Оқушыларға демалыс күндеріне үй тапсырмасы берілмейді
Фото: turkystan.kz

Мектеп оқушыларына демалыс күндерге үй тапсырмасы берілмейді. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Біздің оқушылар үй жұмысын орындау уақыты бойынша 65 мемлекет ішінде төртінші орын алып тұр. Халықаралық зерттеуге сәйкес, бірқатар мемлекеттерде, соның арасында Қазақстан үй тапсырмаларының көлемі мен білім жетістіктері арасындағы тура арақатынас жоқтығын көрсетеді. Оқыту үдеріс дұрыс жолға қойған жағдайда үй жұмысын азайтуға болады және азайту керек. Мұнымен барлығы келісіп отыр, - деді министр.

Осы орайда Ерлан Сағадиев бұл мәселемен мұғалімдер мен мамандардан құралған екі үлкен топ айналысқанын атап өтті.

- Бұл жерде екі нұсқа ұсынылады. Бұл ретте үй жұмысын барлық пәндер бойынша азайтып беру немесе тапсырмаларда тек кейбір пәндерді ғана қамту ескерілуде. Екі жағдайда да үй жұмысын орындау уақыты күніне орта есеппен бір сағатқа азайып, демалыс күндері берілмейді. Бүгінде бұл мәселе педагогтер мен ата-аналардың жаппай талқылауына ұсынылды, - деді министр.

Дереккөз: inform.kz

Ө. Сансызбай