Отырысқа арналған ойындар

Отырысқа арналған ойындар
Фото: Massaget.kz

Басымыз қосылған шағын отырыстарда, туған күн кештерінде тілек айтылып болғаннан кейін отырыстың мәні кеткендей болып жатады. Кез-келген отырыстың жақсы өтуі ортаның ұйымшылдығына байланысты. Барлығы бірдей ойындарға қатысып, билеу, ән айту шарттарын толық орындаса, кеш өз деңгейінде өте қызықты өтері сөзсіз. Сіздер үшін қызықты да көңілді кештің барысында ойналатын ойын түрлерін ұсынамыз. Пайдаға жарайды десеңіз, байқап көріңіз.

Математикалық ойын
Бұл ойын музыка арқылы орындалады. Бірнеше ойыншы шығып би арқылы ауада сан (цифр) жазады. Ал көрермендер қандай сан жазылғанын табуы керек. Есеп жазуға да болады бірақ, оңай болуы керек мысалы: 2+5. Қалғандары шешуін тапқанша ойыншылар биін жалғастыра береді.

***

Бұл ойын түрі өте қызық. Барлық ойыншы өзінің не қалайтынын қағазға жазып, қағаздағы жазуы көрінбейтіндей етіп бүктеп, құтыға немесе аузы кең ыдысқа салады. Столдың ортасына қойып айналдырады, құтының аузы кімге қарап тұрса, сол адам қағазда жазылған тапсырманы орындайды. Қағазға жазылған тапсырма қызық болуы керек. Мысалы: ламбада билегім келеді немесе қант пен етті қатар жегім келеді т.б.

***

Жемістер
Бұл ойын екі командаға бөлініп ойналады. Үлкен екі ыдысқа су құйып ішіне алма, алмұрт, апельсин, мандарин т. б. жемістерді салуға болады. Екі ыдыстағы жемістер саны бірдей болуы керек. Ойыншының қолын артқа байлап, ыдыстың ішінен жемісті аузымен алып шығару тапсырылады. Ойын барысында жақсы әуен ойнап тұруы керек.

***

Қимыл арқылы
Бұл ойынға отырыстағы барлық адам қатысуға болады. Қағазды бөліктерге бөліп алып, отырыста отырған адамдардың аты жеке-жеке жазылып, бүктеп ыдысқа салынады. Ойыншылар бір-бір қағаздан алады. Қағазда кімнің аты жазылған болса, сол адамды қимылы арқылы көрсетуі қажет. Қалғандары кім екенін табуы керек.

***

«Өте маңызды мәлімет»
Тұтқындардың қолында маңызды құжат бар, сол құжаты діттеген жерге жеткізу қажет. Ол үшін ойыншылар екі топқа бөлінеді. Құжат жыртылмайтындай қағаз болғаны дұрыс. Ойыншылар екіге бөлініп қатар тұрады. Барлығының қолдары артқа байланады, қағазды аузымен бір-біріне беру арқылы соңғы адамға жеткізуі қажет. Мұнда жылдамдық қажет. Қағаз жерге құламауы керек. Қай топ бірінші болып орындаса, сол топ жеңімпаз.

***

Тілектер сайысы
5 қатысушыны ортаға шақырамыз. Олардың әрбіреуі кезекпен бір тілек айтуы тиіс. Бес секундтан артық ойланған ойыншы ойыннан шығарылады. Соңына дейін жеткен адам жеңеді.

Ә. Жутаева