Кезекшілік дәстүрі әлі де бар ма?

Кезекшілік дәстүрі әлі де бар ма?
Фото: bnews.kz

Мектеп өмірінде әр сыныптың жеке кабинеті болатыны белгілі. Аталмыш кабинеттің декорациясы, тазалығы, жинақылығы кімді алаңдатады? Осыдан он жыл бұрынғы мектеп жүйесінде сынып старостасы, тазалық секторы, білім секторы, спорт секторы сынды атқаратын міндетке қарай түрлі қызметтер болатын. Бүгінгі таңда да бұл үрдіс кей мектептерде қалпын жоғалтпаған.

Аталған қызметтерді сынып бұрышы етіп жазып, мектеп қабырғасына іліп қою шарт. Тақтаның күнделікті сүртіліп тұруы, сынып гүлдерінің жиі суарылуы, шаң-тозаңнан таза жүру кім-кімге болса да жақсы. Дегенмен, сен салар да, мен салар болып таласып жататын кездер де жиі кездеседі. Осы тұрғыда, сыныптың бірлігі байқалып қалып жатады. Партаның реті бойынша әр екі оқушы өз кезекшіліктерін атқарғаны дұрыс. Одан ешкімнің абыройы төмендеп, беделіне нұқсан келмейді.

Қоқысты төгу мен тақтаны сүртудің еш қиындығы жоқ екені анық.  Сыныптың ауызбіршілігі тұрақты түрде кезекшіліктің орындалуына, толықтай қатысым үлгеріміне, іс-шаралардағы белсенділікке тікелей байланысты. Ұстаздарымыз маркердің немесе бордың дер уақытында табыла қоймағанына қапаланып жатады. Бұл да оқушылардың басты қателігі. Білім өзіміз үшін керек. Тазалық та өз көрсеткішіміз. Сондықтан кезекшілік дәстүрін қалыптастырайық!

Оқушының атқаратын қызметтері

1. Білім секторы –оқушылардың сабаққа дайындығын,күнделіктің ережеге сай толтырылуын, үй тапсырмасының орындалуын қадағалайды.

2. Тәртіп секторы – мектеп формасының бұзылмауын,сабаққа кешігіп келмеуді, сыныптастардың арасында дау-жанжалдың болмауын қадағалайды.

3. Тазалық секторы – сыныптың шаң-тозаңнан таза тұруын, қоқыстың толып кетпеуін, өзге де тазалыққа қатысты дүниелерді бақылауында ұстайды.

4. Спорт секторы – сыныптың спортқа бейімін нақтылап жүруі тиіс. Әр сыныпта боксер, жүгіруден алдына жан салмайтын оқушының болатыны белгілі. Сондай оқушылардың ынтасын дамытуға күш салып отыруы қажет. Бұл қызметті атқаратын адамның өзі спортқа  бейім болуы керек.

5. Мәдениет секторы – іс-шаралардың ұйымдастырылуына,  сыныптағы өнерпаздардың белсенділігін арттыруға  күш салуы керек.

Осы секілді қызметтерді қолдана отырып, кезекшілік дәстүрді сақтауымызға әбден болады. Сыныпта қағида қалыптастыру өз қолымызда. Ендеше, бүгіннен бастап кірісейік!

Ә. Жутаева