Оқушы тұлғасына мән беру керек пе?

Оқушы тұлғасына мән беру керек пе?
Фото: Blog - Tutate

Әр адам жеке тұлға. Оның қалыптасу жолында әсер ететін факторлар өте көп. Оқушының болашаққа бағытталуына әсер ететін ең бірінші субьект – ұстаз. Білім беру үрдісінде ұстаз нені ескеруі керек? Әр оқушының ішкі және сыртқы психологиясына педагогтік көзқараста қарай алуы шарт.

Оқушы тұлғасына шоғырланған білім берудің мәні неде?
1. Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру – адамның қалыптасуы,т ұлғаның өз мәдениетінің субьектісі болуына көмектесу, шығармашылық өмірге үйрету.

2. Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру сырттан келетін тәрбиелеу емес, адам бойынан адамдықты табу, оны қолдау және дамыту негізінде өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге әкеледі. Сол арқылы өзіндік болмысы, санасы бар тұлғалық бейне қалыптасады.

3. Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру – адамның дене және рухани денсаулығы, адамгершілігі, бостандығы.Ол – тұлғаны түсіну, өзара түсіністік, ынтымақтастық қарым-қатынастың, салауатты өмір мен парасаттылықтың, өзіндік қатынастың негізін қалау.

4. Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Сондықтан оның мазмұны баланың өзін тұлға ретінде дамыту үшін, өз өмірінің субьектісі болу үшін жағдай туғызуға негізделеді.

Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беруде мұғалімнің құзырлылығы қандай?
«Тәрбиелеу үрдісі оқушыны тәрбиелеуге емес, оқушы өзін өзі тәрбиелеуе әкелетін үрдіс болуы тиіс» – деп көрсетеді Л.С.Выготский.

Оқыту үдерісіне соңғы кездері жаңа жобалар мен озық технолоиялар енгізіліп жатыр. Оның мәні – тұлғаны өзінің әрекеттеріне талдау жасауға, өзі үшін маңызды мәселелерді анықтай алуға және шешу жолдарын таба білуге бағыттау. Осы орайда Д.Дьюи философиясының идеясын айтар болсақ, яғни өмірлік тәжірибеге негізделген өз білімін оқушының да, оқытушының да пайдалана білуі жүзеге асырылады. Сондықтан жаңа үрдісті тәжірибеге енгізуде мұғалімдердің сыртқы форманы ғана басшылыққа алмай, оның философиясын ұғыну маңызды шарт. Өйткені оқытудағы басты мақсат – алдындағы оқушыларға таза білімнің өзін бере білу емес, бүгінгі алған білімін өмірлік қажеттіліктеріне сай қолдана білуге үйрету.

Білім беру үрдісіндегі демократиялық және гуманитарлық қарым-қатынастар оқушының танымдық қабілеті дамуына, өз әрекеттеріне өзгеріс енгізе алуына, өзін үнемі жетілдіріп отыруына ықпал етеді. Оқытудың осы тұрғыда ұйымдастырылуы әр оқушының жеке тұлғасындағы өзіндік ерекшеліктері, өзіндік өмір тәжірибесі мен құндылықтарын ескеру арқылы бірін-бірі дамытуға жол ашады.

Осылайша қарастыру негізінде білім беру үрдісінде оқушының өзіндік сана, өзіндік таным, өзіндік білім алу, өзара қарым-қатынас, өз өмірінің субьектілігі сияқты педагогикалық рефлексиялық сапалары пайда болады және одан әрі дамиды деген тұжырым жасауға болады. Осы тұста ұлт педагогы Мағжан Жұмабаевтың мына сөзін келтіре кеткен орынды:

«Баланы тәрбиелі қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолда құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қыла алу үшін ұстаз бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек».

Сіздің ұстазыңыз қандай?!

Ә. Жутаева