Дәптер толтыру ережесін білесіз бе?

Дәптер толтыру ережесін білесіз бе?
Фото: Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!

Баланың жеке тұлға ретінде дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой өрісінің кеңеюі мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан да жалпы білім беретін мектептегі оқыту үдерісі жеке тұлғаға бағдарланған оқыту ұстанымына негізделіп, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейім даму мүмкіндігін айқындауды қарастырады.

Сол мүмкіндіктердің ең бастысы – қазақ тілі мен әдебиет сабақтарындағы жазу жұмыстарының белгіленген қағидалары мен бірыңғай талаптарының қатаң сақталуы. Бұл жайлар әрбір мұғалімге бұрыннан-ақ таныс, белгілі, күнделікті жұмысында кеңінен қолданып жүрген жайлар. Әйтсе де әр баламен жеке жұмыс жүргізуді қажет ететін, жеке тұлға мен жалпыға бағытталған жұмыс түрлерін жобалау және өткізу түрлері мен талаптарының әр мектепте әртүрлі жағдайда болып келетіні ойлантатын жағдай. Сондықтан да әр кезеңде, әр әдістемелік нұсқаулықтарда көрсетіліп жүрген жазба жұмыстарының нормасы мен оларға қойылатын талаптарды бір жүйеге түсіріп, ортақ бір пікірге келер кез жеткен секілді.

Ең алдымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жүргізуде қойылатын басты талап – ол оқушылардың жазу сауаттылығы мен көркемдігі, маңыздылығы.

Сыныпта және үйде орындайтын жұмыс түрлерінің толыққанды болуы.

Осы талаптарды орындау барысында оқушылардың тіл білімі саласында "үнсіз графика" аталатын бірыңғай талаптарды орындай білуі аса маңызды саналады. Себебі, белгілі бір заңдылыққа сүйеніп жүргізілген жұмыс, біріншіден, оқушының сауаттылығын танытатын болса, екіншіден, көркемдік жағынан да маңызды әсер етеді. Олай болса сол бәрімізге таныс бірыңғай талаптар дегеніміз не? Олар:

1. Оқушы дәптерінің (немесе бақылау жұмысы парағының) сырты белгіленген үлгі бойынша 7-жолға (1-жол абзацтан басталынады) үнемі толыққанды түрде толтырылады. Мысалы: .............. орта мектебінің ..... – сынып оқушысы .............. қазақ тілі пәнінен жазба жұмыстарына арналған дәптері (... тоқсан соңында қазақ ...... пәнінен орындаған ....... жұмысы).

2. Дәптерге әрқашан бірінші жолдан (сызықтан) бастап жазылады.

3. Күннің жады міндетті түрде сөзбен жазылуы керек.

4. Күннің жадынан соң тақырып не жаттығу реті араға жол тастамай жазылады.

5. Тақырып не жаттығу ретінен соң бір жол тасталынып мәтін жазылады.

6. Мәтіннің бірінші жолы міндетті түрде (өлеңнен басқа) азат жолдаан басталынады.

7. Мәтіннен соң бір жол тасталынып келесі мәтін жазылады.

8. Жаттығу жұмыстарының арасына бір жол қалдырылып (ортаға жаттығу реті жазылады) отырылады.

9. Жиек сызығынан үш әріп еркін сиятын көлемде азат жол қалдырылады.

10. Абзацтан басқа жолдар жиек сызығына тақалып жазылады.

11. Дәптер парағын жартылай бос тастап пайдалануға болмайды. Ондай жағдайда баған түрінде жазу ұсынылады.

12. Әрбір әріп каллиграфия нормаларына сай салынуы тиіс.

13. Оқушы қате жіберген жағдайда ол боялып сызылмайды. Қате кеткен сөз не сөйлем жақшаға алынады.

14. Қателер түрі қызыл сиямен жиек сызығының сыртына көрсетіледі.                                                      

Сауатты жазып үйренгіңіз келсе, ережелерді есте сақтаңыз!!!

Ә. Жутаева