Бірыңғай мектеп формасына көңіліңіз тола ма?

Бірыңғай мектеп формасына көңіліңіз тола ма?
Фото: kaz.tengrinews.kz

Бірыңғай мектеп формасына көңіліңіз тола ма? Мектепке қалай киінгенді дұрыс көресіз?

Мектеп оқушылары үшін күз басталысымен бас қатырарлық ең басты мәселе  мектеп формасы. Төменгі сынып оқушылары қатаң тәртіпке бағынып, жарғыда көрсетілген талапты толық орындайды. Жоғарғы сынып оқушылары ше? Бірі тәртіпке бағынғысы келмейді, енді бірінің мектеп формасына көңілі толмайды. Қазіргі кезде  оқушылардың мектеп формасы айтарлықтай мәселе емес. Себебі, кей мектептер қара белдемше, ақ жейде форматын ұстанса, кей мектептер қара көк костюм үлгісімен киінеді. Бірқатар ерекшеленетін мектептерде арнаулы дизайнмен тігілетін формаларды да көріп жүрміз. Қарапайым мектептер сұр көйлек, ақ фартук дәстүрінен алшақтамаған. 

Мектеп формасы о бастан қалыптасқан қағида. Әр мектептің ішкі ережесі бар. Бірдей үлгіде мектеп формасын кию  бәсекені жояды. Қай қоғамда немесе қай заманда болмасын әлеуметтік жағдай, жікке бөлінушілік сынды ұғымдар орын алып жатады. Қоғамға еркіндік берсек, бай баласы жібек пен батсайы, кедей баласы шытты місе тұтуы қалыпты жағдай. Сол үшін де, көптеген мемлекеттерде арнайы мектеп формалары қалыптасқан. Тіпті, АҚШ-тың кей колледж, университеттерінің өзінде арнайы киім үлгісі бар. Жапонияда мектеп формасын кимесе, сабаққа кіргізбейді екен. Осы секілді Қазақстанда да бірыңғай формаға көшу мәселесі көтеріліп, қайта басылды.

Өз мектебіңіз ұсынған арнаулы үлгінің сапасы көңіліңізден шықпаса, бекітілген үлгіні алып, өзіңізге тиімді бағада мата алып, тіктіріп алуға болады. Дегенмен, бекітілген дизайнға өз қиялыңызды қосып, өзгеріс енгізуге болады, ал ұзындық шарттарын орындауыңыз тиіс. Мектеп заңы сол мектепте оқитын барлық оқушыға ортақ. Сол себепті, ата-анамен, ұстаздар қауымымен ақылдаса отырып, өзіңізге ыңғайлы, тиімді бағада қарастыруға болады.

Шын мәнінде, формада тұрған ештеңе жоқ. Естеріңізде болса, Тұрардың шынтағына күлген Атамырзаның жағдайы бәрімізге белгілі. "Шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық үңіліп қарайды". Осы орайда, киіммен емес, біліммен жарысайық, замандас!

Ә. Жутаева