Жандосов мектебіндегі жылы жүздесу (фото)

Жандосов мектебіндегі жылы жүздесу (фото)
Фото: Бауыржан Жақсымбет

Өткен сенбіде алматылық бір топ өнерлі жас Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының О.Жандосов атындағы мектебінде қонақ болып, мектеп оқушыларымен жүздесті.

Аталған мектептің түлегі, Массагет порталының бас редакторы Ербол Молдажанов бастаған ақын, журналист, әнші жастар сөгетілік жас өрендермен кездесу кешін өткізді. Атап айтқанда, «ADAM Media Group» телевизиялық компаниясының редактор-сценарисі, орындаушы-сазгер Тәуірбек Бозекенов, Массагет порталының редакторы Өмірбек Сансызбай және операторы Бауыржан Жақсымбет, ҚазҰУ-дың Тәрбие ісі жөніндегі департаментінің жетекші маманы, ақын Марғұлан Ақан, Ұлт порталының бас редакторы, ақын Шерхан Талап және шеф-редакторы, ақын Айбол Исламғали, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ақын Нұртас Тұрғанбекұлы, актер, әнші Сәкен Есенгелдиев қатысты.

Кеш шымылдығын Жандосов мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Сәрсенбаева Алтын ашып, сөз сөйледі. Артынша Ербол Молдажанов тізгін алып, кеш қонақтарын таныстырды. Түлеп ұшқан ұясынан алған білімін, көрген тәрбиесін үлкен өмірде керегіне жаратып жүргенін айтып, оқушыларды білімге ұмтылуға, талмай еңбектенуге шақырды.

Алғаш боп сөз алған Мassaget.kz сайтының спорт шолушысы Өмірбек Сансызбай «Жаңа медяның жаңа мүмкіндіктері. Интернет журналистика» тақырыбында ой өрбітті. Оқушыларға ғаламторды тиімді пайдалану, дұрыс ақпараттар алу турасында құнды мәліметтер берді.

Интернет журналистика тақырыбы тележурналистика саласына қарай ауысты. Бұл тақырыпты екі жылдай «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасында қызмет еткен Тәуірбек Бозекенов жалғастырды. Ол қазақ телевизиясының дамуы мен жетістік-кемшіліктері төңірегінде сөз қозғап, әсерлі әңгімесін әдемі әнімен жалғады.

Одан кейін Ұлттық университеттің жетекші маманы Марғұлан Ақан ЖОО-ға түсу үшін дайындалып жатқан жоғарғы сынып оқушыларына арнап ақыл-кеңестерін айтты. Оқушылар өздеріне қажетті сұрақтарын қойып, белсене араласып отырды.

Айбол Исламғали, Шерхан Талап, Нұртас Тұрғанбекұлы, Марғұлан Ақан секілді ақындар рет-ретімен кезек алып, жырдан шашу шашты, поэзия, әдебиет төңірегінде көрермендер сауалына жауап берді.

Әңгіме арасында Сәкен Есенгелдиев пен Тәуірбек Бозекенов кезек-кезек гитарасын қолға алып, кеш көрігін қыздыра түсті.

Өлеңсүйер қауым жас ақындардың өлеңдегі жолын қалай бастағанын, қандай ақындарды пір тұтатынын, негізгі тақырыптары қандай екенін сұрап, өздерін толғандарған сұрақтарға жауап алды. Жақсы сұрақ қойған оқушыларға арнайы сыйлықтар да табысталды.

Шара соңында Жандосов мектебінің белсенді шәкірттері сөз сөйлеп, бұл кештің өздеріне жақсы әсер сыйлағанын, үлкен өмірге аяқ басарда жігерін жанып, үміт отын жаққанын атап өтті.

Мектеп ұстаздары да мұндай шараның оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, таным деңгейін арттырып, кеуделеріне сенім шуағын сыйлайтынын айтып, қонақтарға алғыс білдірді.

Н. Айдархан