Бала тәрбиесі: бәсеке

Бала тәрбиесі: бәсеке
Фото: Дина Шмидт

Балаға өзгемен бәсекелестіру деген ұғымды ерте жастан айту дұрыс па? Әрине, екі бала қатар отырып, есеп шығарудан жарысып отырса, ал сіз балаңызға не кішкентай бауырыңызға «жарайсың» немесе «ол сенен озып барады» деген секілді сөздермен «қолдау көрсету» дұрыс та шығар. Бірақ...

Бірақ, осыған дейін әлем елдерінде жүргізілген зерттеулер бұл пікірлермен келіспейді. 1970-1980 жылдары ересектер арасында өткізілген зерттеу қорытындысында осындай демеу-қолдаулардың қуаныш сыйлайтыны анықталған. Ал балаларда бәрі өзгеше.

9-11 жас аралығындағы балаларға біршама тапсырма берілген. Олардың кейбіріне «Керемет!», «Өте жақсы орындадың!», «Өзгелерге қарағанда сенің жұмысың өте жақсы жазылған», «Өз қатарыңның алдынан көріндің» деген мақтау сөздер айтылған екен. Ал кейбіріне жетістігі үшін «Ғажап, мынадай қиын тапсырмаларды оңай шешетін болыпсың» деп қолдау білдірген. Кейін оларға сурет салуды тапсырған. Бірақ ешқандай мақтау не пікір айтпаған. Сол себепті балалар суретті қалай салғанын біле алмады. Содан соң, күрделі және оңай тапсырмаларды таңдау берілген, оған қоса, қиын тапсырмаларды орындау қаншалықты ұнайтыны сұралған.

Зерттеу нәтижесінде анықталғаны мақтау естімегенге қарағанда жаман нәрсе бар екен: ол – басқа балалармен салыстыру. Бала өзгемен салыстыруды мақтау деп түсінеді. Әр сайыс не байқау сайын өзгемен салыстырғанды, бәсекелестіргенді күтіп отырады. Балаға көшбасшы болуды, топ алдында жүруді бәсекелесу деп үйретпеу керек.

Балалардың бағаларын жариялағаннан кейін қыздар мен ұлдар әртүрлі әсер алған. Ұлды өзгемен салыстыру оң нәтижесін берсе, қыздарды салыстыру – керісінше. Ұлдар шара туралы ойларын жеткізгенде, тапсырмаларға мән бергенін айтқан. Қыздар өткізілген шарадан, қиын тапсырмалардан сабақ алуды емес, өзгелерді жеңуді көздегенін байқатқан екен.

Бұл зерттеу – тек бір күнде ғана алынған ақпарат. Баланың жасы, мінезі ескерілмегендіктен толық пішіп айту қиын болар. Мұны білу үшін ересек адам балаларды мақтап, бәсекелестіріп, салыстыруы керек. Дегенмен, адам психологиясы үшін бір баланың тағдырын тәрк ету – ғылымға жат. Не де болса, артық кетпеген жақсы.

Бір үйдің балаларын бәсекелестіріп, салыстырып жұмыс жасату – ең үлкен қателік. Одан бауырлар арасындағы бірлік, махаббат жоғалады. «Асан, Үсеннен қалып барасың, сен одан көбірек су тасуың керек» деп, бір туғанды екіге жаруға болмайды. Ертең бөлек шаңырақ болған кезде де, дүние жинаудан бәсекелесетін балалар осындайдан шығуы мүмкін.

Қоғам, заман талабына сай бала не оқушы бәсекеге қабілетті болсын десеңіз, құрғақ сөзбен мақтап, бір-бірін салыстырудың қажеті жоқ. Керісінше, мыңды жығатын білім мен тәрбие бере біліңіз.

Г. Берік