Жапонияда оқушы емес, сынып бағаланады

Жапонияда оқушы емес, сынып бағаланады
Фото: epictimes.com

Роботехника мен анименің отаны Жапонияда білім беру жүйесі үш сатыдан тұрады. Сонымен қатар, жапон оқушылары біз секілді 4 тоқсан емес, 3 тоқсан оқиды және біз секілді 1 қыркүйекте емес, 1 сәуірде сабаққа барады екен. Осы сынды ерекшеліктерге толы жапон мектептері туралы біле жүріңіздер.

Жапонияда мектептің үш түрі бар: Төменгі, орта және жоғары сынып. Бұл елде балаларды жеті жастан бастап қабылдайды. Олар төменгі сыныпта алты жыл, орта және жоғарғы сыныпта үш-үш жылдан, ұзын саны 12 жыл білім алып шығады. Біздің елде барлық сынып бір ғимараттың ішінде орналасса, бұл елде төменгі, орта және жоғары сыныптар бөлек ғимараттарда орналасады. Төменгі және орта сыныпта оқушы тегін оқыса, жоғары сыныпта ақылы түрде білім алады.  

Жапонияда оқу жылы 1 сәуірден басталады. Бір оқу жылында 3 аралық болады. Алғашқысы – сәуірден шілдеге дейінгі аралықта өтеді, бұл аралық біткен соң, оқушылар емтихан тапсырады. Содан кейін жазғы каникул басталады. Екінші аралық 1 қыркүйектен басталып, желтоқсан айының ортасына дейін созылады. Бұл аралықтан кейін де оқушылар емтихан тапсырып, қысқы демалысқа шығады. Үшінші тоқсан қаңтардан басталып, наурыз айының ортасында бітеді. Үшінші тоқсан шешуші тоқсан болғандықтан, оқушылар бұл аралықтан кейін жылдық қорытынды емтихан тапсырады.

Сабақ таңғы 8.45-те басталады. Күн сайын әрқайсысы 50 минуттан өтетін 6-7 сабақтан оқиды. Әр сабақтың ортасында 10 минуттық үзіліс болады. Ең ұзақ үзіліс 12.35-пен 13.20-ның аралығында. Оқушылар да, мұғалімдер осы уақыт аралығында түскі ас ішеді.

Бір қызығы бұл елде оқушылар сыныптан-сыныпқа ауысады. Яғни, оқушылар параллель сыныптарға ауысып отырады. Бұл әдіс оқушылардың қарым-қатынасын нығайтуға және өзін барлық ортада еркін ұстауға үйретеді екен. Мектеп жанынан ашылған хор үйірмесіне барлық оқушылар қатысады, спорттық ойындар көптеп ұйымдастырылады. Осының нәтижесінде оқушыларды бірлесіп жұмыс жасауға үйренеді.

Мұғалімдер орта буында оқушыларға тәрбие беруді басты міндет санаса, жоғары сыныпта ЖОО-на білімді оқушыны дайындауға күш жұмсайды. Жапон мектептерінің бір ерекшелігі – ұлттық құндылықты басты назарда ұстайды екен. Мысалы, әр мектепте қарт ата-әжелер оқушыларға ұлттық қолөнерді насихаттау үшін арнайы үйірмелер ашылған екен. 

Бағалау жүйесіне келер болсақ. Бұл елде баға 100 балдық жүйемен қойылады. 80-100 балл аралығы біздің жүйемен "бестік" болып есептеледі. Таңғаларлығы, баға әр оқушыға емес, сыныпқа қойылады. Демек, сынып "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп, бірлесіп оқуға тырысады.

Г. Берік