Германияда "екілікпен" оқитын оқушы бірден гимназияға ауысады

Германияда "екілікпен" оқитын оқушы бірден гимназияға ауысады
Фото: 3.bp.blogspot.com

Бір күні белгілі себептермен сабаққа бармай қалдың делік. Үйіңе полиция қызметкері келіп, сені сабаққа алып бара жатса, қылмыс жасағандай бір түрлі күй кешерің анық. Ал бұл Германияда қалыпты жағдай екен. Оқушылар полиция қызметкеріне сабаққа бармау себебін айтып, түсініктеме жазады. Білім беру жүйесінде бұл елдің тағы қандай ерекшеліктері бар екенін осы жазбамыздан біле аласыздар.

Білім алу құқығы қалай өлшенеді?

Германияда барлық бала мектепте білім алуы тиіс. Бұл туралы заң да қабылданған. Кәмелеттік жасқа жеткен соң, әр оқушы таңдауын жасайды: мектепте қалып, білімін жалғастырады не үлкен өмірге қадам басады. Бұл жасқа дейін мектептен қашып құтыла алмайды. Егер оқушы сабақтан себепсіз қалатын болса, оған полиция қызметкерлері араласып, мән-жайды шешеді.

Білім алу сатысы

Балалар алты жастан бастап мектепке қабылданады. Оған дейін балабақшада тәрбиеленуі тиіс. Содан соң, бастауыш сыныптың бастапқы кезеңі  Grundschule сатысында оқиды. Бұл кезең 4 жылға созылады. Бастауыш сыныптан кейін ата-аналар баланың сабақ үлгеріміне қарай қандай бағытқа баратынын жоспарлауы керек. 

4-сыныптан кейін Hauptschule атты негізгі мектепке барады. Бұл мектептен кейін оқушы білімін жалғастырса да болады. Немесе 9-сыныптан кейін сырлаушы, ұста бола алады. Сондықтан негізгі мектепте көбіне жұмысқа баулиды әрі ең негізгі пәндер оқытылады.

Бағалау жүйесі

Оқу жылы бұл елде қыркүйек айының екінші аптасында басталады. Ал бағалау жүйесі 1-ден 6-ға дейінгі аралықта. "Бір" алу – біздің жүйе бойынша "бестік" бағасымен бірдей. Немістер ештеңе танып үлгермеген балаға баға қатты әсер етеді деп ойлайды. Сол себепті, алғашқы екі сыныпта оқушыларға мүлдем баға қойылмайды. Тек 3-сыныпта бақылау жұмысы жүргізілгенде ғана оқушылар бағалана бастайды.

"Мен бұл пәнді оқымаймын"

Негізгі мектептің 6-сыныбында оқушы білім алу әдісін өзі таңдайды. Яғни, оқушы 6-сыныптың бағдарламасы аса күрделі деп есептемесе, Realschule деп аталатын күрделі бағдарламаға ауыса алады. Мұнда оқушы теориялық біліммен шектеліп қана қоймай, практикалық зерттеулер де жасай алады. Бұл бағыттың ерекшелігі оқушылар 10-сыныпқа дейін оқиды.

Егер оқушы 4-сыныпта барлық пәннен «екілік» не «үштік» алып жүрсе, яғни сабақ үлгерімі "өте жақсы" болса, гимназия мектебіне ауыса алады. Бұл мектепте оқыған оқушы 12 не 13-сыныптан кейін мектепті аяқтап шығады. Гимназияның соңғы екі сыныбын колледж деп атайды екен. Оқушы бір сабаққа зейінін салып оқыса, тек сол сабақпен айналыса беруіне толық құқығы бар. Тағы бір таңғаларлығы оқушы негізгі пәндерден басқа ұнатпайтын пәнін "оқымаймын" деп бас тарта алады.

Демалыс мерзімі

Бұл елде сабақ таңғы сегізден күндізгі бірге дейін жалғасады. Жоғары сынып оқушылары үшін түс мезгілінен кейін де оқуға арналған сабақ кестесі құрылған. Ал демалыс уақыты "жиірек, бірақ қысқа" деген қағидамен құрылған. Яғни, бір демалыс пен екінші демалыс арасы үш-төрт аптаға созылады.

Г. Берік