Швейцарлықтар бастауыш сыныпта алты жыл оқиды

Швейцарлықтар бастауыш сыныпта алты жыл оқиды
Фото: neklyudova.com

Білім алу барлық елге ортақ. Дегенмен, әр елдің танымына, қоғамдық жағдайларына байланысты оқу жүйесі, заңдылықтары әртүрлі болары анық. Мысалы, швейцарлық оқушылар 4 жасында-ақ мектеп табалдырығын аттайды. Осындай ерекшеліктері бар Швейцарияның білім беру жүйесімен таныс болыңыздар.

Швейцарияда мектепке дейінгі білім алу міндетті емес. Бірақ ата-аналардың басым бөлігі балаларын ерте жастан балабақшаларға береді. Тіпті, мұнда баланы 4 айлығынан бастап қабылдай береді. Балабақшада баланы мектепке дайындап, қоғамдағы рөлін түсіндіреді. 

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде оқыту жүйесі тым бөлек. Барлық сабақ ойын түрінде өткізіледі. Ал балалар «Өзім орындаймын!» деген қағиданы ұстануы тиіс. Тәрбиеші тек қана жол сілтеп, қауіпсіздігіне жауап береді. Балабақшада көркем оқу, көркем жазу және математика пәндері оқытылмайды. Тек қана ойын ойнатылады. Сонымен қатар, неміс және швейцар диалектілеріне тән сөздерді, сөйлемдерді қайталап, ән айтып, тақпақтар жаттайды. Нәтижесінде бала қос тілге жаттығып, өз бетімен сабақ оқуға дағдыланады.

Бастауыш сыныпқа оқушылар 4 жастан бастап қабылданады. Қазіргі таңда бұл елде мектепке дейінгі оқыту мен бастауыш сыныпты біріктіру қолға алынып жатыр. Швейцарияда бастауыш сыныпта білім алу міндетті және мемлекеттік мектептерде оқу тегін. Швейцарлық оқушылар бастауыш сыныпты алты жыл оқиды. Мектепке қабылданған кезде ешқандай емтиханнан не тесттен өтпейді.  

Жалпы, Швейцарияда білім берудің негізгі діңгегі – көп тілді қатар меңгерту. Бұл елдің оқу бағдарламасының білім беру стандарты бойынша әрбір мектеп бітіруші үш тілді меңгеріп шығуы міндетті. Олар – ағылшын және қалаған екі тіл.

Швейцарияда міндетті орта білім алу жүйесі Secondaire I деп аталады. Яғни, оқушы бастауыш сыныпты  және орта білім алудың алғашқы сатысын оқуы міндетті. Демек, бұл білім алу жүйесінде оқушы 6-15 жас аралығында білімнің іргетасын қалайды.

Ал орта білімді толық меңгеріп шығу Secondaire II деп аталады. Бұл оқу бағдарламасында оқушы Secondaire I бағдарламасынан кейін 3-4 жыл қоса оқиды. Орта білімді толық меңгерген оқушы 18-19 жасында аттестатқа ие болады.

Олардың бағалау жүйесі біздің бағаларымызбен салыстырғанда әлдеқайда өзгеше.Оқушылардың білімі 1-6-ға дейін бағаланып отырады. Яғни, үздік оқушының күнделігіне «алтылық» қойылады. Ал қанағаттанарлық деген білімді мұғалім «4»-пен бағалайды. 

Г. Берік