Швед оқушылары сыныпта оқымайды

Швед оқушылары сыныпта оқымайды
Фото: postomania.ru
"Әр елдің салты басқа" демекші, әр елдің білім беру жүйесі де әр басқа. Мысалы, Швеция елінде бізге таныс "төрттік", "бестік" бағалары қойылмайды, тіпті оқушылар сыныптарға бөлінбейді екен. Міне, сол секілді швециялық білім беру жүйесіндегі қызықты мәліметтермен таныса отырыңыздар.
 
Швециялық Vittra білім бері жүйесінің мектептері үшін Rosan Bosch атты сәулет компаниясы тәжірибе ретінде мектеп салған. Бұл мектептің өзге мектептерден дизайнымен ғана емес, оқыту жүйесімен де ерекшеленеді. Жаңа мектепте біз көріп жүрген сыныптар жоқ. Сабақ оқуға, дене шынықтыруға және ойнауға арналған жеке бөлмелер бар.


Әр оқушымен бөлек жұмыс істеп, жеке қабілетке ие тұлға қалыптастырып шығару – Vittra білім беру жүйесінің басты міндеті. Әр оқушы өзін еркін сезініп, өзіндік пікірін жүйелеу үшін осы мектеп тәжірибе ретінде сыналып отыр.

 
Стокгольм қаласындағы мына мектеп оқуға, демалуға арналған негізгі бес аумаққа бөлінген. Атап айтқанда, Үңгір (Cave) – жеке отырып сабақ оқып, үй тапсырмасын орындайтын аумақ, Алау (Campfire) – топ болып дайындалуға арналған аумақ, Су алаңы (Watering hole) – кездесуге және әңгімелесуге арналған орын, Зертхана (Laboratory) – түрлі тәжірибе жасап, зертханалық жұмыстарды жасауға арналған орын, ал Көрме (Show-off) – өз жаңалығын көпшілікке таныстырып, тың идеяларын ұсынатын аумақ.  
 
 
Оқушылар сыныптарға емес, топтарға бөлінген. Олар жас ерекшеліктеріне қарай емес, ойлау қабілетінің деңгейіне қарап бөледі. Тағы бір ерекшелігі мектепте "4" не "5" деген дәстүрлі бағалар қойылмайды, білім беру жүйесі тек қана заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асады. Барлық оқушыда – жеке ноутбук. Алайда кітаптың орнын алмастыра алмайтыны себепті, негізгі оқу құралы ретінде кітап өз құнын жоғалтпаған.
 
 
Vittra мектебінде білім алу тегін. Алайда әр оқушыда жеке сақтандыру нөмірі болуы шарт және ата-анасының біреуі елге салық төлеуші болуы керек.
 
 
Швеция мектептері мемлекет қарауында болғандықтан, мектеп оқушылары үшін білім алу да, тамақтану да, оқу құралдары да, тіпті ноутбуктері де тегін.  
 
 
Мектепте толық білім алып шығу мерзімі – 11 жыл. Ал орта білім алу –  9 жыл, егер оқушы оқуын жалғастырғысы келсе, жоғарғы мектепте (High School) білімін жалғасытырса болады.


Жоғарғы мектепке қабылданған оқушылар негізгі 3 оқу бағдарламасының бірін таңдап оқуға мүмкіндігі бар: біржылдық кәсіби бағдарлама, екіжылдық және үшжылдық академиялық бағдарлама. Бұл бағдарламалар бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан оқушылар бірінен екіншісіне алмаса алады.  
 
Алғашқы жеті жылда оқушыға ешқандай баға қойылмайды. Мұғалімдер әр ата-анаға баласының жетістіктері мен тәртібін хабарлап айтып отырады. Тек жоғарғы сыныпта ғана семестрлік баға жарияланатын болады. Ал бір сыныпты қайта оқу швед мектептерінің танымына жат.
 
Мұндай білім беру жүйесіне сіздің көзқарасаңыз қандай?
Г. Берік