Жоспарды жариясыз іске асырайық

Жоспарды жариясыз іске асырайық
Фото: softfomin.do.am

«Құдайды күлдіргің келсе, оған жоспарларыңды айт» деген дөрекі болса да, астарлы сөз бар. Шынында да келешекті бүге-шүгесіне дейін жоспарлап қойсаң, кейде көзге көрінбейтін жайттарға байланысты күл-талқаны шығады әлде адам өз болжамынан бас тартады. Өткен жүз жылдықта бұл құбылыс көптеген зерттеушілердің назарын аудартты.

Бір нәрсені ойға алсаңыз (көлік не үй сатып алу, демалыста шет елге бару, бизнес бастау), қуанышты жоспарыңыз ішіңізге сыймай әрі айналаңыздағылардың қолдауын тілеп, жоспарыңызды достарыңыз бен таныстарыңызға жар сала айтып жүреміз. 1993 жылы шетел психологтары біздің жоспарымыз қаншалықты көп адам білген сайын, орындалу мүмкіндігі де соншалықты азаятынын ескерткен.

Мұның сыры неде? Ұйғарған ісімізді алдын ала айтып қойсақ, бұл біздің санамызда орындалып біткен әрекеттей қабылданады. Осылайша іске қадам басуға деген құлшыныс азайды.

Нью-Йорк университетінің психолог-профессоры Питер Голлуитцер 1982 жылы 63 адамға тәжірибе жүргізеді. Ол "істейін деп жүрмін" деп емес, "істедім" деп қана айтатындардың, яғни алдын ала жар салмайтындардың мақсатына тез жететінін анықтаған. Ал қолдау мен жылы лебіз күтіп, идеясын күллі жұртқа аян ететіндер тек өздері қалаған лебіз бен қолдаудан басқаға ие бола алмай қалады екен.

Алға қойған жоспарымызды алдын ала болжап, қалай болатынын елестетіп, қиялдың қия шыңына барып келсек, миымыз сол елестерге қанағаттанып, жетістікке ұмтылуға деген ынтамыз құртылады. Идея — арман — мақсат. Тек жүзеге асқан істердің куәсі болайық.

@. @assel_assanova