"Томирис" тобының жетекшісі кім?

"Томирис" тобының жетекшісі кім?
Фото: Фариза Абилова

Жақында Массагет порталы жалынды жастарға арнап жаңа байқау жариялады. Бұл байқау шілде айының 1 жұлдызында байқау басталып, жаздың соңына дейін жалғасады. Бұл шараның басты мақсаты қандай?

Ең алдымен, көптеген оқушы күзде партаға оралып, жазғы демалысты мәнсіз өткіздім деп қапаланады. Неліктен? Себебі демалыстың үш айына нақты жоспары болмай, әр күннің қалай тез өткенін байқамай қалады. Екіншіден, алдыға мақсат қойып, әрбір жасалған әрекетті бақылап, соған өздігінен баға беруді үйрену - бала кезден қалыптастыру керек дағды. Массагет порталы сіздердің ынтаңызды арттырып, өзіне деген сенімді нығайтуға көмектеседі.

Бұл байқаудың басты артықшылығы - әр қатысушының өз тәлімгері болады. Ол оған рухани демеу, көмек беріп, жылдар үйреткен тәжірибесін бөлісіп, мақсатына жетуге ынталандырады. Мұндай маңызды орынды кімге бердіңіз?

Байқауға 5 тілші жетекшілік етеді. Соның біріне мен жанкүйермін. Ол - Бүйенбай Қарлыға!

Қарлыға мен жас таланттар тобының атауы - "Томирис". Әрбір адамды рухтандыратын жалғыз сөз. Рас емес пе? Менің ойымша, тамаша таңдау. Дәл осы топ атауын қорғап шығатынына еш күмәнім жоқ. Алайда олардың мықты, бәсекелеске қабілетті қарсыластары бар. Ол - өз әріптесім, Нұрбол Нұрмаханұлының тобы. Осыған дейін әріптесім Ернар Нұрболдың топты алып шығуға көмектесетін қасиеттерін айтып өтті. Оның әрбір сөзіне қосыламын.

Қарлығаны мен міне, төртінші жыл танимын. Бір топта оқығандықтан, оның қандай екенін білемін деп айта аламын. Кез келген істе өте тиянақты. Өзінің арманы мен мұратына берік. Оқушы кезінде көптеген олимпиада, байқауларға қатысып, талай орынды жеңіп алған. Тіпті мектепті "алтын белгімен" бітірген. Мектептен бері қалыптасқан жеңіске деген ұмтылысы өзінің тобына, тобындағы әрбір оқушыға мақсатына жетуге көмектесері сөзсіз. Ал шыдамдылығы, толеранттылығы, мінезінің жұмсақтығы тобымен ұжымдаса жұмыс істеуіне көмектеседі. 

"Томирис" тобы мықты әрі "қорғанысы" күшті болатыны анық. Себебі бұл күрес емес, олимпиада емес, әр адамның өз ынтасы мен ұмтылысының арқасында жеңіске жететін байқау.

Қыздар, жеңісті қолдан бермеңіздер, "Томирис" тобы алға! Ал басқа топтарға сәттілік!

Ф. Абилова