Мақсатыңа жеткің келсе...

Мақсатыңа жеткің келсе...
Фото: Массагет

Осыдан бірнеше күн бұрын Массагет порталында оқушыларға арналған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» атты байқау басталған еді. Оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне, тұлға болып қалыптасуына әсер етіп, алдына айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулуды мақсат тұтқан байқаудың шарты бойынша, қатысушылар тіркелу барысында өздеріне жетекші таңдайды, сөйтіп, сол жетекшіні таңдаған басқа оқушылармен бірігіп бір команданы құрайды. Жетекшілер кімдер? Ол Массагет ұжымының мүшелері. Байқауда бес жетекші бар, яғни бес команда болады деген сөз. Қазіргі таңда біраз оқушы өзіне жетекші таңдап, шешімін айтып қойды. Алайда араларыңда осы мәселеге келгенде қиналып, кімді таңдарын білмей екі ортада қалып қойғандар да бар болар. Ендеше мен өз ұсынысымды айтайын.

Жетекші таңдау – байқаудың ең қиын әрі ең маңызды сәттерінің бірі болса керек. Себебі байқаудағы болашағың, алар білімің мен соңғы нәтиже сол адаммен тікелей байланысты. Ол қандай, сен де сондай болып қалыптасасың. Басқа жетекшілер ренжімес, бірақ бес тәлімгердің ішінен мен сендерге Нұрбол Нұрмаханұлын таңда дер едім. Мен үшін араларынан дараланып тұрған осы жігіт. Басқалардың кемшілігін жазбай, Нұрболдың артықшылықтарын жазсам жетіп қалар.

Нұрбол бірінші кезекте жақсы дос. «Дос жылатып айтады» деген сөз осы жігітке қатысты айтылса керек. Ол қашанда өз ісіне жауапты, тиянақты қарайды. Бастаған жұмысын соңына дейін жеткізгенді және бәрін уақытылы істегенді жақсы көреді. Қажет кезде жұмсақ та, қатты да бола алады. Тапсырма беру, берген тапсырмасының уақытылы орындалуын қадағалау, талап қою – бұл оның күнделікті қызметіне кіретін жұмыстар. Нұрбол қазақ тілінен бөлек, ағылшын, француз, орыс тілдерінде еркін сөйлей алады. Оған қоса, бірнеше спорт түріне қатысып, әрқайсысында айтулы жетістіктерге жеткен спортшы. Ал ең бастысы, үшінші курста оқып жүріп Массагет сынды үлкен порталдың қызметкері атанған ол өз ісінің шебері, нағыз маман! Мен Нұрболдың тобынан қиындықтарға төтеп беруге дайын, ешқашан шегінбейтін жандарды көргім келеді. Егер сен тіл үйренгің келсе, Нұрболды таңда! Түрлі елдердің мәдениетін танығың келсе, Нұрболды таңда! Салауатты өмір салтын ұстанғың келсе, Нұрболды таңда! Мақсатыңа жеткің келсе, Нұрболды таңда!

Нұрбол Нұрмаханұлы сайттың мазмұнына жауап беретін комитеттің төрағасы. Тілшіміз Қарлыға, Жолдас, Ербол, Шерхан сынды материалдары арқылы көзге түспесе де, сайттағы материалдардың қызықты болуын қадағалап, өзгелерге нұсқау беріп отырады. Ағылшын, француз тілдерін жетік меңгергендіктен, оны үйренемін деушілерге де көмегі мол. Мұнымен қатар, акробатика спортында да жеткен жетістіктері көп.

Дәл қазір Нұрболдың командасында төрт қана орын қалды. Егер жазғы демалысыңыздың қызықты өтіп, мақсатыңызға жетуіңізді қаласаңыз, тіркелуге асығыңыз.

Y. Almabek