Жекеменшік мектеп бағаға қалай әсер етеді? #2

Жекеменшік мектеп бағаға қалай әсер етеді? #2

Мемлекеттік пен жекеменшік мектептердің білім беру бағдарламасы бірдей. Тек бағыттары әртүрлі болады. Мысалы, бірі – ағылшын пәнін тереңдетіп оқытса, екіншісі – өзге бір пәнді тереңдетіп оқытуға көңіл бөледі. Әдетте жекеменшік мектепте аптасына 5 күн сабақ оқиды, сынып оқушыларының саны 15-тен аспайды, тұрақты ұжымы болады, үй тапсырмасы ұстаздың қадағалауымен орындалады және күніне 3 уақыт ыстық тамақ беріледі. Көп ата-ана қымбат болса да, баласы алатын білімнің сапалы болуын жөн көреді. 

Экономика саласының мамандары Джузеппе Бертол мен Даниэл Чечидің «Жекеменшік мектепте білім алуды кімдер жөн көреді? Теория және халықаралық практика» атты еңбектерінде жекеменшік мектептерде сапалы білім бере бермейтіндігін баяндайды. Аталған еңбекке көп мемлекетте үш жылда бір рет жүргізілетін зерттеу нәтижесі негіз болған. Кей мемлекет ғалымдары үш жылда бір рет жекеменшік мектепте оқитын 15 жасар балалардың білім деңгейін анықтап отырады екен.

Көп мемлекет жекеменшік мектеп қымбат болған сайын білімі де соғұрлым сапалы болады деп ойлайды. Бұл Венесуэла, Қырғыз, Панама және Бразилия сынды әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы орташа халқы көп мемлекеттерге қатысты айтылуда. Алайда АҚШ-ның, Ұлыбританияның жекеменшік мектептеріндегі білім өз бағасына сай келеді. Мұнымен қатар, баланың жақсы оқуына кепілдік береді. Аталған мемлекеттерде жекеменшік мектепке ең білімді деген оқушыларды қабылдауға тырысады.

Әлемде мемлекеттік мектептерге қарағанда жекеменшік білім ордалары өте аз. Олар жалпы есептің 18,67%-ын ғана құрайды.

Ал Қазақстандағы білім сапасына келер болсақ, жекеменшік мектептердің оқушылары мемлекеттік мекемеде оқитындарына қарағанда 50 балл жоғары жинайды.

Мамандар елімізде 199 жекеменшік мектептің бар екенін айтады. Олар жалпы білім беру мекемелерінің 2,6%-ын құрайды.

Орташа есеппен әр ел балаларының 20%-ы жекеменшік мектепте білім алады. Ұлыбритания, Германия мемлекеттерінде оқушылардың 10%-ы, Чили, Индонезия, Испания, Ирландия және Нидерланды елдерінде 30%-ы, ал Қазақстанда оқушылардың 5%-ы жекеменшік мектепте білім алады екен.

Сурет: nis.edu.kz 

Қ. Бүйенбай