Кәсіби диктордың 12 қасиеті

Кәсіби диктордың 12 қасиеті

Көп адам дикторлық ең оңай мамандық деп бағалап, осы саланың маманы болуды армандайды. Бүгінгі таңда дикторлардың жұмысы жан-жақтылықты, өз саласын кәсіби деңгейде меңгеруді қажет етеді. Ол өз кезегінде телевидениеде, радиостанцияда жаңалықтар оқып, түрлі музыкалық бағдарлама жүргізе алады. Мұнымен қатар, фильмдер мен жарнамаларды дыбыстау мүмкіндігіне ие болады.

Мінсіз келбет пен қоңыр дауыс диктор болу үшін жеткіліксіз. Аталған мамандықты игерудің астарында қажырлы еңбек жатыр. Диктор телеканалдың, радиостанцияның келбеті болып халыққа танылады. Яғни ұйымның имиджі осы диктормен тікелей байланысты десек те болады.

Диктор мамандығы АҚШ сынды елдерде жоғары бағаланады. Ең атақты деген дикторлар жылына 70 000 доллар жалақы алады. Мемлекеттегі орташа деңгейдегі дикторлардың жалақысы 25 000-60 000 долларды құрайды. Ал көршіміз Ресейде дикторлар айына 80 000-100 000 рубльді қалтасына салса, жас мамандар тек 5 000-7 000 рубльді қанағат тұтуға мәжбүр болады.

Біздің елімізде де диктор мамандығы жоғары бағаланады. Олардың қайсысы болса да өзіне тән сөйлеу мәнерімен, сырт келбетімен ерекшеленеді. Бүгін Қазақстанның халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, диктор Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаевтың туған күні. Қазақ радиосында, теледидарында қызмет еткен диктордың мансап жолы осы саланың мамандарына үлгі болып қалады.

Төмендегі дикторға тән 12 қасиетті игеру арқылы өз даусыңызды бақылай аласыз.

1. Артикуляция

Кәсіби диктордың сөзі таза шығып, әрбір дыбыс анық айтылуы керек. Филолог мамандар дикторлардың әр дыбысты анық айтамыз деп орфоэпия заңын бұзатындығын айтады. Осыны да ескергеніміз жөн.

Өз ісінің шеберлері ғана сезетін шекара болады. Олар анық сөйлеу мен шектен тыс анық сөйлеудің ортасын ұстанады. Егер шектен тыс анық сөйлейтін болсақ, дауысымыз театр әртістерінікіндей жасанды шығады. Ал керісінше анық сөйлемеу ақыл-естің кемістігін білдіреді.

2. Тазалық

Бұған ауыз қуысын тазалаудың еш қатысы жоқ. Дауысыңыздың ешбір кедергісіз, шусыз шығуына қатысты айтылып жатыр. Қуаныштарына орай, кейбір адамның жаратылысынан дауысында шуыл аз болады. Ал өзгелері дауыстағы шуылды азайту үшін бірнеше жылын құртады. Әдетте дауыстағы шуыл түкірік жұтумен, ысқырумен тікелей байланысты болады. Олардан арылу қиын емес. Ауыз құрғап кеткен кезде су ішіп, арнайы спрей себу жеткілікті. Режиссерлер мен дауыс режиссерлері қай диктордың дауысындағы шуды алуға аз уақыт жұмсаса, сол үміткерді жұмысқа бірінші болып қабылдайды.

3. Тұрақтылық

Бұл - диктордың ең басты қасиеттерінің бірі. Әдетте режиссерлер дауыс ырғағы, энергиясы, артикуляциясы тұрақты дикторларды жұмысқа алады. Яғни сөйленісінің тұрақты болуына назар аударады.

4. Нақтылық

Өзі дыбыстап отырған материалдың мағынасына үңіле білу. Бұл да - дикторға қажет қасиеттердің бірі. Нағыз маман бірінші рет көріп тұрған материалын еш қиналмай оқып шығады. Оны алдын ала оқып дайындалғандай әсер қалдырады. Диктор оқып отырған жаңалығына өзі қызықпаса, оны халық та қабылдамайтыны анық. Осыған орай, дикторлардың түрлі айла-тәсілі бар. Бірі – сөзін бастамай тұрып қолын сермесе, екіншісі – бет-пішінін өзгертеді, ал үшіншілері – мүлдем қозғалыссыз отыруды жөн көреді.

5. Шешендік

Диктор фразалар мен материалдарды оқу барысында әңгіме айтып отырғандай әсер қалдыруы керек. Бұл диктордың мәтінді қандай жылдамдықпен оқитынымен, дауыс ырғағының қандай болатынымен байланысты. Аталғандар күнделікті тұрмыстағы сөйленісімізге сай келгені жөн. Бұдан өзге артикуляция балансының да маңызы зор.

6. Эмоциясыз оқу

Бұл - мультимедиялық баяндамаларды, аудио кітаптарды дыбыстаушы мамандарға аса қажет қасиет. Осы қасиеттің арқасында олар дыбысты өңдеу уақытын қысқартады. Мұнымен қатар, енді оқитын материалын алдын ала игеріп, оған қажет тыныс белгілерін қойып отырғаны жөн.

Жалғасы бар...

Сурет: shyn.kz 

Қ. Бүйенбай