Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы бірегей жетістікке жетті

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы бірегей жетістікке жетті
Фото: Юрий Беккер

Физика-математикалық бағыттағы Алматы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат халықаралық ACT және SAT Subject Tests емтихандарынан максимал 36/36 және 2400/2400 балл жинап, өте сирек нәтижеге жетті. Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Facebook парақшасында хабарланды. 

ACT (American College Testing) – АҚШ жоғарғы оқу орындарына арналған оқушылар емтиханы. Беделді оқу орындарына түсу үшін ACT-дан 30-36 балл алу қажет. Статистика бойынша, АҚШ-та бұл емтиханды тапсырғандар арасында тек 0,1 пайызы ғана максимал 36 баллды жинайды екен, ал орташа балл – 21,1. 

SAT Subject Test – АҚШ-тың үздік 312 жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін бейіндік пәндер емтиханы. Ақназар математика, физика және биологиядан мүмкін болған 800 баллдан жинаған.

Сондай-ақ оқушы халықаралық IELTS емтиханынан 8.0 балл алған. Зияткерлік мектептің болашақ түлегі Гарвард университетінде білім алғысы келеді, қазір қабылдау комиссиясының жауабын күтіп отырған көрінеді.

Ақназар Қажымұрат қазақстандық вундеркиндтер арасында аса танымал. Оның қоржынында республикалық Жәутіков, Эйлер олимпиадаларының, халықаралық Новосібір, Қытай және өзге олимпиадалардың жүлделері бар. Ақназардың ең жарқын жеңісіне Пекинде өткен S.-T. Yau High School Science Awards математика байқауында жетті. Ал 2017 жылы Индонезияда өткен халықаралық физика олимпиадасында жеңімпаз атанды. Бір жылдан кейін Ақназар Қажымұрат физикадан APHO 2018 19-шы Азия олимпиадасының алтын медалін иеленді. Сондай-ақ, ол – Таиландта өткен IESO 2018 Жер ғылымдары олимпиадасының күміс жүлдегері.

Massaget.kz