«Грантқа түспесең...»: ҰБТ алдында балаға айтуға болмайтын сөздер

«Грантқа түспесең...»: ҰБТ алдында балаға айтуға болмайтын сөздер
Фото: 24.kz

«Грантқа түспесең оқыта алмаймыз» деп алдын-ала бала үмітіне дақ салып қоятынымыз бар. Қорыққаннан бала оқығанымен, кейде сол қорқыныш аяғын шалыс басуына басты себепкер болуы әбден мүмкін. Ата-ана ретінде сіз не істей аласыз?

1. Сөзбен емес, іспен қолданыңыз:
Болмайды:«Саған сенеміз!»
Болады: «Мүмкін, саған математикадан қосымша сабақ керек шығар?»

Кейде балаға ата-ананың артқан сенімі үлкен күш түсіріп, оның күйзеліске ұшырауына әкеледі. Сондықтан кейде «саған сенеміз» деген сөзден гөрі, балаға қосымша сабақ алу мүмкіндігін ұсынып, оның қиындықтары мен мәселерлерін бірге шешкен тиімді. Соңғы жылы мектепке жиі барып, мұғаліммен кеңесіңіз. Сынақтардан неге төмен ұпай жинағаның сұраңыз. Балаңызбен ақылдасып, қандай көмек керек екенін біліңіз. Сонда ғана бала емтиханға сенімді кіреді.

2. Баланың білімін шынайы бағалаңыз:
Болмайды«Сенің барлық сабағың – бес, тапсырасың!»
Болады: «Қай сабақтан көмек керек?».

Баланың мектептегі оқу үлгерімі оның емтиханға дайындығынан хабар бермейді. Күнделікке түскен бағадан бөлек, емтиханның сәтті болуына бірнеше фактор әсер етеді: мұғалімнің қарым-қатынасы, сынып деңгейі, сонымен қатар, баланың сәл қулығы. Балаңызбен ақылдасыңыз, дайындықты оқу жылының басынан бастаңыз. Бүгін де кеш емес.

3. Сынақтағы төмен ұпай:
Болмайды:«ҰБТ тапсырмасаң, оқуға түсе алмайсың...».
Болады: «Қане ойланайық, егер төмен ұпай жинасаң не істейміз?».

ҰБТ-дан сүріну – өз болашағыңа балта шабу, ата-ана үмітін ақтамай оларды ұятқа қалдыру. Бала жағдайды осылай қабылдайды. Дегенмен, сынақтағы жоғары балл, мектептегі «бестік» бағалар секілді – баланың бақытты, сәтті өмірінің кепілі емес. Ал, психологиялық саулық пен өмірге деген қызығушылық жоғары оқу орнына түсуден әлдеқайда артық.

Баланыңызға ҰБТ алатын төмен балл, оның арманына балта шаппайтынын түсіндіріңіз. ҰБТ тек сол арманға жол ашатын көп мүмкіндіктің бірі екенін ұқтырыңыз.  

Бала психологиясы – ең қиын нәрсе. Әсіресе, жасөспірім шақта оның түсінігі мен қабылдауы сан құбылады. Жыл сайын сынақтан соң еститін қайғылы жайттар, ата-ананың балаға емтихан түсінігін дұрыс жеткізбеуден, оның артына үлкен жауапкершілік жүгін артып тастағаннан болады. ҰБТ-ға сізд балаңызбен бірге дайындалыңыз.

Т. Есқали