«Үйдегілер айтты» деп мамандық таңдау дұрыс па?

«Үйдегілер айтты» деп мамандық таңдау дұрыс па?
Фото: ru.dku.kz

Мамандық таңдау – жүгі ауыр жауапкершілік, алдағы өміріңізді айқындайтын, материалдық және рухани байлық тұрғысында мақсатқа жетелейтін бірегей шешім.

Он бір жылдық оқуды аяқтап, келешекке үмітпен ұмтылған әрбір түлектің үлкен өмірге қадам басуында маңызды рөл ойнайтын мамандық таңдау кезеңінде қателікке ұрынбау басты міндет. Себебі ол ертең жемісін бермесе бәрі кеш болуы да мүмкін.

Қазір жастар арасында мамандық таңдау үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі олардың алдында екі таңдау бар: өзінің қалауы және ата-анасының таңдауы. Ал осы екі таңдаудың ортасында тұрған кезде қандай әрекет жасау керек?

Ата-ананың таңдауын жасауға болады, егер:

– Ішкі түйсігіңізде қалап тұрған мамандығыңыз немесе қызығушылығыңыз жоқ болса (жақсылап ойланыңыз, арманы жоқ адам болуы мүмкін емес);

– Белгілі бір мамандық ( мәселен заңгер, қаржы, педагог) ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, әлі күнге дейін жібін үзбей келе жатқан болса;

– Сол мамандықты оқып бітірген соң, сізге жоғары жалақы мен көңіліңізден шығатын жұмыс дайын тұрса;

Ескерту: егер жұмыс бабы сізді қызықтаратын болса ғана бұл шешімге келісім беріңіз.

Өз таңдауыңызды жасау ең дұрыс шешім, себебі:

– Мамандық оқу үдерісі кезіндегідей қалыпты бір жағдай емес, ол ертеңгі күні сізге мұрат болатын, серік болатын жолдасыңыз;

– Өміріңіздің мәні де сәні де сіз таңдаған мамандықтың беретін жемісі болмақ;

– Материалдық тұрғыдан қиналмай әрі өзіңіз сүйсіне жасайтын жұмыстың кепілі;

– Рухани жағынан да, күйзеліске түспей ләззаттана отырып әрекет ететін қызметіңіз;

– Жұмыстан қалжырасаңыз да, іштей демалып, риза болып атқарасыз;

– Мамандық сіздің жарыңыз секілді, қай жерде болса да қасыңыздан табылады;

«Үйдегілер айтты» деп мамандық таңдау – қателік. Сондықтан ең дұрысы өз шешіміңіз болғаны абзал. Ата-ана сізге тек бағыт беруші бағдаршам ғана. Ал жолдың қалған бөлігін жүріп өту – сіздің борышыңыз.

Түлектер жоғары оқу орындарына өзі түсінбейтін, өзі қаламайтын мамандыққа түсіп, оқудан шығып, шәкіртақыдан айрылып, ең сорақысы әртүрлі жолға түсіп, бұзылып кетіп жататыны шындық. Мәселен үлкен қалада ақыры өзі оқығысы келмейтін болған соң, мамандығын сүймеген соң түрлі жұмыстар жасап ақша табуға асығатын жағдаяттар бар. Ал бұл ақша уақытша екенін ескеру керек. Өйткені сіздің тұрақты жұмысыңызды қанағаттандыратын бір тілім «диплом» деген қағазыңыз болмаса тағы бекер. Сондықтан мамандықты «ертең жейтін наным» деп қарап, ол маған ғана керек деген түсінікпен таңдау керек.

Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейтін өлең жолдары сізге өмірлік азық болсын!

М. Ақан