Тренингте ұйымдастырылатын психологиялық ойындар

Тренингте ұйымдастырылатын психологиялық ойындар
Фото: www.psychologos.ru

Қазір барлық адам жігерлендіру (мотивация) мен көңіл аударуға (внимание) зәру. Көп жастар бір істі бастайын десем мотивация ала алмай жүрмін, яғни кірісіп кетуіме түрткі болатын ештеңе табылмай жүр деп шағымданады. Сұранысқа орай, ұсыныс та бар. Жер-жерде түрлі тренинг өткізу сәнге айналғалы қашан. Тренингтер әзіл айтумен басталып, жан мен сананы сергітуге арналған ойындармен қыза түседі. Ал күндердің күнінде сізге де аяқ асты ел алдында сөйлеуге тура келетін жағдай туса, тыңдармандарды қалай қызықтыруға болады? Біле жүріңіз.

Алдымен таныстықтан бастайық. Мұның өзін қызықты сауыққа айналдыруға болады. Екі тәсілін ұсынайық:

Отырғандар алдымен өз атын айтып, содан соң жанындағы жанға мадақ сөз айтады. Тізбек осылай соңына дейін жалғаса береді.
Мысалы: Менің есімім – Кербез, (оң жағында отырған) Маржан – нәзік қыз.
Келесі қастысушы: Менің есімім – Маржан (оң жағында), Азамат – салмақты жігіт.
– Бірінші адам өз есімін және есімінің бас әрпінен басталатын өзіне тән сын есім айтады, жанындағы адам көршісінің айтқанын қайталап және өз атын айтады.
Мысалы: Мен – Ермекпін, Ермек – ержүрек.
Келесі адам: Ермек – ержүрек. Мен – Әлимамын, Әлима – әдемі.
Үшінші адам: Әлима – әдемі. Мен – Ғарифолламын, Ғарифолла – Ғажап. Осылай жалғаса береді.

Одан соң қатысушыларға қалта толы кәмпит (не басқа да тәтті) беріңіз. Біреуі барлығына үлестіріп шыға ма, өздері бөліп ала ма – оны еріктері білсін. Тек басты шарты: тәтті ешкімге жетпей қалмауы керек және қалтаны босату қажет. Талап орындалған соң, келесі шартымен таныстырасыз. Кімге ең көп тәтті түскенін анықтаңыз. Біреуге 2 кәмпит, біреуге 5 кәмпиттен тиюі мүмкін. Енді ең көп тәтті алған адам қолындағы кәмпитінің санына қарай өзінің жақсы қасиеттерін айтып шығады. Мысалы: 4 кәмпиті болса, мен ақкөңілмін, сабырлымын, мейірімдімін, жайдарымын деп өзінің төрт жақсы қасиетін айтуы тиіс.

Тәттілер бір жағынан ойынға арқау болса, екінші жағынан бақыт гормондарын көбейтіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тренингті асқан құлшыныспен тыңдауға жетелейді.

Келесі ойын – телефон. Қатысушылар бірнеше топқа бөлінеді. Ұйымдастырушы неше топ болса, сонша жаңылтпаш дайындап әкелуі керек. Ойыншылар бірінің артына бірі қатарға тізіліп тұрады. Бірінші тұрған адамға жаңылтпаштарды сыбырлап айтасыз. Барлығы толық естіген соң, топтар ойынды бірге бастайды. Әп дегеннен жылдамдатып артында тұрған адамға жаңылтпашты сыбырлап айтып жеткізуі керек. Қай топ бірінші аяқтап және қатесіз айтса, сол топ жеңімпаз атанады. Жаңылтпаш қатардың соңына дейін жеткенше, сан құбылып, бастапқы қалпынан мүлде өзге сөздер шығады.

Түйін: жаңылтпаш сияқты кез келген жаңалықты әркім әрқалай естиді, әркім өз шамасынша түсінеді, әртүрлі қабылдайды, басқа адамға естігенінен басқаша жеткізеді, мұны қате екенін өзі де білмеуі мүмкін. Сондықтан естіген сөзіміздің барлығын шын деп қабылдауға болмайды. 

Тренинг соңына қарай қатысушыларға әртүрлі қанатты сөздер жазылған қағаз таратып беріңіз. Тек мұнда авторы көрсетілмеуі тиіс. Шарты: осы нақыл сөздің авторы кім екенін өзі тауып не гуглге жазып, сол тұлғаның өмірбаянымен танысуы тиіс. Әр тұлғаның өмірінде үлгі аларлық, мотивация боларлық қасиеттер кездеседі.

@. @assel_assanova