Сауаттылық – басты білім

Сауаттылық – басты білім
Фото: LM.pl

Сауатты жазу – білімділіктің басы. Күнделікті өмірде жан-жағымызды барлайтын болсақ, сауатты жазатын адамдар өте аз кездеседі. Сауаттылық – көрсеткіш, сапа. Пунктуациялық, құрылымдық қателерге кешіріммен қарауға болады. Алайда, орфографиялық қателерге жол беруге болмайды.

Бүгінгі таңда жұртшылық әлеуметтік желілер арқылы хат алмасуда белсенді. Соның әсері болар, көпшілік қауым әріп тастап кету, орнын алмастыру, сөз тіркестерінің бірге жазылуы, жалғау мен жұрнақтардың дұрыс қолданылмауы, кейде тіпті буындардың қалып қоюы сынды айтарлықтай қателіктерді жиі жібереді. Орысша немесе ағылшынша әріптерге бейімделген адамдар күнделікті өмірде шатасып жатады. Нәтижесінде, түсініксіз сөздердің жазылуы тағы да түсініспеушілікке әкеліп соғады. Сауаттылығымызды арттыру үшін не істеуіміз керек?

1. Ұялы телефонға қазақша әріп қызметін орнатамыз. Көп уақыт алып, әуреге салмайтыны анық. Ерінбеңіз!

2. Қазақтың төл сөздері не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып келетінін ұмытпаңыз. Соған сай қосымшалар да біркелкі жалғанады. Дегенмен, кейбір сөздерге тән арнайы ереже бар.

3. Көркем әдебиетті көбірек оқыңыз. Сөздердің жазылуы есте сақталады. Оған қоса біліміңіз молаяды.

4. Қатемен жұмысты жиі жасаңыз. Қайталау жақсы нәтиже береді.

5. Шылау мен жалғауды ажыратып үйреніңіз. Ол үшін сөздің мағынасына көбірек мән беріңіз. Осы орайда қазақ тіліндегі септік жалғауларын жаттап алған жөн.

6. Сөзді қысқартып қолдануға әуес болмаңыз. Барынша толық нұсқасын жазып үйреніңіз. Ауызекі сөйлеу барысында қысқа сөйлесеңіз де, жазғанда сауатты болу шарт.

7. Ой жинақылығы маңызды. Не жазатыныңызды сараптап алыңыз!

8. Бастауыш сыныптағы "сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады" ережені ескере жүріңіз. Сол кезде дыбыс қалдырудан, буынға бөліп тасымалдаудан қиналмайсыз.

9. Қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылуындағы ерекшеліктерді білуге тиіссіз. Екінші буында көп жағдайда еріндіктердің кездеспейтінін де есте сақтаңыз.

10. Аяқсыз сөйлемнен абай болыңыз. Сөйлем қашанда тиянақты болуы керек.

Осындай ережелерді есте сақтасаңыз, тым сауатты болмағанмен, сауаттылыққа бір табан болса да жақын жүресіз. Бұрынғы кездегідей хат жазу, хат алмасу қазір көп кездеспейді. Көп жазған сайын қағазға төселесіз. Егер уақытыңыз болса, жиірек жазған дұрыс. Клавиатурамен емес, қаламмен жазғанның пайдасы зор. Сауаттылықтың аталған қыр-сырына жүгіне жүріңіз. Сөзге де, іске де сауатты ұрпақ болайық!

Ә. Жутаева