ҰБТ. Қазақстан тарихы пәніне қалай дайындаламыз?

ҰБТ. Қазақстан тарихы пәніне қалай дайындаламыз?
Фото: massaget.kz

Талапкерлердің кейбірі оқу жылы басталғаннан-ақ ҰБТ дайындығына кіріседі, ал кейбірі асығыстық танытпауы мүмкін. Бірақ, сәттілік – оқығанның жағында. Оған талас жоқ. Ең бастысы, өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Қазақстан тарихы пәні көп дайындықты талап етеді. Атаулы күндерді есте сақтау қиынға соғады. Олай болса, мына кеңестерге жүгініңіз.

Бірінші әдіс. Тарих пәнінің басым бөлігі атаулы күндер мен есімдерден тұрады. Оқушылардың көпшілігі осы тұсқа келгенде қиналады. Есте сақтау үшін мына әдістерді қолданып көріңіз. Мысалы, 1965 жылы Жаңаөзенде алғаш рет мұнай алынды, ал төрт жылдан кейін КП ОК-ның Бірінші Хатшысы болып Д. Қонаев отырды деп байланыстырып жаттаған тиімді.

Егер оқушы 1902 жылы Орынборда алғашқы маркстік құпия ұйымның бірі құрылды деп, аспаннан түскендей жаттаса, санада қалу-қалмауы екіталай. 1882 жылы Семей мен Шынжаң арасындағы сауда 337 мың сомға көтерілді, демек осы оқиғадан 20 жылдан соң, (1902 жылы) Орынборда маркстік құпия ұйым құрылды деп жаттаған дұрыс. 

Бір датаны жаттау үшін екі оқиғаны байланыстырған жөн. 

Екінші әдіс.

5% - бұл оқушының мұғалім айтқанынан түсінгені.

75% - бұл оқушының өзі ізденіп, тауып оқығанынан есте қалатыны. 

95% - бұл басқа біреуге білгенімізді айтып, одан да білмегеінімізді білсек есте қалатын мәліметтер. 

Бұл не үшін деп ойлап отырған боларсыз? Тарих пәнінен дайындалғанда екі адам болып немесе топ болып оқыған жақсы. Біріңіздің білмегеніңізді екіншіңіз толықтырып отырасыз. Бұл бір оқпен екі қоянды атқанмен тең, сіз де, досыңыз да жаттығады. «Бұл неге мұндай болды? Қалай болды? Қай уақытта? Мұны кім айтты?» деген сұрақтардың жетегімен бір нұсқаны оңай талдай аласыздар. 

Тек ескеретін бір жайт, топ боп дайындалғанда ішінде басқа нәрсе ойлап, айтып, оқушыларды алаңдататын адам болмауын қадағалаңыз.

Д. Карнеги өз еңбегінде басты үш нәрсеге назар аудартады: есте сақтаудың басты үш заңдылығы бар: әсер, қайталау және ассоциация. Осы үш тұғырды қатар ұстап тұру керек. Тек Қазақстан тарихы пәніне ғана емес, басқа пәндерге де керегі бар. 

Үшінші әдіс. Қайталау. Ғалымдардың зерттеуінде адамның 3 күн жүріп, 38 рет қайталағанын студент бір отырғаннан 68 рет қайталап оқи алады екен. Жай қатайталап емес, өзіңіз естіп және түсініп қайталаған жөн. Оған қоса, тарих пәнін оқуда музыканың көмегі тиеді. Махамбеттің «Жұмыр қылыш» секілді рухты, көз алдыңызға шайқас алаңын елестетін әуендерді тыңдай отырып, майдан туралы параграфты оқысаңыз, әсерлі көрінуі мүмкін.

Қазақстан тарихы пәніне дайындықта сіздің тәжірибеңіз қандай?

Г. Берік