ҰБТ-ға дайындықты неден бастаймыз?

ҰБТ-ға дайындықты неден бастаймыз?
Фото: voxpopuli.kz

Жоғары сыныпқа өткен соң барлығымызда бір мәселе басталады. ҰБТ. Не істеймін, кім боламын, қандай пән таңдаймын, қалай тапсырамын – бұл сұрақтарға бас қатыра берсеңіз, шешімі табылмастай көрінеді.

Сіз 10-11 сынып оқушысы болсаңыз, уайыммен уақыт өткізбей, дайындықты дәл қазірден бастаңыз. Ештеңеге алаңдамаңыз. Осыған дейін де бірнеше емтихан тапсырдыңыз ғой. Бұл да сол секілді, бір күнде өтеді де кетеді. Әр минутыңызды қадірлеп, бар уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз.

Бірінші. Тестке дайындықты бастамас бұрын таңдау пәніңізге нақты шешім жасаңыз.

– Сіздің болашағыңыз осы пәнмен тығыз байланысты ма?

– Сол пәннің жетегіне еріп, алысқа бара аласыз ба?

– Әдебиет, ағылшын тілі секілді грантқа түсу үшін тым жоғары ұпайды қажет ететін пән таңдаған болсаңыз, сол жетістікке анық жете аласыз ба?

– Жүрегіңіздің қалауы анық осы бағыт па?

Осы сұрақтарға жан-жақты жауап іздеп, тез арада бір шешімге келіңіз. Жылдың жартысы өтіп кеткен соң қалауыңыздан айнып қалып, бос кеткен уақытыңызға бола бармақ шайнап жүрмеңіз.

Екінші. Мектеп кітапханасынан 5-11 сынып оқулықтарын түгел алыңыз. Техникалық бағыттағы мектепте оқитын болсаңыз, басқа мектептен гуманитарлық бағытқа арналған оқулықтарды да алдырыңыз. Таныстарыңыздың өткен жылғы сынақ тесті кітапшаларын алыңыз. Төменгі сынып оқулықтарын қайта оқуға күніне 1-2 сағат арнаңыз.

Үшінші. Тест кітапшаларын алып, үйде өзіңізді тексеріңіз. Қате жауап берген сұрақтарды талдаңыз. Жауабын кітаптан не интернеттен іздеп табыңыз. Сонда сұрақтың жауабы есте жақсы сақталады. Оны жазып қойсаңыз тіпті жақсы. Жауабы табылмаған сұрақтарға арнап дәптер ашыңыз. Қатарластарыңызбен бірге талдап, жауабын бірге іздесеңіз, іс өнімді болады. Тесттен өту барысында қай тақырыптан ақсайтыныңызды бақылаңыз. Нәтижесін шығарған соң сол тақырыпты ерінбей, әр сөзіне зер сала мұқият оқып шығыңыз.

Төртінші. Мектепте сынақ тестін тапсырғанда сыныптастарыңызбен не басқа мектептегі достарыңызбен бәстесіңіз. Ойын арқылы жоғары ұпай жинауға талпынып, дайындықты күшейтетін боласыз. ҰБТ кезінде қобалжып, абыржып қалмас үшін әр сынақ тестілеуі кезінде өзіңізді шынайы тестте отырғандай сезініп, осы бастан бой үйретіңіз. Сынақ тесті ғой, бұл ештеңе шешпейді деп салғырттық танытушы болмаңыз. Белгілеу парақшасын толтырғанда да аса мұқияттылық танытуға қазірден дағдыланыңыз.

Бесінші. Нәтижелерді жазып, алдыңғыларын соңғысымен салыстырып олтырыңыз. Ұпайыңыздың жоғарылап келе жатқанын көрген сайын, дайындалуға деген талпынысыңыз арта түседі. Ілгерілеу байқалмаса, өзіңізді қайрап, келесі тестте міндетті түрде бұдан жоғары ұпай жинаймын деп мақсат қойыңыз.

Алтыншы. Әдетте 10-11 сынып оқушылары таңертең сабаққа, түсте дайындыққа барып жүріп дұрыс тамақтануды назардан тыс қалдырады. Таңертеңгілік толыққанды тамақтанып, түсте міндетті түрде ыстық тамақ пен шай ішіңіз. Асқазан жұмысы нашарлап, денсаулығыңызға ақау келер болса, неше жыл бойы дайындалып жеңіп алған грантыңыз бір тиын болады, өзіңізді күтіңіз.

Жетінші. Тест, дайындық деп түбіне түсіп кетпеңіз. Бір мезгіл миды да тынықтыруды ұмытпаған жөн. Аптасына бір күн өзіңізге демалыс беріңіз. Көңіл көтеретін орындардан, отырыстар мен кештерден тыйылсаңыз да, күніне бірер сағат таза ауада тыныстауды әдетке айналдырыңыз.

@. @assel_assanova