Талапкер: Репетиторды қалай таңдаймын?

Талапкер: Репетиторды қалай таңдаймын?
Фото: zhambylnews.kz

Репетитор таңдау мәселесінде алдымен нақты қажет пе, жоқ па – осыны анықтап алған жөн. Бұл ата-анаға артылатын жауапкершілік болғандықтан оған оқушының өзіне қарағанда, әке-шешесі көп бас қатырады.

Қамқоршысы баланың қарымына, мүмкіндігіне баса зейін қою керек. Егер бала сабақ үлгерімі тым нашар, тестке дайындалуға құлықсыз болса, оны өз ісінің хас шеберіне апарып оқытса да, нәтиже шықпайды. Демек, репетитор әуелі арманы айқын, мақсаты мығым оқушыға қажет.

Репетитор – оқушыға кітаптағы ғылыми тілді қарапайым сөзбен түсіндіріп, санасына сіңіруші. Шәкірт мектепте өзге оқушыларға ілесе алмай, көппен бірге жалпы үйреткен білімді игере білмеген жағдайда жеке оқытатын мұғалімге мұқтаж болады. ҰБТ-ға дайындық кезінде әдебиет, қазақ тілі, дүние тарихы секілді гуманитарлық пәндерге, сонымен бірге биология, география тәрізді ауызша дайындалуға болатын сабақтарға репетитор көмегіне жүгінбей-ақ дайындалуына болады.

Ата-ана баласының өздігінен оқуына сенімсіз болғанда не жеке отырып дайындалғаннан, мұғаліммен дайындалу оқушының жауапкершілігін жоғарылатады деген шешімге келгенде репетитор жәрдеміне жүгінеді.

Бірыңғай тестілеуге дайындықты кемінде екі жыл бұрын бастаған абзал. 10-сыныпта оқушы арнайы жоспар жасап, дайындала бастаса, аңыз секілді көрінетін 125 ұпайды жинауға кез келген талапкердің мүмкіндігі бар. Бір жыл бойы оқығанда түсінбеген тақырыптарының тізімін жасап, тағы да қайталауды қажет ететін мәліметтерінің тізбегін құрса, 1 жыл қалған кезде мейлінше оңайға түседі. Әрі репетиторға дайын болып барады. Ал тест өтуіне 2 ай не 1 апта қалғанда қосымша оқытатын мұғалімге барып, нәтижесі оң көрсеткіш бермесе, репетиторге ренжудің реті жоқ. Ол кезде тек қана өзіңізге ренжуге тура келеді.

Ата-анаңыз сізді репетиторге оқытуға қарсы болса, оған кінә артпағайсыз. Олардың қасында өткізетін бір-ақ жыл уақытыңызды орынсыз өкпемен, болымсыз ренішпен өткізбеңіз. Демек ол пәнді толық игеруге өзімнің шамам жетеді, олар маған сенеді деп санаңызда жақсы ойларға ғана орын беріңіз. Мысалы, сіз журналистика факультетіне түскіңіз келеді дейік. Математика пәнін жақсы түсінбейсіз. Ата-анаңыз сонда да сізді математикадан репетиторге жібермейді. Олардың да бір білгені бар. Шығармашылық емтихан тапсырған кезде тек қана қазақ тілі мен тарихының ұпайы есептеледі. Сонда сіз үлкеннің сөзіне құлақ түру арқылы уақытыңызды қажетсіз іске жұмсамайсыз. Екілік алып қалмай, 7-8 ұпай жинасаңыз да ұтылмайсыз.

Енді барлық мәселе шешілді, сіз жеке оқытатын мұғалім көмегіне зәру екеніңізге толық көз жеткіздіңіз дейік. Репетиторды қалай таңдаған жөн?

Өткен жылы мектеп бітірген аға-әпкелердің, өзге де таныстардың ұсынысын қарастыру. Олар сіз аттағалы тұрған белестен өтіп кеткеннен кейін біраз нәрсе біледі, өз тәжірибесінен бөліседі. Қай орталықта, қай жерде қай мұғалім жоғары нәтижеге жеткізетінінен хабардар етеді.

Талапкердің өзі не ата-анасы мұғалімнің жұмыс жоспарымен танысу. Онда мектеп бағдарламасынан да тыс, тестте келетін тапсырмалар бар екеніне көз жеткізу. Қосымша дайындау ісімен бірнеше жыл айналысқан, тәжірибелі мұғалімде бұл болуы тиіс.

Сізде санаулы уақыт қалды, әр сағатыңыз, әр минутыңыз алтыннан қымбат.

Сабақтың секундын да босқа өткізбей, әр уақыттың қадірін білу. Ең бастысы, өз жұмысына толық берілген, сіз бәйгеге шапқанда, үйде тақымын қысып отыратын шынайы жанашыр жанды қателеспей таңдаңыз. Сынақ тесті өткен сайын тағатсыз күтіп, жоғары ұпайыңызға сүйініп, төмен балыңызға күйініп отыратын ұлағатты ұстазға жолықсаңыз, жолыңыз болғаны! Іске сәт!

@. @assel_assanova