Нағыз өмірдің дәмін тататын уақыт жетті

Нағыз өмірдің дәмін тататын уақыт жетті
Фото: Досжан Балабекұлы

Алтын ұямыз қанатымызды қатайтып, басымыздан сипап, үлкен өмірге ұшырды. Санаулы күндерден соң қиыны мен қызығы алма кезек келіп отыратын нағыз шынайы өмір басталады. Бұл айтыла салған сөз емес, шынымен де нағыз өмірдің дәмін тататын уақыт жетті. Бәріміздің көңіліміз алаң. Жаңа орта, жаңа достар, жаңа мұғалімдер, жаңа аймақ... бәрі жап-жаңа, мүлдем бейтаныс. Қалай болар екен?

Ең алдымен денсаулығыңызды күтіңіз. Ауруды сылтауратып сабақтан қалсаңыз, өзіңізден өзге ешкім қиналмайды. Уақытында ала алмаған балдың орнын кейін толтыру қиынға соғады. Әрі мұнда сіз ауырып қалды екен деп өбектеп, емдейтін кісінің кескіні шамалы. Барынша ауырмаудың қамын жасаңыз.

«Дұрыс тамақтан» деп ата-анаңыз онсызда құлақ шекеңізді жеп бітірген болар. Бірақ, бұл сіз ойлағандай адамды мезі ететін сылдыр сөз емес, салмағы ауыр сөз. «Ауру – астан». Көше тамақтарына (самса, донер) әуес болмаңыз, оларды кім, қалай жасайтынына, одан шегер зияныңызға ешкім жауап бермейді. Жылдам дайындалатын тағамдарға (Fast food) екі аптада бір рет қана барып тұруға болады. Әрі ақшаңызға үнем, әрі денсаулығыңызға пайда.

Өзіңізді, айналаңызды таза ұстаңыз. Бұл да – ауырмаудың бір әдісі. Жаныңыздағыларға сыйлы боласыз. Онымен бірге жүрегіңіздің ішкі тазалығы да әрдайым естен шықпасын.

Тым көп қыдыруға құмар болмаңыз. Керісінше, тым бұйығы болып, қатарыңыздан қалып қоя бермеңіз. Шектен шықпай, бірқалыптылықты сақтаңыз. Қайда жүрсеңіз де сізді тәрбиелеген адамдар жадыңызда тұрсын. «Осы әрекетімді ол кісілер құптар ма еді» деген оймен жүрсеңіз теріс қадамдарға бара қоймассыз.

Алғашқы жылы белсенді болыңыз. Іс-шараларға қатысып, студенттік ұйымдарға мүше болыңыз. Егер жатақхана алатын болсаңыз, белсенді студенттерге бірінші кезекте беріледі. Жоғары курс студенттерімен тез танысып, жақын араласыңыз. Кіммен қалай сөйлесу керек, қай ұйым құрамында болу керек, қай жерге қалай бару керек деген мәселелер жөнінде олардың айтары көп. Білмегеніңізді сұраудан қысылмаңыз. «Перваш» деп әжуа тастауы – заңдылық, оны көңілге алмаңыз.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova