Мамандықтың бәрі жақсы: Референт

Мамандықтың бәрі жақсы: Референт

Референт дегеніміз – бастығына барлық істе көмек көрсетіп, хатшының рөлін қатар атқаратын маман.

Әртүрлі сұраққа байланысты кәсіби деңгейдегі кеңес айтады. Түрлі баяндама дайындап, бастығының алдына құжаттарды реттеп әкеледі. Көп жағдайда референттің міндеттін хатшы орындайды.

Референт – бастығының жұмысын жеңілдету үшін тағайындалады. Ертедегі хандардың билері секілді оң қолдың қызметін атқарып, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Тек тапсырма орындаумен шектелмейді. Арасында өз тарапынан шешім қабылдап, өзінен шені төмендерге бұйрық береді.

Жеке қасиеттері: тіл табыса алу, жауапкершілік, орындаушылық, ұйымдастырушылық.

Білімі. Бірнеше шетел тілі мен кеңселік бағдарламаны білгені абзал. Қазіргі таңда арнайы осы саланы оқытатын ЖОО-лар жоқтың қасы десек те болады. Әдетте хатшыларды дайындау курсында қосымша болып енгізіледі.

Жұмыс орны мен мансап. Рефентті жан-жақты мамандық десек те болады. Кез келген кеңсеге қажет. Әсіресе жас мамандарды көбірек жұмысқа алады. Кеңсенің ішкі жұмысынан хабардар болу, құжаттарды реттеу, архив қағаздары, протокол енгізу, бұйрық құжаттарын құрастыру, телефон қоңырауларын ретке келтіру сынды жұмыстармен айналысады.

Туыстас мамандықтар: хатшы, қызметтік менеджер, архивариус.

Қ. Бүйенбай