2015 жылы Қазақстанға қандай мамандар қажет?

2015 жылы Қазақстанға қандай мамандар қажет?
Фото: voxpopuli.kz

ҰБТ-ны тапсырған соң жеңілдеп, мойыныңыздан ауыр жүк түскендей күйде жүрген шығарсыз. Бұл да – өмір атты ұзақ жолда алдыңыздан кездескен кішігірім өткел деп біліңіз. Әлі алда талай қиындық пен қуаныш күтіп тұр. Ендігі мәселе – грантқа түсу, оған қатысты құжаттарды толтыру. Ең бастысы, өзіңізге сай мамандықты таңдау.

Әдетте жасы үлкендер «Өмірде екі нәрсені таңдаудан шатаспа. Оның бірі – мамандық, екіншісі – жар» дейді. Осы сөз құлаққа жауыр естілсе де, жаны бар екені рас. Егер мектепті бітіре салысымен отбасын құрып, шаңырақ көтеріп жатсаңыз, біз сіз үшін қуанамыз. Өйткені адам баласының ең бірінші мақсаты - өмірге ұрпақ әкеліп, өзінің тегін жалғастыру. Осылайша өмірге өшпес із қалдыру. Бұдан асқан бақыт жоқ секілді. Егер сезімдеріңіздің берік екенін біліп, өмір бойы бірге болуға серт байласқан болсаңыздар, іске сәт. Ал алдымен мансап мәселесін реттеп алғысы келетіндерге айтарымыз бар.

Мамандық таңдаған соң, қай ЖОО-да оқығыңыз келетінін анықтаңыз. Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс болып жатқанын және жалақысының қандай мөлшерде екенін анықтауға тырысыңыз. Кейде асыра сілтеп, балымыз төмен болса да, қара шаңырақ ҚазҰУ-дей ЖОО-да оқығымыз келетіні рас. Бірақ осы тұста сертификаттағы балыңызға және әке-шешеңіздің қалтасына қараңыз. Білім қай жерде болса да, білім болып қалады. «Студент» деген сөздің өзі «өз бетімен ізденуші» деген мағынаны білдіреді. Яғни басыңыздағы білімнің сапалы болатындығы тек өзіңізге байланысты. Дәл қазір қара шаңырақтың 4-курс студентімін. Өз тәжірибемнен ұстаздардың тек бағыттап отыратынын білемін. Айтайын дегенім мұны кез келген оқу орнында жасайды. Әрине, төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Олар адамгершілік, мораль мәселесіне келген кезде, бізді жатсынбай, кеңестерін айтып отырады. Мұны да кез келген ұстаз жасайды деп ойлаймын. Себебі ұстазға шәкіртінің бәйгеден озғанынан артық бақыт жоқ секілді. Сол себепті балыңыз аз болып тұрып, қымбат әрі беделді оқу орнын таңдауға асықпаңыз.

ЖОО-ны таңдаған соң қалаған мамандығыңызды дұрыс жазуға тырысыңыз. Себебі грант бөліну мәселесінде мамандықтар сіздің жазған ретіңіз бойынша қарастырылады.

Түлектер ҰБТ тапсырып болған соң грантқа ие болуды мақсат тұтады. Олардың көбісі ҰБТ мен кешенді тестілеуден жоғары балл алсам болды деп есептейді. Алайда мәселе мұнымен шешілмейді. Мәселенің тек баллда еместігі қызық жағдай екені рас. Себебі грант белгілі бір мамандықтарға ғана тағайындалады. Яғни грант бірінші кезекте Қазақстанға қажет мамандықтарға бөлінеді. Мысалы, 2015 жылы темір жол мен электр жабдықтарын жасай алатын мамандар қажет. Аталған салаға қатысты грант көп бөлінетін болады. Бұл мамандықтарға төмен баллмен де түсе аласыздар.

«География» пәнін таңдағандардың жағдайы қиындау. Бұл салаға қатысты грант жоқтың қасы десек те болады. Тек жоғарғы балл жинаған жағдайда ғана грантқа түсуіңіз мүмкін.

Таңдауыңыз қандай болса да, іске сәт дейміз!

Қ. Бүйенбай