Өмірдің құны ҰБТ-мен өлшенбейді

Өмірдің құны ҰБТ-мен өлшенбейді
Фото: Саша Гореликова, 38astana-bilim.kz

Жыл сайын әлем елдерінде миллиондаған адам өзіне қол жұмсап, жарық дүниемен қоштасады. Соның сегіз мыңы қазақстандықтарға тиесілі. Аталған көрсеткіштің ең көп бөлігін жасөспірімдер мен балалар құрайды. Осыдан бес жыл бұрын 2010 жылдың өзінде 237 жасөспірім өмірімен қоштасқан болатын. Соның 16-сы Таразда тіркелген. 

Жасөспірімдер суициді – біздің қоғамның ең басты індеттерінің бірі. Бұл қиындықпен ұстаздар, ата-аналар, барша халқымыз күресіп келеді. Әрбір ҰБТ өткен сайын жағдай қиындай түсуде. №13 мектептің ұстаздары психологтармен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен бірігіп, жасөспірімдердің өмірмен қоштасуының себебін бірге анықтады. 1-11 сынып оқушылары бір апта бойы И.М.Юлдашев бастаған ұйымның «Мен өмірді таңдаймын» атты науқанына қатысты. Дөңгелек үстел барысында түрлі фильм, слайд көрсетіліп, оқушылар мен қонақтар суицид тақырыбында пікірталас өткізді. Балалардың суицид туралы ойлауының себебін анықтап, оны тоқтатудың амалдарын қарастырды. Ересектер мен балалардың жүрегін қарып өткен оқиғалар айтылды: жауапсыз махаббат, ата-анамен тіл табыса алмау, сыныптастарымен сыйыспау туралы әңгімелер. Бақытты өмірді бейнелеген картиналар оқушылардың бір-біріне танытқан қатыгездігін көрсеткен кадрлармен алмасты. Бұл суреттерді қарап отырған кезде, денеңіз түршігеді. Қыздың перденің арғы жағында отырып басынан өткен оқиғасын баяндауы – тәрбие сағатының «шарықтау шегі» болды. 11 сынып оқушысы тіпті ҰБТ туралы ойлаудан қорыққан екен. Қорлан (шын есімі жасырылған) ойдағыдай балл жинай алмасам, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтай алмай қаламын, артынша арманымның күлі көкке ұшады деп қорыққан. «Жоғарғы білімім болмаса, мен кімге керекпін» деп қатты уайымдаған екен. Уайымының күштілігі соншалық, еш ойланбастан жарық дүниемен қоштасқысы келген. Ия, медицина университетіне түсе алмады. Арманы орындалмады. Алайда жанынан жығылғанда сүйеу болар жақындары табылды. Дәл қазір Қорлан Тараз университеттерінің бірінде журналист мамандығында оқуда. Ол сол уақытта ессіз әрекет жасамағаны үшін бақытты. «Бар болғаны арманыңызды ауыстырыңыз. Сол кезде өмірдің керемет екенін көресіз», - дейді кешегі түлек өз орнын басар бауырлары мен сіңілдеріне.

Ол тәні қатты ауырса да, көз жасын тыйып тұрды... Осы көріністі бақылап тұрып, кеудем көз жасыма булыққандай болды. «Жақын күндердің бірінде жайсыз оқиғалардың куәгері болдым. Уақыт түскі асқа таяп қалған еді. Тараздың орталығы. Мен кеңсеге қайтып келе жаттым. «Барс» дүкенінің баспалдағында 12-13 жастағы жасөспірімдер бір-бірімен жанжалдасып тұр. Машинаның жанынан көп адам өтіп жатыр... Қас қағым сәтте жасөспірімдердің бірі екіншісіне кәсіби деңгейдегі соққы жасады. Айналып тепкен бала шамасы таэквондошы болуы керек. Соққының қатты болғаны соншалық, бала ауаға ұшып барып, қара жерге құлап түсті. Топ өздеріне жүгіріп келе жатқан мені көрмегенде, баланы өлімші етіп сабайтын еді. 10 шақты адамнан құралған топ жан-жаққа тарқасты. Ал бала көлшіктің үстінде жатты. Бетінен қан ақты. Өзім де алтыншы сыныпта оқитын баланың анасымын. Жаңағы жерде туған баламды ұрып жатқандай әсерде болдым. Көмектесу барысында баланың №5 мектепте оқитындығын, өзін кімнің ұрып-соққанын білмейтінін анықтадым. Ал баланы соққандар алаяқтар тобы секілді қалтасындағы барын алып, артынша кемсіту үшін ұрған болуы керек. Денесі қатты ауырса да, көз жасын тыйып тұрды. Күндіздің өзінде мұндай оқиға болуы мүмкін екенін көргенімде, қатты жүрексіндім. Мен және менен өзгелері төбелеске араласып, оны тоқтатпады. Біз кетіп бара жатқан кезде, жақын маңда тұрған көліктерден ересек адамдардың шығып, аянышпен қарағанын байқадым. Олардан: «Мұны неге тоқтатпадыңыздар? Жасөспірімдерді неге қорқытпадыңыздар? Солай жасағаныңызда, бала таяқ жемейтін еді ғой! Олардың орнында сіздің балаңыз болса ше?!» - деп сұрағым келді. Біздің қоғамымыздың мұншалық қатыгез болып, айналасындағыларға бей-жай қарайтындығы қорқытады. Ешкім біреудің ісіне араласқысы келмейді. Оның орнына көліктің терезесінен бақылап, камераға түсіруді жөн көреді», - деп оқиғаның куәгері өз әсерін бөлісті.

Соңғы кездері оқушылардың өзіне қол жұмсауы туралы ақпаратты жаңалықтардан жиі естіп жүрміз. Әрине, бар айыпты ҰБТ-ға арта алмаймыз. Одан басқа да түрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ есіңізде болсын! ҰБТ - өмірдің мәні емес. Ол - бар болғаны сынақ. Өз өміріңізбен қош айтытысқаныңызда барлығынан қол үзіп, ата-анаңызды бақытсыздыққа душар етесіз. Ал егер төмен балл алған жағдайда, бар күш-жігеріңізді жиып, кешенді тестілеуге жақсылап дайындалар болсаңыз, үлкен жетістікке жетесіз. Айналаңыздағыларға табысты бола алатыныңызды көрсетіп, ерік-жігеріңізді тәрбиелейсіз. 

Ал сіз қалай ойлайсыз жасөспірімдер өмірімен неге қоштасады? Және мұның себебі неде?

Қ. Бүйенбай