ҰБТ-ға бір ай ішінде дайындалып үлгергіңіз келсе...

ҰБТ-ға бір ай ішінде дайындалып үлгергіңіз келсе...
Фото: yvision.kz

Кезекті ҰБТ-ның да уақыты жақындап қалды. Мұнымен қатар, дайындыққа бір ай уақыт бар екенін ескеріңіз. Ал осы бір айды толығымен қалай пайдалануға болады?

Төменде өз бетімізбен дайындалуға арналған ең тиімді тәсілдерді ұсынамыз. Осыған дейін ҰБТ-ға дайындық туралы жазған болатынбыз. Кезекті материалымызда төмендегі үш тәсілді қарастыратын боламыз:

1. Тестілерді жаттау;
2. 2015 жылғы ҰБТ-ға оқулықтың көмегімен дайындалу;
3. Онлайн тестілеу.

Тестілерді жаттау – оқушылар арасындағы ең танымал әдістердің бірі

Көп оқушы Қазақстан тарихы, биология, география сынды пәндерге тестілеуді жаттау арқылы дайындалады. Мысалы, бір күнде 25 сұрақтан құралған екі нұсқаны жаттауға болады. Осылайша күніне 50 сұрақтың жауабын білесіз. Келесі күні осы жаттағандарыңызды қайталап, артынша жаңа екі нұсқаны меңгересіз. Бір нұсқаны жаттау үшін шамамен 30-40 минут қажет болады. Қанша уақыт керектігі оқушының мүмкіндігіне байланысты. Осылайша 10 күн ішінде бір тест кітапшасының сұрақтарын толықтай жаттап шығуға болады. Ал бір тестілеу кітапшасындағы мәліметті толықтай меңгерген оқушы ҰБТ-да 16-23 балл жинайды. Алайда барлық пәнге осылай дайындалу мүмкін емес.

Пайдасы:

- нәтижеге жылдам қол жеткізесіз. 10 күн дайындықтың өзінде көп жетістікке жетуге болады. Мұндай дайындық жақсы нәтиже көрсетіп жатады.

Кемшілігі:

- бұл әдіс өмірге қажет болуы мүмкін деген білімді бермейді. Ол ұстаздар секілді барлығын түсіндірмей, бар болғаны ҰБТ сұрақтарының жауабын білуге жағдай жасайды;

- өкінішке орай, барлық пәннің сұрақтарын жаттап алу мүмкін емес. Мысалы, математика, химия, физика сынды пәндердің сұрақтарына жауап беру үшін белгілі бір формулаларды жатқа білуіңіз керек. Есептердің жауабын жаттаудың еш қажеті болмауы мүмкін;

- база сұрақтарын өзгертіп жіберуі мүмкін болғандықтан, олардың жауабын таба алмай қиналуыңыз да ғажап емес.

Кеңес:

Сұрақтарды жаттап отырған кезде оның мазмұнына үңіліңіз. Сұрақтар бір-біріне қатты ұқсайды. Олардағы хандардың есімі, даталар сынды ортақ сұрақтарға ерекше мән беріңіз.

Оқулықтардың көмегімен мектеп бағдарламасын меңгеру

Бұл да – әйгілі тәсілдердің бірі. Оны әдетте мектеп ұстаздары жиі қолданады. Бір тақырып таңдалып, ол бүге-шүгесіне дейін талданады. Талдаған соң, базадан осы тақырыпқа қатысты сұрақтарды тауып, оларды есте сақтап алған жөн.

Аталған тәсіл көп уақытты алады. Мұнымен қатар, 5-11 сынып аралығындағы оқулықтарды жиыстыруды қажетсінеді.

Пайдасы:

- бұл тәсіл жаттап алғанға қарағанда, әлдеқайда жақсы. Білімді молынан береді;

- ұстаздар бұл тәсілді оқушы сұрақ «керісінше» келген кезде де қиналып қалмасын деген ниетпен қолданады.

Кемшілігі:

- көп уақытты талап етеді;

- ҰБТ-да кездеспейтін қажетсіз тақырыптарды меңгеруіңіз мүмкін;

- оқулықтар қажет;

- және тағы да көп уақытты шығындайды.

Кеңес:

Бұл тәсілді қолдану барысында ұстаздардың көмегіне жүгініңіз. Олар ҰБТ-да келуі мүмкін деген сұрақтарға қатысты тақырыптарды көрсетеді.

Онлайн тестілеу

Бұл тәсіл ұялы телефон және компьютердің көмегімен жүзеге асады. Бұрын-соңды онлайн тестілеу болмағандықтан, тек соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана қолданылып жүр. Барлық пәнге қатысты онлайн тестілеу жоқ болатын. Ал қазір онлайн тестілеуде кез келген пәнімізді таңдап, артынша жауабын біле аламыз.

Пайдасы:

- өте ыңғайлы – кез келген жерде, кез келген құрылғының көмегімен дайындалуға болады;

- қатені жылдам тексеріп береді;

- қазақ тіліндегі де, орыс тіліндегі де кез келген пәнді табуға болады;

- тегін.

Кемшілігі:

- интернет қажет;

- тестілеу кітапшаларындағыдай қателер кездеседі;

- компьютер немесе ұялы телефон керек.

Кеңес:

Онлайн тестілеуді қолданып отырған кезде қателермен жұмыс жасаңыз. Бұл болашақта уақытты босқа шығындамауға септігін тигізеді. Оны қалаған жеріңізде пайдаланыңыз: автобуста, сыныпта отырғанда, асханада, үйде және т.б.

Аталған тәсілдердің қайсысы тиімді?

Бір ай ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бұл тәсілдердің қайсысын таңдағанымыз жөн? Жауабы өте қарапайым: өзіңізге ыңғайлы тәсілді пайдаланыңыз. Барлығына бірдей пайдасын тигізетін мінсіз тәсіл жоқ: бірі онлайн тестілеумен жақсы дайындалса, екіншісі тест кітапшаларын жаттау арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Ал үшіншілері пайдалы білімді артық көреді.

Сізге табыс пен ҰБТ-да 125 балл тілейміз! Іске сәт!

Қ. Бүйенбай