Жас түлектерге ата-аналары айтатын тілектер

Жас түлектерге ата-аналары айтатын тілектер
Фото: amur.kz, Ольга Орлова

Біз бүгін мектеп бітіруші жас түлектер мен олардың ата-аналары және ұстаздарына арнап мектеп бітіру кешінде айтылатын еш жерде жарияланбаған авторлық тәтті тілектерді ұсынбақпыз.

Осы тілектердің жүректеріңізге жетіп, көңілдеріңізге қонғанын және орындалуын шын жүректен тілейміз. Тілектер тізбегін ең алдымен ата-аналардың мектеп бітіру кешінде өз балалары мен баласының сыныптастарына және олардың ұстаздары мен ата-аналарына арнап айтатын лебіздерімен бастағанды жөн көріп отырмыз.

Құрметті жас түлектер, айналайын алтындарым! Сендер, міне, өмірлеріңде әлі де көп кездесетін қиын-қиын белестердің бірінен аттап, болашаққа сәтті қадам бастыңдар. Осы қадамдарыңа құт қонсын! Сендер тайға мініп шапқанда үйде отырып тақымдарыңды қысып, уайымға салынған ата-аналарыңның үмітін әлі де ақтап, олардың алдындағы өмірлік парыздарыңды ұмытпаңдар, балаларым!

Жаным, балапаным, мен сенің әр қуанышың үшін бір жасап қаламын. Мен сенің әр жеңісің үшін балаша қуанамын. Өйткені, сенің біздің үмітімізді қашанда ақтауға күш-жігерің мен білімі-танымың жетеріне сенемін! Болашақтарың жарқын болсын!

Қарақтарым, сендер біз үшін әлі де баласыңдар! Міне, бүгін қанаттарың қатайып, салмақты өмірге аяқ басып барасыңдар! Мына өмір сендердің әке-шешелеріңдей маңдайларыңнан сипамайды. Сондықтан, әр қадамдарыңды ақылмен аңдап басыңдар!

Міне, сендер он бір жылдық мектеп өмірімен қоштасып жатырсыңдар. Сендер кетесіңдер, ұстаздарың осында қалады. Оларға өмір бойы қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар. Олардың сендерді адам ету жолында бізден кем тер төкпегені  бізге аян. Жүрген жерлеріңде ұстаздарыңның мерейін асқақтатып жүріңдер. Ұстаздар үшін мерейді асқақтату – олар берген білімнің жемісі мен жеңісін көрсету.

Менің балама әріп танытып, сауатын ашып, қанатын қатайтқан құрметті ұстаздар! Сіздердің алдарыңызда абыройларыңыз бен еңбектеріңізді шын сезініп, иіліп рақмет айтамын. Өйткені, сіздер төккен тер осыған лайық! Бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешіңіздер!

Жалғасы бар...

Ұқсас жазбалар: 

Түлекке: Қазақстандағы ең "қымбат" жұмыс орындары

Қыздарға арналған мамандықтар

А. Әбілхан