Мамандықтың бәрі жақсы: Сәнбике

Мамандықтың бәрі жақсы: Сәнбике

Сәнбике болуды армандамайтын қыз бала кемде-кем. Түсініксіз киімдермен подиумда тәкаппарланып, тізіліп келе жататын сәнбикелер әрі әдемі, әрі жұмбақ болып көрінетін шығар.

Сәнбике болу оңай ма? Сыртынан қарағанда атақ пен ақшаның толқынына сүңгіп, рахат өмір кешіп жүргендей көрінетін сәнбике оңай мамандық па?

Сәнбике болу үшін алдымен оларға қойылатын талаптарға дене бітіміңіз сай болу керек. Жалпы дене бітімінің параметрлеріне сай сәнбикелерді бірнеше бағытқа бөледі.

1. High fashion сәнбикесі. High fashion сәнбикесі болуға 18-22 жас аралығындағы, бойы 175-180 см, 40-42 өлшемді бойжеткен лайық. Олар жоғары сәндегі әйгілі кутюрьелердің эксклюзив киімдерін көрсетеді.

2. Runway сәнбикесі. Runway сәнбикелерінің дене бітімі high fashion сәнбикелеріне жақын: бойы 175-185 см, 42-44 өлшемді болып келеді. Бұлар прет-а-порте́ prêt-à-porter киімдерімен шығады.

3. Glamur сәнбикесі. 18-25 жас аралығындағы, 80-60-90 параметрге сай бар қыздар. Олармен ерлерге арналған журналдың редакциясы келісімшартқа отырады.

4. Plus size сәнбикесі. Сәнбикелік тек арық қыздардың ғана еншісі деп ойлайтындар қателеседі. Киім өлшемі 46-54 аралығында, бойы 157 см-ден 175 см-ге дейінгі аруларымыз plus size сәнбикесі мамандығын меңгерсе болады. Бұл мамандық иелері көбіне әртүрлі өлшемдегі киімдерді жарнамалайтын журналдарға, сайттарға, үлкен сауда үйлеріне керек.

5. Part сәнбикесі. Part сәнбикесіне қойылатын талап сәл басқашалау. Бір ғана параметрмен жұмыс табуға болады. Мысалы, егер тек шашыңыз қалың болса, шашқа арналған сусабынды; тек көзіңіз әдемі болса, көзге арналған қарындашты; саусағыңыз сүйріктей болса, сақинаны, білезікті жарнамалап, агенттіктерінде қызмет істей аласыз.

6. Teen сәнбикесі. Teen сәнбикесі ретінде 12-17 жастағы жасөспірім қыздар (ата-аналарымен бірге) жарнама агенттіктері мен журналдарда сабақтан бос уақытта жұмыс істей алады.

Сәнбике атану үшін сыртқы сұлулықпен бірге осы мамандыққа бейімділігіңіз, денеңіздің икемділігі, артистік қабілетіңіз, эстетикалық жоғары талғамыңыз болу керек. Олар тек мінсіз дене сымбатын көрсетіп қана қоймайды. Дизайнерлердің ой-қиялынан туындаған киімдерді көпшілікке дәл жеткізу – сәнбикенің міндеті. Камераның алдында сағаттап жұмыс істеп, жаттығу залдарында дене сымбатын шыңдауға кез келгеннің шыдамы жете бермейді.

Сурет: massaget.kz

Ұқсас жазба:

Мамандықтың бәрі жақсы: Адвокат

Ф. Абилова