ҰБТ тапсырушы түлектерге кеңес

ҰБТ тапсырушы түлектерге кеңес

ҰБТ-ның оқушыға керек, керек еместігі туралы шегі бітпес пікір-талас жүргізуге болады. Алайда ҰБТ тапсыру туралы бұйрық бар кезде, оны ойдағыдай тапсыру амалдарын қарастырғанымыз жөн. Ол үшін төмендегі кеңестерді ескеріңіз.

1. Мектепте міндетті түрде сынама тестілеуден өтіңіз. Әдетте осы тестілеу барысында шпаргалка пайдаланамыз, ерінеміз, әке-шешеміздің ақшасын құртқымыз келмейді. Бұдан өзге де себептер толып жатыр. Алайда оның ҰБТ тапсыру кезіндегі күйзелісті алдын алу қасиеті бар. Яғни ҰБТ тапсырып отырған кезде, оның тәртібінен хабардар болып отырасыз. Сол себепті апта сайын өтетін сынама тестілеуден қалып қоймаңыз. 

2. Көтере алмайтын жүкті атан түйеге артудың қажеті жоқ. Артар болсақ, белі сынып кетері анық. Сізді түйеге теңегім келіп отырған жоқ. Бар болғаны шектен шығып кетпеңіз. 11 сыныптың тағдырымыздағы шешуші кезеңдердің бірі, үлкен өмірге өткізетін көпір екенін жақсы түсінемін. Бұл кезде тек сіз емес, ата-анаңыз, ұстаздарыңыз да уайымдап жүреді. Бірақ жауапкершілікті мойныңызға арта беретін болсаңыз, ҰБТ-ға кірген кезде денеңіз жансызданып қалуы мүмкін. Сол себепті жауапкершілікті мақсаткерлікпен алмастырғаныңыз жөн. 

3. Қозғалысыңызға кедергі келтірмейтін киім киіңіз. Әрине тойға баратындай дайындала алмаймыз. Десе де, костюм, жейде, шалбарды өзара үйлестіруге болатын сияқты. ҰБТ тапсырып отыратын 3,5 сағаттың ішінде сіздің киіміңізге ешкім зер салмайды. Сол себепті оның барынша ыңғайлы болғаны дұрыс. Оның үстіне ҰБТ жаз мезгілінде өткізіледі, бір аудиторияда 100 адамдай отырады. Сондықтан тар белдемше, ыңғайыссыз аяқ киім секілді әсер етуші факторларды ысыра біліңіз.

4. Өзіңізбен бірге су ала кіріңіз. Әдетте мұны ұйымдастырушылар өздері ойластырып қояды. Өзіңіз де ескергеніңіз жөн. Құрамында қанты көп болатындықтан, тәтті сусындар ішуден сақтаныңыз. Олар қайта-қайта шөлдетеді. Су ешуақытта партаның үстінде тұрмауы тиіс. Әбден барлығын бітірдім деген кезде, байқаусызда жауап парағына төгіліп кетуі мүмкін. Мұндай жағдай болмас үшін, оны жерге қойыңыз.

5. ҰБТ алдында тынығу. Бұл туралы осыған дейін шыққан жазбаларымызда оқып жүрген боларсыздар. Тынығу деген тек ұйықтау екен деп шатаспаңыз. Бұдан өзге физикалық жаттығулар жасап, табиғат аясына шығып, фильм көруге болады.

Жалғасы бар...

Сурет: nis.edu.kz 

Қ. Бүйенбай