Мамандықтың бәрі жақсы: Менеджер

Мамандықтың бәрі жақсы: Менеджер

Менеджер – ағылшын тілінде manager – «басқарушы» деген мағынаны білдіреді. Менеджер – басқарушы, өндірісті ұйымдастырушы ретінде жұмыс орнындағы өте маңызды мамандық иесінің бірі.

Менеджерлік мамандық бірнеше бағытқа бөлінеді.

Менеджер-кәсіпкер бизнестің нарықтағы алатын рөлін анықтап, даму жоспарын құрады. Стратегиясы мен тактикасын анықтап, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсатты нақтылайды. Бизнес-жоспарды іске асыруға кірісіп, қызметкерлердің міндеттерін бөліп беріп, олардың жұмысты мезгілінде әрі сапалы орындауын қадағалайды. Мемлекеттік арнайы органдардан лицензия алып, салық төлеу жұмыстарымен айналысады.

Өндіріс менеджері кәсіпорындарда, зауыттарда, консалтингтік компанияларда, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейді.

Олар мекемені қажетті кәсіби мамандар және жаңа технологиялық ресурстармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Шығарылатын өнімдердің сапасын бақылайды. Жұмыс барысында туындайтын мәселелердің дер кезінде оңтайлы шешімін тауып отырады.

Сату ісіндегі менеджер қызметі негізінен, коммерциялық сауда ұйымдары, мейрамхана, дүкен, консалтингтік компаниялар, банк, сақтандыру, инвестиция және құрылыс компанияларының жұмысының дамуына өте қажет. Олар мекемелерді сапалы тауарлармен қамтамасыз етеді, жаңадан шыққан тауарлардың бағасы мен сапасын зерттеп, тауарлардың қажетті құжаттарын тексереді, жаңа тауарларды сатып алушыларға түсіндіріп, олардың сұранысын дер кезінде қанағаттандырып отырады.

Туризм ісіндегі менеджер туристерге қызмет көрсетеді. Өз мекемесімен қонақ үйлері, экскурсия бюролары, көлік компаниялары арасында әріптестік байланыс орнатады. Мұндай менеджерлер туристік агенттіктерде, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдардың әлеуметтік қамту бөлімдерінде жұмыс істейді. Шетелден келетін туристер мен туристік компаниялармен тығыз жұмыс жасау үшін шетел тілдерін білгені жөн.

Жалпы менеджер тез қимылдайтын, дұрыс шешім қабылдай білетін, өте коммуникабельді адам болуы тиіс.

Сурет: twitter.com

Оқи отырыңыз:

Мамандықтың бәрі жақсы: Журналист

Мамандықтың бәрі жақсы: Косметолог – сұлулық шебері

Мамандықтың бәрі жақсы: Аудармашы

Мамандықтың бәрі жақсы: Мал дәрігері

Мамандықтың бәрі жақсы: Дизайнер

Мамандықтың бәрі жақсы: Туризм ісі

Ф. Абилова