Ұлттық Банк қандай статистикамен бөліседі?

Ұлттық Банк қандай статистикамен бөліседі?
Фото: kursiv.kz

Экономиканың банк секторында екі деңгей бар. Бірінші деңгейге елдің қаржы саласын реттейтін ұлттық не орталық банк жатады. Ал өзге де коммерциялық қаржы институттары екінші деңгейлі банктер қатарына кіреді.

Әлемдегі елдердің өзара тауар алмасу көлемі артқан сайын ақша айналымы да өседі. Ал нарықтағы ақша банкноттарының азайып немесе көбейіп кетпеуі керек. Себебі, ақша массасы көбейсе, валюта инфляцияға ұшырайды. Ал азайып кетсе, дефляцияға алып келеді. Осы сынды нарықтағы тұрақтылықты Ұлттық банк бақылауда ұстайды.

Ұлттық банк ел территориясындағы барлық қаржы операциялары мен тауар айналымы жайлы ақпараттар легіне ие. Демек мұны да сандық технологиялардың даму кілті есебінде қарауға болады. Себебі қаржы реттеуішінен өзге орган мұндай статистикалық мәліметтерді топтастыра алмайды.

Сонымен, ҚР Ұлттық банкі қандай статистикалық ақпаратпен бөлісіп отырады? Ұлттық банктің негізгі мақсаттарының біріне валюта құнын тұрақты деңгейде ұстап тұру жатады. Нақтырақ айтар болсақ, ҰБ мамандары Қазақстан қор биржасында (KASE) күніне екі рет өтетін онлайн валюта саудасына қатысып, теңге бағамын бақылауда ұстауға тырысады. Кейде АҚШ долларына сұраныс артып, теңге құнсыздана бастаса, интервенция жасау арқылы ҰБ трейдерлері ұлттық валютаның бағамын бірқалып деңгейге келтіреді. Содан кейін, күнделікті сауда нәтижесін ресми сайттарында жариялап отырады. Өзге қаржы институттары сол бағам негізінде валюта айырбастаумен айналысады.

ҰБ күнделікті есебінен бөлек, ай сайын инфляция дейгейін, елдегі ақша базасы мен массасы туралы статистикалық ақпаратпен бөлісіп отырады. Одан бөлек, қаржы реттеуіші Қазақстанның халықаралық резервтеріне де жауапты.

Егер сіз банк секторында бизнес жасағыңыз келсе, онда Ұлттық Банк лицензиясын алуыңыз керек. Ал Қазақстанда лицензиясы бар банктер орынсыз қаржы қателіктерін жіберетін болса, ҰБ лицензияны қайтып алуға құқылы. Қаржы жүйесінің орталықтан басқару жүйесі капиталистік елдердегі экономикалық тұрақтылықты осылай сақтап отырады.

Ж. Өрісбай