"Стартап". Гай Кавасаки

"Стартап". Гай Кавасаки
Фото: americo-consulting.com

"Құдай жерді жаратқан кезде, Гайдан кеңес сұраған. Әрине, барлығы Гайдың кеңесі бойынша орындалмаған. Ал кітаптың негізгі идеясына сүйенсек, еш жерде ешқандай кепілдік жоқ. Тек ұлы мүмкіндіктер бар. Оқып шығыңыз. Содан соң ғажайып бірнарсені жүзеге асырыңыз".

Кавасаки бестселлері туралы өз пікірін танымал америкалық стратег, маркетолог Джеффри Мур осылай білдірген.

Егер сіз өз кәсібіңізді бастауға жақын тұрсаңыз, бұл кітапты оқуға міндеттісіз. Себебі көкейіңізде жүрген сұрақтарға дәл осы автордың жауаптары керек. Бестселлердің алғашқы беттерінен алған әсеріңіздің өзі сізге жаңа идеяның толғағын беріп, іс бастауға итермелейді.

Гай Кавасаки "Стартап" кітабы арқылы мынадай сұрақтарға жауап береді:

- Инновациялық өнімді қалай дайындау керек? 
- Брендті қалай қалыптастыру керек? 
- Инвесторды тарту үшін не істеу керек? 
- Қызметкерлермен қарым-қатынасты қалай қалыптастыру керек?

Калифорниядағы Силиконды алқап инвесторларының басым бөлігі "Стартап" кітабын кез келген стартапшының оқуға тиіс (must-read) кітаптар тізіміне енгізуді ұсынған.

Автор кітапты IT саласындағы жас кәсіпкерлердің жүгін жеңілдету мақсатында жазғанын айтады. "Жастардың өмірге деген құштарлығы мен алға қойған мақсатынан таймау ұстанымы кішкене стартапты алып корпорацияға айналдырып жіберуі үшін қажет болатын азықты бір кітапта жинақтауға тырыстым", - дейді Кавасаки мырза.

Гай Кавасаки АҚШ-тың Гавайи штатының астанасы Гонолулуда дүниеге келген. Ол бакалавр білімін Стэнфордте, ал магистрлік деңгейін Лос-Анджелес қаласындағы Калифорния Университетінде алған. 1983 жылдан бастап Apple корпорациясында маккетолог қызметін атқарып, Macintosh компьютерін сатумен айналысады.

Кейіннен өзінің "Garage Technology Ventures" инвестициялық компаниясын құрып, Силиконды алқаптағы капиталистердің біріне айналады.

Қазіргі таңда, Кавасаки мырзаның бизнес саласына қатысты 15-тен астам кітабы жарық көрген. Олардың ішіндегі ең танымалы осы "Стартап" бестселлері болып отыр. Ал сізге жекелей менеджмент немесе маркетинг туралы еңбектері керек болса,  "Төңкерісшілерге ереже" немесе "Санаға әсер ету өнері" сынды еңбектерін шолып көруге болады.

Ж. Өрісбай