"Биліктің 48 заңы". Роберт Грин

"Биліктің 48 заңы". Роберт Грин
Фото: www.empressmichellefrancisco.com

Америкалық жазушы Роберт Гриннің бірнеше жылдық еңбегінің жемісі болған "Биліктің 48 заңы" адамды билікті ұзақ уақыт бойы өз қолында ұстауға, адамның психологиясын сырттай бақылауға және қиындыққа тап болғанда оң шешім қабылдауға үйретеді. Аталған кітаптың басылуына қарсы болғандар да бар болған екен.

Автор бір еңбегімен өзінің интеллектуалдық білімінен бөлек, сыни ойлау қабілетін және психологиялық біліктілігін көрсете білген. Әрбір заңның анықтамасы берілген кездегі тарих беттерінен алынған мысалдар оқырманның өмір заңдарына деген сенімін арттырады. Мысалдар адамдардың өз мақсатына жетуі үшін әртүрлі әдіске жүгінетінін дәйектейді.

Өз абыройын бөліскісі келмеген француз королі Людовик XIV Николя Фуке есімді суперинтендантын (қаржы министрі) абақтыға қамап, уақытынан ерте өлуіне себепші болса, ХІХ ғасырдағы Ресей империясында Кондратий Рылеев есімді бүлікші басы аман тұрған жерде артық сын айтып, қайта дарға асылады. Билікті өз қолында ұстағысы келген Англияның "Пәк Ханшайымының" қулығы мен өзіне жақсылық жасаған қызметкерін дарға асуға бұйырған Қытай императоры жайлы мысалдар теория жүзінде болса да, адамның психологиялық тұрғыдан өзіне деген сенімін арттыруға септігін тигізері анық.

Сонымен, Биліктің қандай заңдары бар екен? Шолып көрелік:

1. Ешқашан қожайыныңның көлеңкесін баспа 
2. Достарыңа толық сенім артпа, жауларыңда қолдана біл 
3. Өз ойыңмен бөліспе 
4. Қажетінен де аз сөйле 
5. Беделіңді көзіңнің қарашығындай сақта 
6. Біреудің назарында бол 
7. Біреудің саған қызмет етуін міндетте, нәтижесін ешкіммен бөліспе 
8. Адамдарды өзіңе тәуелді етіп ұста, қажет болса, тұзақ қой 
9. Жеңіске оймен емес, іспен жет 
10. Індет: жолы болмайтындар мен көңілсіз адамдардан аулақ жүр 
11. Адамдардың үнемі саған тәуелді болуын қамтамасыз ет 
12. Жауды қарусыздандыру үшін арагідік әділ әрі қолы ашық бол. 
13. Адамдардан көмек сұраған кезде оларға тиімді ұсыныс таста. Ешқашан аяушылық сезімін оятпа 
14. Достың орнын басып, тыңшы қызметін атқар 
15. Жауды толығымен жанышта 
16. Жоқтығыңмен құрмет пен абыройыңды асыр 
17. Өзгелерді тұрақсыз жағдайда қалдыр, болашағын бұлыңғыр ет 
18. Қорғану үшін қамал соқпа: оқшаулану қауіпті 
19. Жауыңның кім екенін анықтап ал: орынсыз біреуді ренжітпе 
20. Ешкіммен бірікпе 
21. Жауыңды осал ету үшін аңқаулық таныт: одан зердесіз екеніңді көрсет 
22. Капитуляция әдісін қолдан: осалдықты күшке айналдыр 
23. Өз күшіңді бір нысанға бағытта 
24. Шынайы қызметкер рөлін сомда 
25. Өзіңді қайта қалыптастыр 
26. Қолыңды таза ұста 
27. Адамдардың қажетін қамдап, әсіре жанкүйерлер тобын жасақта 
28. Іске сеніммен көш 
29. Соңына дейін жоспарла 
30. Артық күш салмай жетістікке жет 
31. Барлық мүмкіндікті ойластыр: өзгелер сен таратқан картамен ойнасын 
32. Адамның фантазиясымен ойна 
33. Әр адамның осал жерін тап 
34. Сырт көзге хан кейпіңді көрсет: хан болмысын келтірсең, хан болып таныласың 
35. Уақытты бақылауды үйрен 
36. Қолың жетпейтін биікке талпынба: Елемеу  кектің ең озық түрі 
37. Естен кетпес қойылым жаса 
38. Бәрінен ерек ойла, бірақ елмен бірдей әрекет ет. 
39. Балықты аулау үшін суды лайла 
40. Тегін асты ішпе 
41. Ұлылардың жолымен жүрмеуге тырыс 
42. Қойшыны бағындырсаң, қойдың бәрі сенікі 
43. Айналаңның санасы мен жүрегін жаула 
44. Айнаның әсерімен жауыңды қарусыздандыр 
45. Өзгеріс енгізуге бейім бол, бірақ реформаға көп әуестенбе 
46. Ешқашан кемелдік танытпа 
47. Мақсатыңның соңғы нүктесінен ары кетпе: жеңіске жет, бірақ дер кезінде тоқтай біл 
48. Белгісіздік формасын қолдан

"Жақсы адам болуға қанша тырыссаңыз да, айналаңыз пейілі жаман адамдармен толыға береді",  дейді Реннессанс дәуірінің жазушысы Николо Макиавелли. Сондықтан заманның талабына, әр адамның мінезі мен көзқарасына сай бейімделген абзал. Бастысы өз шегіңізді де тани біліңіз. Кітаптың айтары мол. Бірақ керегін ғана алыңыз.

Роберт Грин  психология, биліктің механизмі, саясат және стратегиялық ойлауға қатысты бірқатар бестселлердің авторы. Өткен ғасырдың екінші жартысында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласындағы еврей отбасында дүниеге келген. Америкалық жазушының "Биліктің 48 заңы" кітабынан бөлек, "Азғыру өнері", "Соғыстың 33 стратегиясы" және "Елуінші заң" атты кітаптары жарық көрген.

Ж. Өрісбай