«Кәсіпкерлік негіздері» пәні – кәсіптік бағдардың негізі

«Кәсіпкерлік негіздері» пәні – кәсіптік бағдардың негізі
Фото: google.kz

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық орта мектептерде 10-11 сынып оқушыларына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады. Жаңа элективті пән ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен әзірленіп, мектептің оқу бағдарламасына енгізілді. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Кәсіпкерлік негіздері» – Қазақстандағы 16 орта білім беретін мектептің 10-11 сынып оқушыларына таңдау пәні ретінде оқытылуда. Осы мақсатта «Атамекен» алаңында 16 ұстаз арнайы біліктілік курсынан өткен. 

Қабілетті дұрыс бағыттау

Көп баланың бойында іскерлікке қабілеті болады, алайда олар осы әлеуетті қалай жұмсауды білмейді, тіпті осындай қабілетке ие екендерін білме бермейді. Олар ғарышкер, әнші, спортшы болуды емес, бизнесмен болуды қалайды, өскенде тәуелсіз, бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Оған не түрткі? Біріншіден, нарықтық экономика, екіншіден, жеке таңдау. Бір бала есептеуге жүйрік, екіншісі идеялары көп, ойын да еркін жеткізе алады. «Кәсіпкерлік негіздері» пәні кәсіпті қалай бастау керектігін үйретіп, іскерлік сауаттылықты артырып қана қоймай, бала бойында тұлғалық қасиеттерді жетілдіреді. Сарапшылардың пікірінше, жасөспірімдерді бизнеске баулу – бизнес жайлы ой-өрісін кеңейтуге, тұлғалық қасиеттерін жетілдіруге ықпал етеді.  

«Атамекеннің» бастамасымен биылғы жылдың 1 қыркүйегінен орта мектептердің 10-11 сыныптарында «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылатын болады. Сондай-ақ, кәсіби белгілі бір бағытқа баулу жұмыстарын 7 сыныптан бастауды ұсынып отырмыз. Бұл ерте жастан оқушының бизнес жайлы ой-өрісін кеңейтуге, ата-анасымен бірлесе отырып, мамандықты дұрыс таңдауына көмектесетін болады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «Елбасының әлеуметтік бастамасын бизнес қолдайды» мақаласында.

Элективті пәннің ерекшелігі

Оқу бағдарламасының 40 пайызы теориядан, 15 пайызы әртүрлі нақты мысалдары бар кейстерден, 45 пайызы практикалық материалдардан тұрады.  Оқулықтағы жаттығулар әлемде жақсы қолданыс тапқан геймофикация үрдісіне негізделген. Демек, оқушылар түрлі жаттығуларды ойын арқылы үйренеді. Оқушы қаржылық сауаттылықты игеру арқылы өзін-өзі таныстырып, ішкі қабілеттерін дамытады. Ал неткворкинг жүйесі бойынша бала топта жұмыс істеу негіздерін де жетілдіре алады. 

Психолог мамандардың пікірінше, жасөспірімдер қиялдауға жақын келеді, ал фантазияның артында жаңа идеялар, тың бастамалар әлеуеті бар. Балалар тәуекелге баруға қорықпайды, көбіне стандартты емес шешімдер ұсынады. Демек, осы қиялдау мен идеяларды кәсіпкерліпен сабақтап, рационалды формаға салу керек. Ол үшін бизнес сауаттылық керек-ақ.

Жаңа пәнді әзірлеушілер бағдарлама мен оқу материалдарын жасай отырып, барлық оқушыдан кәсіпкер мен бизнесмен дайындауды мақсат тұтпайды. Басты міндет – өмірлік қиындықтар мен мәселелерді мүмкіндік ретінде қабылдап, алынған білімді өз қызметінің күнделікті саласында пайдалануы үшін оқушылардың кәсіпкерлік тұрғыдан ойлауын дамыту.  

Осы мақсат үшін ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп пәнді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мұғалімдерді дайындауға арналған бағдарлама жасалды. Мұғалімдер тренинг форматында өткізілген 108 сағат ішінде бағдарламамен танысып, оқу бағдарламасы бойынша негізгі білімді игерді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерімен арнайы чат арқылы байланыс орнатылып, онда екі тілде таныстырылымдар, нұсқаулықтар үнемі жолданып, сабақ беру әдістемесі талқылануда. Оқу басталған соң өңірлердің аймақтық және тілдік ерекшеліктеріне қарай сабақ беру әдістемесі түзетілетін болады.

Оң бағалау

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа пән республикада 16 мектепте апробациядан өтіп жатыр. Теориядан гөрі практикасы басым, көп жаттығулары қызықты кейстер, іскерлік ойын-өрнекпен өрілген пән мектеп оқушыларының көңілінен шығып отыр.

2017-2018 оқу жылында  Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары оқыту аясында бір тоқсанда тәжірибеден өткен. Олар күнделікті сұраныстағы өнімнің таныстырылуын дайындап, өнімді алға жылжыту мен маркетингтік сараптама жүргізуді үйренген. Астана қаласындағы НЗМ 10 сынып оқушылары Әли Нұралы мен Рүстем Жармағанбетов былтырғы оқу жылында «Кәсіпкерлік негіздері» пилоттық пәні негізінде жеке кәсіп ашқан.

«Біз сәуір-мамыр айларында  жобамызды жетекші-ұстазымыз Ермек Дүйсенханмен ақылдаса отырып бастадық. Кәсібіміз жейде өндірісіне арналды. Дизайн авторы өзіміз, сауда нүктелерімен келіссөз жүргізу арқасында өнімімізді сатып екі айда 2 миллион теңге пайда таптық. Алайда  жазғы каникул басталып кетті. Біз енді қаражатымыздың бір тиынын шығын қылмай тәтті тоқаш өндірісімен айналыссақ дейміз. Алдын-ала «MEGA Silk Way» ССО әкімшілігімен келісіп те қойдық. Бізге бұл жоба еңбектің дәмі тәтті болатынын үйретті,» – дейді 10 сынып оқушысы Рүстем Жармағанбетов.

Жаңа пәнді мұғалімдер де оң бағалауда.

«Жаңа пәннің басқа пәндерден, айталық, физика немесе әдебиеттен айырмашылығы бар. Оқу бағдарламасы 68 сағатқа есептелген және 40% теориялық білімге, 15%-ы бизнес кейстерге негізделген, сонымен қатар 45% ойын жаттығуларға құралған. Сабақ барысында балалар бизнес жүргізуде түрлі ситуациялардың шешімін табуға тырысады. Шын мәнінде бұл  балалар арасындағы коммуникациялық машықты арттыратын іскерлікке баулу бизнес-ойындар мен жаттығулар», – дейді Шымкент қаласы Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мәдина Сүлейменова.

Мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басу өте жауапты кезең.  Болашақ мамандықты дұрыс таңдау одан да маңызды. Жаңа пән арқылы жоғары сынып оқушылар дұрыс шешім қабылдаудың маңыздылығы мен жауапкершілікті түсінеді. Жаңа пән уақытты бағалау, көшбасшылық машықтарды игеру, маркетингтік талдау жүргізу, жобаға бизнес-жоспар жазуды үйретеді. Осындай біліммен қаныққан  балалар болашақ мамандықты дұрыс таңдай алады. 

Әлия Кемелбекова

Г. Берік