Шағын несие – кәсіптің бастапқы қолдауы

Шағын несие – кәсіптің бастапқы қолдауы
Фото: google.com

Бүгінде жеке кәсіппен айналысуда жинаған қаражаты бар адам кем де кем. Бизнес-идеясын бизнес-жоспар арқылы бекіткен соң, кәсіп бастау жолында бастапқы қаражат көзін іздеуге туралы келеді. Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржылық институттарының талабы, кепілзат көлемі мен пайыздық мөлшерлеме көп жағдайда жеке кәсіп бастауды кейінге шегере береді.

Ауылда кәсіпкер боламыз

Облыс орталықтарында несие алып, ірі қара басын көбейту мен кәсіп бастау, несие алу әлдеқайда оңайырақ болуы мүмкін. Ал шалғай аймақтағы азаматтардың халі нешік? Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қандай көмек пен қолдау қажет? Кәсіпкерлік туралы хабардар ма? Ауыл-аймақтарда кәсіппен айналысудың мүмкіндігі қандай?

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы және өзге де маңызды сауалдың жауабы ретінде «Бастау Бизнес» жобасын қолға алды. Ірі қалалар емес, дәл шалғай аймаққа негізделген тың бастаама алыстағы ағайынға жаңа тыныс, тың серпінмен басталды.

Сәтті жоба

Бастапқыда сынақ ретінде Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде оқытылған дәрістің нәтижесі қуантты. Тұрғындардың ынтасы артып, жеке кәсіппен айналысуға деген көзқарастары өзгерді. Бизнес-идея ойластырып, жоспар құрып, несиеге қол жеткізді. Бұл жаңаша еңбек етудің бастауы екені анық.

Сынақтан сәтті өткен «Бастау Бизнес» жобасы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына енгізілді. Бүгінде аталған жоба республика көлемінде жүзеге асырылуға бағытталған. 2017 жылы Қазақстанның 80 ауданы бойынша 15 мың адам білім алып, оның 3 314-і өз ісін бастаған, дәлірек айтқанда 2600 шағын несиелеуге қол жеткізді.

Алғашқы меже

Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша тек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1600 адам алды, қалғаны басқа көздерден қаражат тапты. Осы 5 жылға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында алғаш рет ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиелер ескерілген. Яғни, 6 пайызбен. Әрбір іс бастаушы адам 6 пайызбен 7 жылға дейін 18 миллион теңге қаражат ала алады. Былтыр қаржы тапшылығына байла­нысты Қазақстан бойынша 27 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Аталған үндеуде көрсетілген бастамалар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.

Қосымша мүмкіндік

Атап айтқанда Елбасы көтерген төртінші бастама шағын несие беруді көбейтуге бағытталған. Кәсіп бастаймын деген азаматтарға шағын несие беру ­– тиімді жолдардың бірі. 2017 жылы 32 миллиард теңге 7 200 микро­кредит үшін үлестірілген. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз болды.
Мемлекет басшысы «Биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несие сомасын был­тырғымен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге көбейтуді тапсырамын. Сонда оның жалпы сомасы жылына 62 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, несие алып, өз ісін бастайтын азаматтардың саны былтырғыдан екі есеге артып, 14 мыңға жетеді», ­– деп, кәсіпкерлікке қолдау көрсетті.

2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасына 15 мың адам қатысып, 8300-і бизнес-жобаны қорғаған. Дегенмен олардың бес мыңға жуығы қаражатқа қол жеткізе алмады. Осы ретте Елбасы тапсырмасымен көбейетін қаражат көзі кәсіп бастаушылардың қатарын айтарлықтай арттырары анық. Бұл кәсіпкерлікпен айналысуға деген сенімділікті арттырады.

Білім мен кәсіп

Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы ұсынған 5 әлеуметтік бастаманың екі бағытына жауапты. Оның ең біріншісі – кәсіп­керлерге шағын несие беру болса, екіншісі – білім беру мәселесін ре­формалау. Маман дайындау, білім беру сапасын арттыру мәселесі өзекті. Осы ретте Ұлттық палата халықаралық әдіс­темелік тәжірибеге сүйеніп, Білім және ғылым министрілігімен бірлесе отырып 2 мың оқу бағдарламасын зерттеуді қолға алған. Қазіргі таңда 700-ге жуық оқу бағдарла­масының сапасы зерттеліп, жүйелі жұмыс атқарылды. Сондай-ақ IT саласына қатысты зерттеу де жүргізіліп, нақты ұсыныстар әзірленді.

Елбасы тапсырмасымен шағын несиені төмен пайыздық мөлшерлемемен беруді арттыру жұмысы – ауыл-аймақтарда кәсіпкерлікке қадам басқан азаматтарға айтарлықтай серпін береді. Ал «Бастау Бизнес» жобасы 2018 жылы 160 ауданды қамтиды. Бұл – екі еселенген көрсеткіш. Бұл – екі еселеген сұраныс. Бұл – екі еселенген тапсырыс. Сондықтан өңірдегі жұртшылықты мемлекет тарапынан берілген қолдауды пайдаланып, кәсіп ашуға шақыру керек.

Биыл оқыту науқаны сәуір айына жоспарланып отыр. Республика бойынша 160 ауданда іріктеу кезеңі басталып, арнайы тестілеу арқылы кәсіпке қабілеті бар талапкерлер таңдалады. 12 модульден тұратын 30 күндік оқу курсына қаныққан жандар, жеке бизнес жобаларын қорғап, жеңілдікпен несие алып, бизнес баспалдағына көтеріледі. Осылайша ауылда жаппай кәсіпкерлік тиімді жүзеге аспақ. Жобаға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтінімді өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасына беруге болады. Өз мүмкіндіктіреңізді сынап көріңіздер.

Қарлыға Телман

Г. Берік