Абылай Мырзахметов: Жастар IT тілін меңгеріп халықаралық компанияларда еңбек ете алады

Абылай Мырзахметов: Жастар IT тілін меңгеріп халықаралық компанияларда еңбек ете алады

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Нұр Отан» партиясы IT-мамандарды дайындау, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беру саласын жетілдіре түсу мүддесімен жаңа жобаны бастады. Бұл бастамалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылатын іргелі әрі ірі жобалардың қатарынан болмақ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте таныстырылған бастамалардың бірі – мектеп оқушылары үшін ақысыз IT-сыныптар ашу. Алдағы 3 жыл аралығында мектеп оқушыларының бағдарламалау негіздері мен робот техникасының тілін терең меңгеріп алуы үшін 1000-ға жуық арнайы IT-сыныптар жабдықталады. Жобаның жоспары бойынша жылда 8-16 жас аралығындағы 150 мың оқушы замануи IT ілімімен сусындауы тиіс. Оқушылар алғашында қарапайым алгоритмді құруға, еуропалық білім беру негіздеріне сай бағдарламаларды жасауға және WEB-сайт әзірлеуге машықтанады. Кейін осы IT-сыныптар қызметі халықаралық технологиялық парк – Astana Hub IT-жобасымен біріктіріледі.

«Цифрландыру тек жаңа технологиялар немесе оны қолданысқа енгізу ғана емес. Одан да маңызды мәселе бар, ол – адами капиталды дамыту, сапалы маман дайындау. Бұл бастама бүгінгі күннің сұранысына, заманның талабына сай туындап отыр. Әрине, бұл жобаға кез-келген кәсіпкердің өз үлесін қоса алатындығы да маңызды»,– деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, білім беру халықаралық тәжірибе мен үздік тәсілдердің негізінде жүргізіледі. Сондықтан жобаға үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылады.

«IT-сыныптарды әзірлеуге керекті құрал-жабдықтарды алу, оқытушылардың еңбекақысын қаржыландыру «Туған Жер» бағдарламасы шеңберінде бизнес-қауымдастықтың есебінен жүргізіледі. Осылайша, шалғайда орналасқан шағын мектептің оқушысына дейін әлем меңгеріп жатқан цифрлы техника тілін игеруіне зор мүмкіндік туып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясы Үкіметтің қолдауымен ел тұрғындарының цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында 20-ға жуық IT-орталық ашуды мақсат тұтып отыр. Ол бізде кәсіби IT-мамандардың пулын дайындау үшін де қажет. 

«Қазір дүниежүзінде жүздеген фриланс-биржалар жұмыс істеп тұр. Бұл биржалардың жұмысын сараптап көрсек, жылына кем дегенде 10 млн АҚШ долларының қызметін атқаратынын көрдік. Бұл – бір ғана фриланс биржаның IT қызметтері үшін алатын жылдық табысы. Халықаралық нарықтың сұраныс сыйымдылығы ең аз дегенде 3,5 трлн АҚШ доллары. Біз ұсынған орталықтан жастар кәсіби деңгейде IT тілін меңгеру арқылы халықаралық компанияларда еңбек ете алады. Жоспарымыз бойынша алдағы 3 жыл көлемінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 100 мың адам оқытылады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

Бірлесе істелетін бастамалардың тағы бірі мектеп асханаларын жаңарту. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша: «бүгінгі күні мектеп оқушыларын тамақтандыру сапасы көңілден шықпайды. Себебі мектептердің барлығы бірдей ереже сақтай бермейді». Жоба аясында нақты шарттарды енгізу арқылы, оқушыларды тамақтандыру ісін қоғамдық бақылауға аламыз.

«Бұл бастаманы толық қолдаймыз. Алдын-ала талқыға салдық және мектеп оқушыларын тамақтандыру ісіне әртүрлі кәсіпкерлердің араласа бермесі үшін балалар тағамын дайындайтын арнайы комбинат ұйымдастыруды шештік. Тамақтану саласында қызмет көрсететін, барлық ереже-талапқа сай жұмыс істейтін компаниялар оқушылар тамағын комбинаттарға жеткізеді. Бұл комбинаттарда тағамның сапасына қадағалау жүргізетін зертханалар ашылады. Одан да бөлек қызметтің сапасына ата-аналардың комитеті бақылау жасай алады. Бұл істі жүйеге келтіру арқылы, түрлі шығындар азайып, сапалы қызмет көрсетуге қол жеткіземіз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар, «Атамекен» палатасы, «Нұр Отан» партиясы және Ақпарат және коммуникация министрлігі біріге отырып, Біріңғай геоақпараттық онлайн-сервис ұйымдастыруды көздеп отыр. Геоақпараттық онлайн ресурста коммерциялық мақсатта берілетін жер телімдері туралы ақпарат жинақталады. Осы арқылы жер телімдерін бөлуде кездесетін сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік бар.
«Айтылған бастамалардың маңыздылығы өте жоғары. Бұл істерді қолға алған «Нұр Отан» партиясы және «Атамекен» Ұлттық палатасына алғыс айтқым келеді. Үкімет тарапынан қолдан келген көмекті көрсетуге дайынбыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев.

Massaget.kz