«Бастау Бизнестен» бастау алған кәсіп

«Бастау Бизнестен» бастау алған кәсіп
Фото: palata.kz

Ақмола облысы Бұланды ауданының тұрғыны Ғайни Ахметова ұлттық нақышпен безендірілген көркем дүние жасау идеясын бизнес-жобаға айналдырды.

Ғайни кішкентай күнінен-ақ шығармашылыққа жақын. Оқушы кезінде құрбыларына арнап көйлек тігіп, тапсырыстарын орындаған. Қолөнермен айналысып, түрлі әшекейлердің үлгісін сызған. Қолына қалам-бояуын алып, тартымды суреттерді де салды, тіпті каллиграфиялық жазуды да меңгерді. Түрлі көрмелерге қатысып, қаншама байқаулардың жеңімпазы атанған Ғайни жыл өткен сайын шеберлігін шыңдады.

Көп жылдық тәжірибесінің арқасында Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде дизайнер мамандығын оқыды. Одан кейін оқуын «Көкше» академиясында жалғастырды. Білім ала жүріп жеке кәсібін ашуды мақсат тұтты. Діттеген межеге жету үшін мемлекеттік қолдау құралдары жайлы ақапарат іздеп, түрлі сайттардан өз бетімен білім алды.

Кәсіп бастауда ізденген Ғайни Ахметова Бұланды ауданындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығына барып, мемлекеттік бағдарламалар туралы толық кеңес алды. Сонымен қатар Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын «Бастау Бизнес» жобасы туралы да мағлұмат берілді.

Осылайша барлық мәліметке қаныққан шебер қыз бір айлық оқу курсынан өтуге шешім қабылдап, өтініш берді. Кәсіпкерлік машығын анықтайтын тестілеуден сәтті өткен Ғайни оқытудың екінші легіне қабылданды.

«Мен үшін оқу әрі жеңіл, әрі қызықты болды. Біз теориялық білім алып қана қоймай, түрлі ойындар арқылы тәжірибе жинақтадық. Түрлі бизнес-жағдайларда қандай шешім қабылдайтынымызды зерттедік», – дейді Ғайни Ахметова.

Жобаға белсенді қатысқан Ғайни бизнес-жаттықтырушымен бірге тұтынушылар нарығын зерттеп, жай ғана әшекей шығару тиімсіз екенін түсініп, басқаша жолын қарастыру керек деген шешімге келген. Ойлана келе автокөліктерге арналған тыс тігу идеясына тоқталған. Бұйым ұлттық нақышта, жергілікті мекеннің ерекшелігі мен көлік жүргізетін қыз-келіншектердің де талғамына қарай  дайындалмақ.

«Ісмер аруға көмектесу жайын көп ойландық. Іс бастауға қажетті қаражаты болмады, несие алу үшін кепілдікке қоятын мүлкі де қолында жоқ. Көпшіліктің назарын аудару үшін әлеуметтік желілерде жарнама жасауды қарастырдық», – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Бұланды аудандық филиалының директоры Олжас Диан.

Палата қызметкерлерінің бұл бастамасы қызу қолдау тапты. Бүгінде Ғайни жеткізушілер, бәсекелестер мен тұтынушылар нарығын зерттеп жатыр. Алдағы уақытта тігілетін автотыстардың үлгісі сызылып, жұмыс бастамасы жолға қойылды. Бұл жобаға елордадағы өндірушілер қызығушылық танытып отыр. Тіпті серіктесе жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Қажетті мата, тігін жабдығымен қамтамасыз етуге де дайын.

Дегенмен, Ғайнидың анасы кәсіпорындардың алдын орап, ісмер қызына тігін машинасын сатып алып берді. Тағы бір тігін машинасын Макинск қаласындағы кәсіпкер сыйға тартты.

«Барлығын да уақыт көрсетеді. Әрине жағдайға қарай анықтаймыз. Бірақ ең бастысы бәрі де өзімізге, арманымыз бен мақсатымызға деген зор сенімге байланысты деп ойлаймын. Асқақ арманымды нақты іске айналдыруға «Бастау Бизнестің» септігі тиді», – дейді Ғани Ахметова.

Ж. Өрісбай