Мемлекеттік бағдарламалар кәсіп ашуға жағдай жасайды

Мемлекеттік бағдарламалар кәсіп ашуға жағдай жасайды
Фото: egemen.kz

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шынайы құралға айналды. Оның көмегімен өз кәсібіңді дамытумен қатар кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарыңды жасауға да болады. Бағдарлама республика аумағында кеңінен танымал болып отыр – ол беретін жаңа мүмкіндіктер туралы естіп, жергілікті қаржы институттарына қайта келіп жатқан адамдардың қатары күн санап көбейіп келеді. Ал, олардың ісіне жергілікті атқарушы органдар, облыстың кәсіпкерлік палатасы және басқа да құрылымдар «бағыт-бағдар» беріп отыр.

Миллиардтар – нақты іске

Жамбыл облысында бизнестің күрт дамығаны туралы айтуға болады. Сандар мен дәйектер осыны көрсетеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілдесі аралығында екінші деңгейлі банктер шағын бизнес субъектілеріне кредит ретінде 14,9 миллиард теңге берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе көп. Күрделі құнсыздану кезеңін бастан өткерген сектор мемлекет жасап отырған жағдайлардың арқасында қайта өсім көрсете бастады. Ресми мәліметтер бойынша аймақтағы жұмыс істейтін қатысушылардың саны 59,5 мыңға немесе 10,7 пайызға өскен! Бұл кәсіпкерлер қатарына жаңа жобалар арқылы табыс табумен қатар мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуға дайын жаңа кәсіпорындар мен адамдар қосылды деген сөз.

Нәтижесінде бүгінгі таңда шамамен 122 мың адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатыр. Олар барлық салықтық түсімдердің 35 пайызын қамтамасыз етуде. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ШОБ қатысушылары өндірген өнім, атқарған жұмыс пен көрсеткен қызмет көлемі 55 миллиард теңгені құрады. Ол облыстың жалпы аймақтық өнімінің 20 пайызын құрайды.

Сарапшылар мұндай өсімге елімізде бүгінгі таңда бизнесті дамытуға әртүрлі құралдардың, соның ішінде қаржылық емес қолдау шараларының көптігі арқасында қол жеткізілгеніне сенімді.

Көмекке – бизнес-карта

Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар ерекше рөл атқарып отыр. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Жамбыл облысында 897 жобаны қолдауға барлық құралдар бойынша 90 миллиард теңге шамасында қаржы бағытталды. Бұл еліміздегі үздік көрсеткіштердің бірі.

Жамбыл облысының кәсіпкерлік палатасы жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау көрсету сияқты құрал арқылы ғана бизнес-үдерістерді қолдау бойынша сегіз мамандандырылған қызмет түрін көрсетуде. Олар – бухгалтерлік және салықтық есептілікті жүргізу, кедендік процедуралар бойынша қызметтер, заңдық қызметтер көрсету, маркетинг мәселелері, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сатып алулармен байланысты қызметтер көрсету саласында кеңес беру және басқалар. Бұлардың қай-қайсысы да пәрменді, кәсіпкерлер арасында шынымен де сұранысқа ие құрал болып табылады.

Бизнеске сервистік қолдау Тараз қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында және аудандық деңгейдегі 11 қолдау орталығында көрсетіледі. Бұл қызметтердің тегін көрсетілетінін де атап айтқан жөн.

«Аталған бағдарламаның кеңінен танымалдығын кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің жылдық жоспары үстіміздегі жылдың 8 айының өзінде 172 пайызға орындалғанынан-ақ көруге болады. Егер өткен жылы осы кезеңде бизнестің 1740 қатысушысына 2429 қызмет көрсетілген болса, биыл 2300 қатысушыға үш мыңнан астам қызмет көрсетіліп отыр. Мәселен, 2016 жылдан бері 370 тұлғаға бизнесін ашуға, 400-ден астам кәсіпкерге рұқсат құжаттарын алуға, 104 қатысушыға 416 млн теңге қаржы алуға көмек көрсетілді», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан «Моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында ақпараттық қамтамасыз ету» бағыты да үлкен сұранысқа ие. Оның шеңберінде КҚО-да жеке тұлғалар мен ШОБ қатысушыларына кеңестер берілуде. Осы жылдың 8 айында 3046 адам қайырылып, оларға 16 мыңнан астам кеңес (ал, жылдық жоспар 9120 кеңесті құрайды) берілген. Ілеспе қолдау сатысында 323 жоба тұр, оның ішінде 109 жоба бойынша қаржыландыруға қатысты 1082,1 млн теңгеге оң шешімге қол жеткізілсе, 48 кәсіпкерге бизнесті жүргізу үшін рұқсат құжаттар алу бойынша көмек көрсетілген.

«Байзақ ауданындағы «Rola-Ян» БК ЖШС-ы КҚО қолдауымен 285 миллион теңге көлемінде займ алды. Сондай-ақ, Рысқұлов ауданындағы «Бай-Алғабас» ӘКК (113,7 млн теңге), Талас ауданындағы «Вкусная корзинка» ЖШС (70 млн теңге), Шу ауданындағы «Шу гуманитарлық колледжі» (32 млн теңге) т.б., кредит алуға қол жеткізді. Бүгінгі таңда бұл қатысушылардың барлығы жұмыс істеп жатыр және жергілікті нарықта белсенділік танытып келеді», – дейді Мәріпбек Шәкербек.

М. Ақан