ЭКСПО аймағы Қазақстанның қаржы орталығына айналады

ЭКСПО аймағы Қазақстанның қаржы орталығына айналады
Фото: nb.kz

Астана қаласындағы ЭКСПО аймағы жақын болашақта криптоаймаққа айналады. Бұл туралы "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.

Келімбетов мырза қаржы орталығының жоспарларымен бөлісіп, криптовалютаның болашағына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, әлемдегі орталық банктердің бірі криптовалютаны қаржы құралы ретінде пайдалануды бастаса, тағы бірі әзірге тестілеумен шектеліп отыр. Қазақстан да бұл мәселеге орай шетте қалып қойған жоқ.

Қайрат Келімбетов АҚШ пен Сингапур үкіметі криптовалюта негізінде құрылатын экономиканы қазіргі қаржы жүйесіне теңестіріп жатқанын айтады. Бұл идеяны Швейцария да мақұлдап жатса, Жапонияда электронды валютамен төлем жасау мүмкіндігі жолға қойылған.

"Елордамыздағы жаңа қаржы орталығы криптовалюта жүйесіне негізделмек. Ол үшін криптовалюта экономикасының қаржы тұрақтылығын сақтау ықтималдығын анықтауымыз керек",– дейді Қайрат Келімбетов.

АХҚО басқарушысының айтуынша, ЭКСПО аймағында криптовалюта жүйесіне сай қаржы және технологиялық кластерлер құрылады. Бұл Қазақстан экономикасының жаңа ДНҚ тармағын құруға негіз болмақ.

Келімбетов мырзаның айтуынша, ағымдағы жылдың желтоқсан айында "Астана" халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымы өтеді. Ол орталық аясында халықаралық виза орталығы да құрылмақ.

Ж. Өрісбай