Есептеуді бақылайтын құралдарды орнату мұнай саласын құлдыратады

Есептеуді бақылайтын құралдарды орнату мұнай саласын құлдыратады

6 қыркүйекте Астанадағы мұнай базасы мен автожанармай құю станциясында жиын өтті. Іс-шара Қазақстандағы мұнай өнімдерін өндіру, оны сақтау және өткізу нысандарында есептеуді бақылайтын құралды қою бағдарламасын жүзеге асырудағы түйткілді мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа мүшесі, Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Данияр Абылғазин, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, ҚР Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық бақылау департаменті Акциздерді әкімшіліктендіру басқармасының басшысы Дамир Нұрғалиев, «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем Қабжанов, Отын қауымдастығының төрағасы Болат Әуетаев қатысты.

Басқосу барысында автожанармай құю станциялары мен мұнай базаларында есептеуді бақылайтын құралды орнатудың мақсаттылығы талқыланып, қатысушылар аталған құралдарды тәжірибе жүзінде сынақтан өткізді. Бірінші нысан «Аурика» ЖШС мұнай базасы болды.

Данияр Абылғазин мұнай базасының бас директоры Дмитрий Кузовенкодан мұнай өнімінің базадан шығарылу барысын сипаттап, кемшілігін, жаңа жүйенің мақсаты неде екенін түсіндіріп беруді сұрады.

«Мұнай өнімдері темір жол құрамына кіргізіледі, сол жақтан тікелей резервуарға жеткізіліп, одан кейін автоцистерналарға құйылады. Салмағына қарай есептеледі. Есептеуді бақылайтын құралды енгізу деген жақсы идея, дегенмен бұл жүйе лайықты түрде жұмыс істемейтін болады. Үш тетікте айырмашылық орын алады: құйылғанда бір сан, зауыттан келгенде басқаша сан және цистернадан резервуарға құйыларда мүлдем басқа сан көрсетіліп, мәселе осыдан туындайды. Себебі резервуарларда пантондар бар, сондай-ақ резервуар құрылымында беткі қабатының өзгеруінде орын алатын «ойықтан» деңгей өлшеуішіндегі көрсеткіш дәл болмайды. Есептеуді бақылайтын құралда бұл жайт ескерілмейді, бұл мәселе қалай шешілетіні түсініксіз болып отыр», - деп түсіндірді Дмитрий Кузовенко.

«In Oil LTD KZ» ЖШС бас директорының орынбасары Юлия Жернакова тәжірибе жүзіндегі көрсете отырып, есептеуді бақылайтын құралды енгізудің техникалық және қаржылық тұрғысынан пайдасы төмен екенін түсіндірді. Оның айтуынша бұрынғы тәсіл жаңылыстырмайды әрі шағын автожанармай құю станциялары үшін қаржылық жағынан қолайлы.

«Ең бастысын атап көрсеткен жөн, бұл жаңалықты енгізе отырып әр литріне қосымша қаржылық үстеме салынады, яғни бензин бағасы қымбаттайды», - деп атап өтті Юлия Жернакова.

«Егер елордалық жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында осындай мәселе орын алса, онда өңірлердегі жеткізушілерге бұл жүйені қабылдау тіпті қиындай түседі деп ойлаймын», - деді Данияр Абылғазин.

Бизнес бұл мәселенің қаржылық жағына да алаңдаулы. Себебі есептеуді бақылайтын құралдарды орнату қымбат, шығынға ұшыратып, тіпті мұнай базалары мен шағын жағармай құю станцияларының жабылуына әкеледі.

«Шағын және орта бизнеске осы құралдарды орнатудан басқа да мәселе көп. Мына жүйені орнату шағын жанармай құю станцияларын жабуға итермелеуі мүмкін, олар мынадай соманы көтере алмайды», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.

«Қазақстан Отын қауымдастығы» ЗТБ ақпаратына сүйенсек, бір мұнай базасына аталған жүйені орнатуға (мысалы, 26 тік және 10 көлденең резервуар) кемінде 120 млн теңге керек, ал бір автожанармай құю станциясы үшін орташа алғанда 5 млн теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа нысанды қайта жобалау мен құрылыс жұмыстарына кететін уақыт пен жұмыс күшінің шығыны енгізілмеген. Сонымен қатар жүйені енгізгеннен кейін бизнес субъектілері есептеуді бақылайтын құралды орнату бойынша шығынды өтеуден бөлек, мәліметтер өткізу жүйесіне қызмет көрсету бойынша операциялық шығындарға қаражат бөлу керек болады («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ), оның өзі біршама соманы құрауы ықтимал.

«Бүгінде аталған құралдары орнату бағдарламасын жүзеге асырғанда қазынашылық органдар Қазақстандағы мұнай өнімдерінің айналымын толықтай бақылауды орнатудан басқа қандай мақсатты көздеп отырғандығы туралы мәлімет жоқ. Егер жосықсыз жеткізушілер болса - оларды тауып, жазалау керек, бірақ бизнеске қосымша қаржылық шығынмен салмақ салмау керек. Егер кәсіпкерлердің қандай да бір бөлігі ұрласа, барлығы бірдей ұрлайды деген сөз емес, қызметінде заң мен нормаларды сақтап отырғандардың қатары әлдеқайда көп», - деп атап өтті Комитет төрағасы Данияр Абылғазин.

«Атамекен» бұл мәселеде адал бизнесті қолдайды және бүгінде адал кәсіпкерлер жанар-жағар май материалдарының жеткізілуі туралы толық ақпараттың беріп отыр. Мемлекеттік органдар жасырынып жұмыс істеп отырғандармен күресу үшін бизнес-қоғамдастыққа есептеуді бақылайтын құралды орнату секілді жаппай салмақ түсіретін емес, басқа механизмдерді ойластыруы қажет», - деді Елдос Рамазанов.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар 2018 жылдың қаңтарынан бастап жоғарыда аталған мәселелермен қатар, мұнай өнімдерін жеткізуде де қиындық тууы мүмкін екенін алға тартты. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешкен жөн, не болмаса осы есептеуді бақылайтын құралдарды орнатудан мүлдем бас тартқан абзал екенін атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қауымдастықтар мен мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановпен бірге осы мәселені талқылайды деген шешім қабылданды.

Ж. Өрісбай