Жүрек қалауын жүзеге асырған жоба

Жүрек қалауын жүзеге асырған жоба

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге қызмет ету туралы ой қозғап, әрбір азаматты туған ауылына, шыққан өңіріне көңіл бөлуге ұмтылдырды.  Мемлекет басшысы мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өске ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. ...басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы керек. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» - деп тоқталып өткен.

Осы ретте Хан Тәңірінің етегінде дүниеге келіп, Сарыарқаның сайын даласында еңбек етіп жүрген маман Назым Әбілғазиеваның оқиғасы көңілге жылылық ұялатады.

Назым Әбілғазиева Алматы облысы Райымбек ауданына арада көп жыл өткен соң ғана барды. Дүйім жұрт Шәлкөде жайлауында ұлан-асыр тойда бас қосқан. Той тарқаған соң Назым бұрынғы Нарынқол ауданының орталығы болған Нарынқол ауылына барған.

«Нарынқол кезінде үлкен, қала типтес ауыл болған. Бірнеше мектеп, аурухана жұмыс істеді. Бірақ араға жылдар салып мүлдем басқа ауылға тап болдым. Күйі қашқан, тозығы жеткен ғимараттарды көріп жүрегім ауырды. Тойға барып, туыстарды көріп сағынышым басылғанымен, туған жердің жағдайын, ауыл халқының тұрмысын көзбен көрген соң көңілім алаңдаулы болып қайттым. Мемлекеттік қолдау шаралары бар, қаншама бағдарламалар қолға алынып жатыр, бірақ шалғайдағы аймаққа ақпарат жетпейтіндей көрінді».

Осылайша ой тарқатқан Назым Астанаға келген соң ізденіс үстінде болғанын жасырмады. Ауылдың жағдайына алаңдаған маман менеджерлермен, бизнес-тренерлермен бірге арнайы шара ұйымдастырып, дәрістер оқып, мемлекеттік қолдау туралы ақпарат беру керек деген шешімге келген. Тек кіммен ақылдасып, қалай жүзеге асыруды ойластырып жүргенде жаңа жоба «іздегенге – сұраған» болды.

«Мен ойланып жүргенде арада 3-4 ай өтіп кетті. Осы ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын «Бастау Бизнес» жобасы туралы ақпаратты кездейсоқ естідім. Бизнес-жаттықтырушыларды іріктеуден өткізетінін білген бойда өтініш білдірдім. Мамандығым – экономист, он бес жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Бизнес-жаттықтырушы ретінде тәжірибем жоқ еді, дегенмен менің ынтам мен жігерім іріктеуден сүріндірмеді. Отбасым бар. Ауылдың ахуалына жабығып қайтқан көңілім сергіп, көмек қолымды соза алатыныма сенім пайда болды. Сондықтан жолдасыма мән-жайды түсіндіріп, туған жерге септігім тию керектігін айтып, рұқсатын алдым. Осылайша жаңа жоба арқылы өз туған жеріме, ауыл-аймаққа аттандым».

Жұмысқа кіріскен Назым Әбілғазиева «Бастау Бизнес» жобасының алғашқы үш легінде жалпы 100 адамға білім берген. 12 модульден тұратын оқу бағдарламасында қаржылық сауаттылықты арттыру, маркетингтік зерттеу, есептеу секілді бірнеше салаларға қатысты ақпарат беріледі. Кеген ауылында оқытылып жатқан курсқа әкімдік, салық қызметі, санитарлық-эпидемологиялық қызмет өкілдері, сақтандыру компаниялары мен техникалық инвентаризация бюросының қызметкерлері сабаққа қатысып, білім алушылардың сауалдарына жауап береді.

«Алғашқы екі лекте 40 адамнан білім алса, үшінші лекте 20 адам қатысты. Қатысушылар санының азаюы ауыл тұрғындарының қызығушылығы төмен деген сөз емес. Дәл егін, шаруашылықтың қызған уақытында жұмыстарын тастап, сабаққа қатыса алмайды, сондықтан қазан-қараша айларынан бастап қатысамыз деп жоспарлағандар қатары едәуір. Тиісінше сабаққа қатысушылар жергілікті атқарушы органдардың, салық қызметі секілді көптеген мекемелердің өкілдерімен кездесті. Бұл қызметкерлерге де тиімді еді. Әр ауылдың өкілдеріне ереже мен тәртіпті түсіндіру арқылы көпшілікті қамти алды».

Білім алуға ниетті жандар аудан орталығы Кегенге күн сайын 100-150 шақырым жерден қатынаған. Бизнес-жаттықтырушы дәріс барысында ынтаны тек жеңілдетілген несиені алуға емес, қалаған істі бастауға аудару керектігіне назар аударған.

«Жеңілдетілген несиені ала салып, табысты кәсіп бастаймын деу қате. Алдымен аз қаражаттан, бәлкім өзінің жинаған ақшасын салып бастап көру керек. Ең бастысы көңіліне ұнайтын іспен айналысу. Мысалы, білім алушылардың қатарында бір тұрғын мал шаруашылығымен айналысуды жөн санады. Бұл саланы көпшілік айналысып отырған соң ғана таңдаған. Алайда отыз күн дәрістен кейін өзінің мамандығына қарай ойысып, жылыжай салуға шешім қабылдап, арнайы бизнес-жоба аәзірледік. Агрономдық білімі кәсіп ашуға септігін тигізді. Таяу арада қаржы бөлінді».

«Бастау Бизнес» жобасы ауылдағы жекелеген шаруа қожалықтарының бірігіп, кооператив құруына да сеп болып отыр. Бизнес жаттықтырушылар бірігіп жұмыс істеу арқылы субсидиялауға қол жеткізуге болатынын, өнімді арттыру, өткізу мүмкіндігі кеңейетіндігін түсіндіріп отырады.

«Бізде сабақ интерактивті форматта өтеді. Слайдтар көрсетіп, жеке бизнесті қалай жүргізу керектігін нақты мысалдармен түсіндіреміз. Әсіресе ауыл шаруашылығы кооперациясына көңіл бөлінеді. Бүгінде бұл тақырыптың маңызы зор. Ауыл тұрғындары «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстаныммен бірігуге қорқады. Әр адамның өз малы өзінде қалады, басқа бір адамның атына жазудың қажеті жоқ екенін түсіндіріп келемін. Нәтижесінде кооперативке бірігуге ынталары оянды. Ауылды қолдауға мемлекеттік шаралар қабылданып жатыр. Сондықтан ақпарат уақытында жетуі керек».

Туған жерге барып, тұрғындардың сапалы ақпарат алуына, қаржылық сауатының артуына үлес қосуға талпынған Назым Әбілғазиева алыстағы ағайынға ақпараттық қолдау жетпейтіндігіне анық көз жеткізгенін жасырмады. Кәсібі бар, тіршіліктің көзін біледі, тек ақпарат беріп, өнімді қайда өткізу, қалай жеткізу керектігін үйрету керек. Бизнес тек алып-сату емес, шығынды, өнімнің өзіндің құнын есептеп үйренулері керек, осы ретте «Бастау Бизнес» жобасы мен жалпы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шалғай аймақтардың мәселесін шешуге арналған.

Ө. Сансызбай