Ауыл шаруашылығындағы кооперациялық қозғалыс не береді?

Ауыл шаруашылығындағы кооперациялық қозғалыс не береді?
Фото: Атамекен

Соңғы жылдары еліміздің экономикалық дамуында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Атап айтқанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау шаралары артты, әсіресе ауылдық жердегі кәсіпкерлерге назар аударылып отыр.

Өңірдегі экономикалық ахуалды жетілдірудің бір тәсілі бағыты ретінде кооперациялық қозғалыс қолға алынған. Алдымен кооперация дегеніміз не деген сауалға жауап беріп көрелік.

Түсіндірме дереккөздерге жүгінсек, кооперация – бұл еңбекті ұйымдастырудың бір формасы, онда бірнеше адамдар немесе кәсіпорындар бірлесіп ортақ еңбек, өндірістік үдеріске қатысады. Кооперацияның мүшелері – мүдделі тараптар, яғни көзделген мақсат, нәтиже, мүдде бір, табыс – ортақ.

Жалпы кооперация үш негізгі қағидатқа негізделеді: еріктілік, дербес құқықтылық және еңбекті бөлу арқылы мүлікті жұмыла жүзеге асыру. 

Бастау – ынтымақ ұйымнан

Ерте заманда діни общиналар, қолөнершілер ұжымы, тұз өндіру серіктестері, артельдер, адам жерлеу ұйымдары болған. Орта ғасырларда қолөнершілер ұйымдары, ауыл шаруаларының общиналары, саударгерлер гильдиясы, тіпті несие беретін қауымдастықтар да болған. Бұл бірлестіктерде коопарцияның алғашқы белгілері болған. Жалпы қоғамда бірігіп жұмыс істеу, пайда табу тиімді болған.

Ал феодализм ыдырап, капитализм ене бастағанда нағыз кооперациялар дәуірі туды. Олар биліктің шектеуіне қарамастан құрыла бастады. Қолөнершілер, шаруалар, жұмысшылардың ұжымдары жартылау коопарациялық сипатқа ие болды.

Демек, ерте заманнан-ақ адамзат баласы бірігу арқылы мақсатқа тезірек жетуге болатынын білді. Соған талпынды.

Әлемдегі бірліктің көріністері

Қоғамда кооперациядағы бағыт ескінің сарқыны, өткен күн деп есептейтіндер бар. Олардың пайымдауынша кооперациямен көп жетістікке жетпейсің, әркім өзіне өзі жекелей жұмыс істеу керек. Алайда әлемдегі көрініс бізге басқа тенденцияны байқатып отыр. Дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік кооперациялық қозғалыс бар, дамуы мен стратегиясы айқын.

Канада – кооперативтік экономикасы жақсы дамыған мемлекеттердің бірі. Бұл мемлекетте құрамында 2,1 млн адам қызмет ететін 7 мыңнан астам кооператив бар. Бұл дегеніміз 12 млн канадалық бір коопартивтің мүшесі болып отыр.

Канадада кооперативтік қозғалыста негізінен ауыл шаруашылығы, несиелік, сақтандыру, сондай-ақ тұтынушылық кооперативтердің жүйелері жұмылған. Демек, кооперация үшін ауыл шаруашылығы анағұрлым тиімді келеді.

Канадада тұтынушылық кооперациялар өткен ғасырдың 50-жылдары тез дами бастады да, жеке сектормен бәсекелестікке түсті.

Солтүстік Америкадағы ірі кооперациялардың бірі «Бритиш Канадиан» сауда нырығын 1980 жылы жаулап алды. Ал Калгари атты кооператив жергілікті нарық ауқымының 40%-ын алып отыр. Канаданың батысында 360 қоғамдастықтан тұратын көтерме саудамен айналысатын «Федаралды кооперативтер» деген қуатты ұйым жұмыс істейді. Оның қаражат айналымы 2 млн АҚШ долларын құрап отыр. Кооператив филиалдарының бірі сонау 1988 жылы ауыр игерілетін мұнайды тазалау зауытын ашады, бұл ірі әрі сәтті жоба болды. Егер компанияның кооперативтік әлеуеті болмағанда мұндай жобаны қолға алмас еді.

Жапонияда кооперация бағытында ұзақмерзімді мемлекеттік аграрлық саясат әзірленген. Бұл мемлекетте ауыл шаруашылығы мен азық-түлік нарығы әлем бойынша жақсы субсидияланады. Ауыл шаурашылығын қолдау деңгейі мемлекеттік бюджет және бағалық механизм арқылы айтарлықтай артқан. Жапонияның кооперациялық бағыты әртарапты. Мемлекет деңгейінде Жалпыжапондық ауыл шаруашылығы кооперативтері федерациясы (Дзенно) құрылған. Оны Орталық кеңес басқарады. Осы деңгейде сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығына арналған Орталық кооператив банкі бар.

Кооперациялардың қызметі әр түрлі: өнімді жинау мен өткізу, өндірістік материлдарды сатып алу мен сату, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен және өткізумен айналысатын кәсіпорындарды салу мен басқару, банк және сақтандыру операциялары – қаражаттарды сақтауға қабылдау және несие беру, өмірді түрлі аурулардан сақтандыру, ауыл шаруашылығын жүргізу мен техниканы жөндеуде кеңес беру салалары.

Германияда бүгінде әр бесінші неміс кооперация мүшесі болып отыр немесе кооперациямен белгілі бір іскерлік қатынасы бар. Бұл елде жұмысшылар, қызметкерлер, шенеуніктер, фермерлер мен зейнеткерлер кооперацияларға мүше бола алады.

Германия кооперативтері аграрлық сектордағы орта кәсіпорындарды қамтиды. Кооперативтің негізгі мақсаты кәсіпкерлік қызметтің осы немесе басқа салаларында экономикалық жетістікке жету және кооператив мүшелері қызметін жетілдіруге жәрдемдесу, сондай-ақ, олардың мүшелеріне қолдау көрсету мүмкіндігін ұзақ уақыт бойы сақтап қалу мақсатында олардың шаруашылықтарының мүдделерін қорғау.

Германияның кооперациялық жүйесі үш деңгейлі. Бірінші немесе жергілікті деңгейде ауыл шаруашылығы өнімдер, екінші мен қызмет көрсету, үшінші несиелік, өндірістік кооперативтері тұр.

Барлық неміс кооперацияларында айтарлықтай өзгерістер байқалған. Кооперациялар жағдайларын нығайту мақсатында бәсекелестікке қабілетті болу үшін қажет жерде кооперациялардың бірлестіктер мен одақтарды құрылды. Осының арқасында рационализаторлық мүмкіндіктер кеңейтілді, шығындар азайып, кооперативтердің өнімділігі едәуір өсті. Егер 1950 жылдары Германия коопиративтерінің саны 26 мың бірлікті құраса, біріктіру саясатының арқасында олардың саны 7027 мыңға жеткен.

Береке – бірлікте

Естеріңізге салсақ, 2016 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында кооперацияларды біріктіру жаппай қолға алынған болатын. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлық кооперацияны дамыту жөніндегі Бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде ұйымдастыру-түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Бір-екі ірі қара мен бірнеше гектар жері бар шағын шаруа қожалықтарына жалқы жүргенше жалпы әрекет анағұрлым тиімді екенін түсіндіру оңай болған жоқ. Әркім өзінің меншігіне өзі бас болғысы келеді. Алайда, бірігудің тиімділігі мен ауыл шаруашылығына деген жеңілдіктер мен қолдау өңірдегі шаруаларды қызықтырды. Мәселен, бір шаруа қожалығында 1 дана трактор техникасы бар делік, екінші қожалықта жүк көлігі бар болса, келесі біреуде комбайн бар, ал тағы бірнеше қожалықта мал басын кеңейтуге ыңғайлы үлкен қоралар бар, бірақ шөп жинауға техника жоқ. Осындай жағдайда ауылдастар күштерін біріктіріп, шаруашылықты тиімді ете алады.

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдері кеңес биыл әйелдер кооперациясын қолға алмақ. Қыз-келіншектердің кооперациядағы негізгі бағыты – агроөнеркәсіп кешені.

«Облыстарда кооперациялық қозғалысты дамыту үшін мемлекет белгілі бір деңгейде KPI қойды. Біз назарымызды Агроөнеркәсіп кешеніне бұрып отырмыз. Кооперацияның мүмкіндігі орасан. Жалпы әлемдік кооперциялық қозғалысқа 700 млн адам жұмылдырылған. Сервис саласында дамыған инфрақұрылым жайында айтатын болсақ, мәселен Италия, Франция мемлекеттерінде мұны кооперация орындап отырғанын естен шығармау керек. Бұл үдеріс жергілікті атқарушы органдары үшін тиімді, өйткені кәсіпкерлік қоғамдастық осы бағыт үшін жауапкершілікті көтеріп, оның ынтымақпен атқарып келеді», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

2017 жылы іскер әйелдердің бастамасымен Маңғыстау облысында  «Сәнгерлер қауымдастығы» мен «Интерьер және декоратор дизайнерлер», «Кондитерлер гильдиясы» құрылған.   Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен жалпы білі беру орталығы қауымдастығын құру көзделген. Демек ауыл шаруашылғы кооперацияларындағы бірігу осындай пәрменде жүреді.

Сөз соңында... заманауи әлемдік практика мен отандық тәжірибе ауыл шаруашылықты кооперациялардың артықшылықтарын пайдалану арқылы дамыту оңтайлы екенін көрсетуде. Осы жайт аталған жұмыстың өзектілігін айқындады. Демек, ауыл шаруашылығы кооперациясы жүйесін дамыту – әлеуметтік, саяси әрі экономикалық маңызды мәселе.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек» делінген. Бұл бағытта кооперациялық қозғалыс қолға алынып отыр.

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы экономикалық күрделі жағдай аграрлық сектордағы бір де бір сала жалқы дами алмайтынын көрсетіп отыр. Осыған байланысты АӨК саласын кооперациялар мен интеграциялық тетіктер арқылы тұрақты деңгейге шығара алмақ.болжам бойынша 2021 жылға қарай 500 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, 1500 ауыл шаруашылығы кооперациялары құрылуы тиіс.

Мұның нәтижесінде, фермерлерді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге біріктіре отырып, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген. Осы бағытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП белсенді жұмыс атқарып келеді.

Әлия Кемелбекова

А. Оралқызы