Түйе үстінде түнеген қыз

Түйе үстінде түнеген қыз
Фото: massaget.kz

…Жастық шағы жайлы әңгіме айта бастаса-ақ анамның өңі жадырап, тіпті әдеміленіп кетеді. Бірақ, соңынан «Сол әулеттен бір еркек кіндік қалмады-ау» деп әңгіме соңынан көз жасын сығып, кемсеңдеп алатыны қиын. Анамның төркіні – кезінде Жезқазғанның Қарсақпайында тұрған тоқтауылдар. Заманында «Қарсақпайдың Нарбайы» атанған түп нағашымыз дәулетті кісі болыпты. Нарбайдан Есім, Досым, Қасым атты үш ұл туады. Үшеуі де жаңа оқуды жедел меңгеріп, сәбеттің қызметіне ерте араласыпты. Бірақ, отызыншы жылдардың аяғына таман сол дәурендеп тұрған әулеттің аз уақытта тоз-тозы шығады. Алдымен Досым «халық жауы» атанып, атылып кетеді. Ағайындары қудалауға түседі. Қарсақпайда зауыт пен тігін фабрикасы болған. Еті тірі Қасым әлгі зауыт-фабрикаға сол төңіректен «қара жұмысқа» айдалғандардың басшысы қызметінде жүреді. Ақыры қудалауға шыдамаған мұғалім Есім жұрттың алдымен өзі сұранып соғысқа кетіп, артынша қара қағаз келген. Сөйтіп, қос бауырынан айырылған Қасым анамның бір жасында көпе-көрнеу құсадан өледі. Досым, Есімнен тұқым қалмаған. 1943 жылы елу жасында бақилық болған Қасымнан Беген атты (азан шақырып қойған аты – Бекарыстан) жалғыз ұл бес жасында жетім қалады. Беген-Бекарыстан есейе келе алдымен партия қызметіне араласып, кейіннен ұзақ жыл мектеп мұғалімі болды. Бегеннен бірнеше қыз қалған. Анам Маржан Қасымның кенже қызы.

Содан «Жалғыз тұяқты қалай аман сақтаймыз» деп жанталасқан Қасымның әйелі Фатима мен Есімнің жесірі Жәмила екеуі тәуекелмен Атбасарға ауа көшеді. Бұл соғыс аяқталған кез. Сондағы бейнетті қараңыз. Қасымның аяғы бастырмай қалған апасы мен сал ауруға шалдыққан қарындасы бар, шиеттей бес қыз бен бір ұлды өгіз арбаға тиеп, екі әйел қыс ішінде көшкен. Қолдарында Есімнен келген «қара қағаз» бар. Атбасарға жеткен бойда екеуі алты балаға да, өздеріне де «Уәлиев» деп жаңа құжат алады (Соғыста қаза тапқан Есім Нарбайдың бауыры Уәлидің атына жазылған екен). Құжаттарын Уәлиевке ауыстырғаны бір жағынан сақтық. «Халық жауы» атанған Досым Нарбаевтың туыстары екенін жасыру. Екіншіден, қалалы жерде соғыста өлген солдаттың отбасына берілетін аз-маз көмекті алып тұру. Көп өтпей Қасымның үлкен қызы Жәкен әлдекімдердің жәрдемімен мектепке мұғалімдікке орналасады. Содан арада үш-төрт жыл өткенде екінші қыз Қапен де оқуда үздік болып, мектеп пен мұғалімдік оқуды қатар бітіреді. Ол жылдар мектептерге оқытушы жетіспей жатқан шақ. «Қайтсең де барасың» деп міндеттеумен оған Атбасарға қарасты Тілекей атты алыс ауылға жолдама береді. Сөйтіп «Жалғыз қызды жат жерге жалғыз жібермейміз» деп енді Фатима мен Жәмила екеуі қиян шеттегі әлгі ауылға қотарыла көшеді. Сөйтіп, анамыз Маржан-Мәйкеннің балалық шағы осы ауылда өткен. Ал, Тілекей мен біздің Жалмаңқұлақтың арасы тиіп тұрған жер.

Жасы сексенге аяқ басқан анам кейде сөзін балалық шақтағы қызықты оқиғалармен бастап алып, соңын осындай әңгімелермен аяқтайтын. Бұл да талай қазақтың шаңырағы тартқан бейнетті жылдардың бір көрінісі. Ал, анамның түйе үстіне түнеген әңгімесі мынау.
«Біз көшіп келген жылдары Тілекейде түйе көп. Әсіресе, «Ақшелек» атты жырық танау бір жуас түйе бар. Өте есті мал еді. Күндіз күйіс қайырып ауыл ортасында шөгіп жатады да қояды. Қажет кезінде әркім жұмысқа жетелеп кете береді. Босатса болды сол орнына барып жайғасады. Күн жарықта жайылып кетіп қалу жоқ. Тек күн бата ғана орнынан тұрып, далаға беттейді. Содан таң ата қайтып келіп, ауыл ортасында шөгіп жатады. Біз баламыз ғой, әлгі «Ақшелекке» маза бермейміз. Үстіне мініп ойнағанымызға қыңқ етпейді. Ал, басынан сипалап, құлағынан тартып, түртпектеп тым мазалай берсек бетімізге «былш» еткізіп түкіріп, үсті-басымызды ақкөбік қылатын.

Жаздың кезі еді. Бірде дәл қызыліңірде қасымда Мағзия атты құрбы қыз бар, екеуміз әлгі «Ақшелектің» қос өркешінің ортасына мініп алып, қызықтап ойнап отырғанбыз. Бір кезде түйесі түскірдің жатқан орнынан шапшаң тұрып, айдалаға тұра тартқаны. Секіріп түсуге қорқамыз. Шырқырап жылағанымызды ешкім естір емес. Сөйтіп, түйе үстінде шырылдап жылап кете бердік. Сәлден соң-ақ тас қараңғы түн болды. Бір жақсысы, екеуміз ғой. Біраздан соң жылағанды тоқтатып, қайта бір-бірімізге «Әйтеуір, құлап қалмайық. Ақшелек таңертең қайтсе де ауылға барады ғой» деп бір-бірімізді жұбатып қоямыз. Өзі сондай жүрдек болар ма? Жайылымға жеткенше бір тоқтаған жоқ. Үстіндегі бізді елең қылмай түнімен жайбарақат жайылды. Таң қылаң бергенде көлге қарай тартты. Асықпай суға қанды. Төңірекке әбден жарық түскенде ғана желе жортып ауылды бетке алды. Алыстан ауылдың қарасын көріп қуанып келеміз. Таяу келгенде көрдік, ауыл сыртынан бұрқыраған түтіндер көрінді. Сөйтсек, екі кештің арасында жоқ болып кеткен бізді іздеп, шешелеріміз зар жылайды ғой. Содан бүкіл ауыл аяқтарынан тік тұрып, түнімен аяқ жетер жердің бәрін кезіп шыққан. Ауыл сыртындағы дөңестер үстіне лаулатып от жаққан. Таң атқанша ұйқы көрмей сарсылып тұрған беттерінде Ақшелектің үстіндегі қылқиып отырған бізді көреді ғой. Аман-есен табылғанымызға шешелеріміз боздап жылап қуанып, былайғы жұрт ішек-сілелері қата күліп, бізді түйеден түсіріп алды. Сөйтіп, кішкене кезімізде түйе үстінде бір түнегеніміз бар. Әлгі Есілбайқызы Мағзия құрбыммен осы күні де телепонмен сөйлесіп тұрамын. Түйеге мініп «ойнағанымызды» ол да ұмытпапты» деп анам жымия күледі.
Он үш құрсақ көтеріп, он баласының шаңырақ көтергенін, отызға жуық немере-жиендерінің ержеткенін көріп, барлығына «Аллаға шүкір» айтып отыратын анамнан естіген әңгімелердің бірі осы.

elanasy.kz

@. @assel_assanova